• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Наурыз, 2021

«Сарыарқа самалының» алғашқы редакторы белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев болған еді

605 рет
көрсетілді

2019 жылы өзінің 90 жылдығын қарсы алған Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» («Қызыл ту») газетінің тарихында есімі айрықша құрметпен аталатын бірден-бір тұлға – Бейсенбай Кенжебаев. Ол 1929 жылы 15 ақпанда алғашқы нөмірі жарыққа шыққан округтік газеттің тұңғыш редакторы болып бекітілді. Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы әуелде Павлодар жеріне партия комитетінің жолдамасы және тапсырмасымен келгені анық. Ол өзіне жүктелген жауапкершілікті аз уақытта ойдағыдай атқарып шықты. Округтік «Кеңес туы» газетін аяғынан тұрғызып кетті. Бүгінде аталған басылым облыстық газет мәртебесін алған. Бұл редакциядан қазақ халқына белгілі бірталай ақын-жазушы қанат қағып шықты.

«Кеңес туы» қалай ашылды?

1928 жылы байтақ елімізде маңызды әкімшілік реформалар жүргізіліп, губерния, уезд, болыстықтар жойылып, орындарына облыс, округ, аудандар құрылады. 1928 жылы 15 тамызда бұ­рын Семей губерниясына қарап келген Павлодар уезі жеке округ мәртебесіне ие болады. 9 ауданның басын қосқан округтің жұртшылығына партия мен өкіметтің талап-тілектерін насихаттау мақсаты қойылып, баспасөздің қажеттігі туындайды. Осылайша, 1928 жылдың 21 желтоқсанында Павлодар округтік партия комитеті орыс және қазақ тілінде газетер шығару туралы қаулы алады. Орыс тілінде шығатын газет «Советская деревня» деп аталады да, қазақ тіліндегі газеттің атауы «Кеңес туы» болып бекі­тіледі. «Кеңес туының» алғашқы нөмірі 1929 жылдың 15 ақпанында жарық көреді.

Әрине, алдымен оны ұйымдастыру бойынша іргелі міндеттер тұрды. «Кеңес туы» газетінің жұмысын нығайтуға көр­некті партия, совет қызметкерлері жібе­рілді. Газеттің алғашқы нөмірінің жарық көруіне, содан кейінгі жылдары округтік партия комитетінің бюро мүшесі болған Әмірғали Епмағанбетов, округтік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің мең­­герушісі Кәрім Әжібековтер зор кө­­мек көрсеткен. Кейіннен бұл азаматтар газет жұмысына белсене араласып, жылдар бойы редакция алқасының тұ­рақты мүшесі болады. Газет сол кезде жүр­гізілген саясатқа сәйкес партия алға қой­ған келелі міндеттерді ша­­руа­ларға өз тілінде кең жеткізіп, оның айбынды үгітшісі бола білген. «Ке­ңес туы» га­зетінде редактор болған кез­дерін, басы­лымды шығаруда кездескен қиын­шы­лықтарды газеттің тұңғыш редакторы Бей­сенбай Кенжебаев кейін былайша еске алады:

«Бұрын ешқандай негізі болмаған газетті шығару, қарапайым тілмен айт­қанда, инемен құдық қазғандай бол­ды. Газет араб әрпімен шығатын бол­ды. Бірақ араб әрпінің өзі де атымен жоқ болатын. Ал табыла қалған күн­де тере қоятын әріп теруші де болмай­тын. Округтік партия және кеңес атқа­ру комитеттерімен келісіп, белгілі мөл­шерде әріп сатып әкелу үшін Қазан қаласына арнаулы адам жібердік. Ол кісі бұған дейін Қызылорда қаласында баспаханада істеген, азды-көпті тәжірибесі бар Сабыр Шәріпов деген татар жігіті болатын (Белгілі революционер С.Шәріпов емес). Сөйтіп арада үш ай өткенде Қазан баспаханасынан газет шығаруға жететін әріп пен баспахана жабдықтарын алдық та, іске кірістік.

Газеттің бірінші нөмірін шығаруға ок­ругтік партия комитетінің бірінші сек­ретарі П.В.Жигарев адам айтқысыз кө­мек көрсетті. Баспахана жұмысын тәр­тіпке келтіруге, газет және баспахана қыз­меткерлерін іріктеп алуға тікелей өзі кө­мектесіп, қамқорлық жасады. Соны­мен «Кеңес туының» бірінші нөмірін Әмірғали, Кәрім үшеуіміз қол қойып шығарған едік», дейді.

Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сарыарқа самалы» газетінің ардагері Төлеубек Қоңыров естелігінде жазып өткендей, «Б.Кенжебаев бұл өңір­ге партия жолдамасымен келген, мұны ойда­ғыдай орындағаны белгілі. Мәскеуде оқуы­на қайта жол ашылды. Мұнда әде­биет институтын оқып тауысқан соң рес­пуб­ликаға оралып, ғылымға бет бұрды».

Осылайша, Бейсенбай Кенжебаев Павлодар өңірінде тұңғыш қазақ газе­тінің қалыптасып, халық игілігіне қыз­мет етуіне мол еңбек сіңірген тұлға ре­тінде облыс тарихында қалды.

 

Жеке деректері «сөйлейді»

Қазіргі «Сарыарқа самалы» («Saryarqa samaly») газетінің атасы – «Кеңес туы» газетінің тұңғыш редакторы Бейсенбай Кенжебаев Павлодар өңіріне қызметке келгенде 25 жаста екен. Бұл туралы Павлодар облыстық мемлекеттік архивінен газеттің 90 жыл­дығына орай арнайы сұрастырып ізде­генде біршама дерек шықты.

Солардың бірі – 1929 жылғы 8 қаң­­тарда берілген 2031-нөмірлі Бүкіл­одақ-­ тық коммунистік партиясы Қазақ өлкелік комитетінің газет жұмысына жіберу туралы іссапар куәлігінің көшірмесі. Айтпақшы, округтік партия комитеті 1929 жылы 3 қаңтардағы, жаңа жылдағы қызметін газеттердің редакциясын жа­сақтау, типографиясын ұйымдастыру ту­ралы мәселелерді қараудан бастапты. Яғни халық ағарту ісінің маңызды кезеңі жүр­гізіліп жатқан сәтте Б.Кенжебаев біздің өңірге жолдамамен жіберілген болып шығады.

1929 жылғы 28 наурызда партияның Павлодар округтік комитетінің есеп бөлімі коммунистік курстық оқулардан өткен, жеке парақшалары толтырылған қызметкерлердің тізімін жариялайды. Онда Б.Кенжебаев Москвада КУТВ-да 3 жыл оқыған, Павлодарда «Кеңес туы» газетінде редактор болып қызмет етеді деп жазылған.

Міне, қолымызда газет қызметкер­лерін есепке алуға арналған анкета көшірмесі. Толтырушы – Бейсенбай Кенжебаев. Өзінің қолымен жазыл­ғандай, «лауазымы – газеттің жауапты редакторы, жұмысқа кіріскен күні 20.01.1929 жыл. Коммунистік партия мүшесі, 1904 жылы туған, ұлты қазақ». Осы құжатта Сталин атындағы К.У.Т.В. оқу орнында 3 жыл оқып, 1925 жылы аяқтап шыққаны көрсетілген. Баспасөз саласындағы тәжірибесін де анықтап жазған: «1925 жылдан бастап 1929 жылға дейін Қызылорда облысында «Жас қайрат» атты газеттің және «Ле­нин­шіл жас» журналында жауапты редак­тор орынбасары,«Еңбекші қазақ» газетінде партия бөлімінің меңгерушісі қыз­меттерін атқарған». Анкетаның «басқа салалардағы тәжірибелік еңбек өтілі» деген бөлімінде былай деп жазылған: «1916-1919 жылдар аралығында Түркіс­танда жеке байдың қолында (батрак) жалданып, 1919 жылы Ташкентте жеке­меншік мақта шаруашылығында жұмыс істеген. Кейін 1921 жылы совпартшко­лада курсант, сол жылдың аяғынан бас­тап Сталин атындағы КомВуз бөлім­ше­сі­нің студенті болған. 1922-1925 жылдар аралығында 3 жыл бойы Москвада «Сталин» КомВузында студент болып оқыған».

Анкетадағы мәліметтер қолмен жа­зылған, оны Б.Кенжебаев өзі толтырған болуы да мүмкін. Құжаттың соңғы бөлімінде қызметкерге баға берілген. Баспа машинкасымен терілген жазбада былай деп жазылған: «Кенжибаев Бейсенбай в ВКП (б) с 1927 года. Казак, служащий, общее образование незаконченное среднее. Окончил коммунистический университет имени Сталина. С 1925 года работает на газетной работе в качестве заместителя и ответ.редактора газеты. В Павлодарской организации работает с января отвественным редактором газеты «Кенес туы» с работой справляется, в общественно-политически вопросах ориентирутся вполне. В силу неумения сочетать теоретической подготовки с практикой – в период проведения хозяйственно-политической кампании было допущено к отпечатыванию ряд статей носящий явно правый оппортунистический характер. Работать отвественным редактором может только при помощи редколлегии и руководства парткомитета».

