Бұған дейін індет көрсеткіші бойынша еліміздің аумағында «қызыл аймақта» бірнеше апта бойы жалғыз қалған Павлодар облысы қазір «сары аймаққа» өтті. Бірақ Ақсу қаласы, Железин, Аққулы, Ақтоғай, Шарбақты және басқа да аудандар әлі де «қызыл аймақ» құрсауында.
Өңірдің «сары аймаққа» өтуіне орай карантин шаралары жеңілдетілді. Қазір Баянауыл, Май және Тереңкөл аудандары «жасыл аймақта» болса, Павлодар, Екібастұз қалалары мен Ертіс және Успен аудандары – «сары аймақта». Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, карантиндік шектеулерге бірқатар өзгеріс енгізілді. Департамент мамандары тұрғындарға санитарлық талапты сақтап, медициналық бетперде кию керегін, 65 жастан асқан адамдардың үйде отыруларын ескертуде.
– Өңірдің «сары аймаққа» өтуіне байланысты карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді. Бірақ наурыз айындағы мереке күндері тұрғындардан санитарлық талаптарды сақтауын өтінеміз, – деді Б.Әлиев өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген онлайн баспасөз-конференциясында.
Облыстың бас санитар дәрігерінің №4 жаңа қаулысына сәйкес, кинотеатрлар жұмысына рұқсат берілгенімен, залдардың толымдылығы 20 пайыздан аспауы тиіс. Осы жағдайға байланысты бұған дейінгі шектеу шаралары жеңілдетілді. Сауда орындары ашылды.
– Мәдени нысандардың қызметіне рұқсат беріледі. Дайындық шараларына қатысатын адамдардың саны 30 пайыздан аспауы тиіс. Кітапхана, музейлердің ашылуына рұқсат берілді. Кинотеатр мен театрдағы келушілер саны 20 пайыздан аспауы керек, – деді Б.Әлиев.
Сонымен қатар аптаның барлық күнінде облыс орталығындағы қоғамдық көліктер, қалааралық, ауданаралық автобустар жолға шығатын болды. Өңірдегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпошта» АҚ бөлімдері жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін және сенбі күні 9:00-ден 14:00-ге дейін істейді. Қоғамдық тамақтану орындары барлық күні таңғы сағат 7:00-ден түнгі сағат 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Келушілер саны 50 пайыздан аспауы керек. Мұз айдындары, сауна, монша қызметі де іске қосылды.
Бұған дейін облыста 15 787 адамнан індет анықталса, 14 450 науқас жазылып шыққан, 107 адам көз жұмды. Ал жыл басынан бері 6 656 адам індет жұқтырған. Өткен тәулікте облыста 82 адамның індет жұқтырғаны анықталса, барлығы – 17 617 (+82).
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының мәлімдеуінше, 1 наурыздан бастап 5-9 сынып оқушыларына мектепке келіп сабақ оқуға мүмкіндік берілді.
– Қазір 500 баладан астам контингенті бар 238 қала және ауыл мектептері дәстүрлі форматта оқытуды бастайды, – дейді Д.Болатханұлы. – Әрбір сыныпта 15 баладан артық топ жинауға тыйым салынады. 19 мыңнан астам оқушы дәстүрлі оқуға кіріссе, 199 мектептегі 40 мыңнан астамы оқуын қашықтан жалғастырады. Мектептен оқу үшін арнайы анықтамалардың қажеті жоқ.
Басқарманың қосымша мәліметінше, 11-сынып оқушылары үшінші тоқсаннан, ал 9-сынып оқушылары 1 наурыздан бастап аралас оқу жүйесі бойынша білім алуда. Сонымен қатар 1 наурыздан бастап жоғары оқу орындарында білім алатын 2 432 1-курс студенттері дәстүрлі форматқа көшіріледі. Бұл студенттердің 40 пайызын құрайды. Қалған студенттер қашықтан оқи береді.
Павлодар облысы