Бұл тарихи құжаттардан аңғараты­нымыз, Кеңес өкіметі кезінде баспасөз атаулы партия комитетінің қатаң қадаға­лауында болғаны. Жауапты редактор ретінде қызмет ете тұра Бейсенбай Кен­же­баев сырттан қырағы көздердің бақы­­лауында болды. Оның нақты қан­дай бір­неше «сәйкес келмейтін» мақала­ларды жариялағаны бізге белгісіз. Жалпы, «Сарыарқа самалы» редакциясы 90 жылдығына орай мемлекеттік архивтен құжат көшірмелеріне сұрау салғанда, бірнеше басшы қызметкерлердің анке­та­лары, т.б. анықтамалары табыл­ды. Олардың барлығы осындай ерекше «мінездемемен» аяқталған, әйтеуір сақталған. Басшылардың партия коми­тетінде есепке тұруы олардың құжаты кейін архивте бөлек мәртебемен сақта­луына себеп болған секілді.

Біздің білетініміз – Бейсенбай Кенже­баев Павлодар округтік «Кеңес туы» газетінің тұңғыш редакторы болып 1929 жылдың 20 қаңтарынан бастап 1930 жылға дейін қызмет етті. Одан кейін газет басшылығына Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, қазақ әдебиетінің аға буын санатындағы көрнекті өкілі, ақын Ғалым Малдыбаев редактор болып тағайындалды. Ол осы қызметті 1933 жылға дейін атқарды. Айтпақшы, газет 1930 жылдан бастап атауын заман талабына қарай «Колхоз» деп өзгерткен болатын. Ғ.Малдыбаев Бейсенбай Кенже­баев бастаған игі істі одан әрі жал­ғастырды.

 

Ол қандай редактор еді?

Өкінішке қарай, Бейсенбай Кенже­баевтың редакторлық жұмысы туралы мәліметтер аздау. Бұған бір себеп Павлодар өңіріндегі аз уақыттық қызметі майталман ғалым, қазақ әдебиетінің білгірі Бейсенбай Кенжебаевтың бай ғұмырбаянының бір үзік кезеңі ғана болғанынан шығар. Десе де, оның Ер­тіс-Баян өңірінде қызмет еткені туралы дерек – жергілікті жұртшылық, баспасөз өкілдері үшін ерекше маңызды. Сондықтан әр уақытта айтылған, жаңа­дан қол жеткен там-тұм деректердің өзін жи­нақтап, басын қосып, оқырманға ұқсатып жеткізу – бүгінгі парызымыз.

Б.Кенжебаев туралы тұшымды есте­лік қалдырғандардың бірі ғана емес, бірегейі – Павлодар мемлекеттік педаго­гикалық институтының (қазіргі университет) қазақ тілі және әдебиеті кафед­расының меңгерушісі болған профессор Ермек Өтебаев. Ол өзінің «Тұңғыш редактор туралы сыр» атты мақаласында былай деп еске алады (1999 жылы жа­зылған):

«Өмір маған қырық жылдан астам уақыт ғалым, ұстаз, журналист Бейсен­бай Кенжебаевпен көңілдес дос, пікірлес жолдас болуды сыйлады. Алғаш кездес­кенде-ақ жылы жүзді, кішіпейіл ол қатты ұнады. Бір әттеген-айы ұзақ мезгіл ішін бермейтін, ақтарылып төгілмейтін, сыпайы сөйлесіп, сипай салды қалып танытатын. Адамды бойына тартып, үйіріп әкетер шапшаңдығы тағы жоқ-ты. Жүре келе, жиі араласа шым-шымдап сыр тартып, өзіңді өзгеше құмарлықпен зерттей бастайтын.

Бейсенбай Кенжебаев 1904 жылғы 4 қазанда қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Бөген деген жерінде кедей шаңырақта туған. Анадан үш жасында жетім қалған.

Бейсекең Павлодарда қызмет істеген жылдарын өмірінің сәтті кездері деп санады. Десе де, «Кеңес туын» кереметтей қиындықпен шығарды. Ол кезде полиграфиялық база дейтін болмайтын. Авторлар да жоқтың қасы еді. Газет жадығаттарының басым көпшілігін ре­дак­ция қызметкерлері Сағымбай Шаш­кин, Кәрім Әжібеков, Әмірғали Епма­ғамбетов, Зікірия Абдуллин, Сұл­тан Лепесов, Ғалым Малдыбаев және басқа да азды-көпті сауатты, қаламының же­лі барлар даярлайтын. Әрине, олар да же­тілген журналистер емес-ті. Жол қаты­насы қиыншылығы мен көліктің тап­шылығына қарамастан, газетшілер округтің ең алыс түкпірлеріне дейін барып, ауыл тынысын, еңбекші бұқараның жай-күйін, мәдени-ағарту жұмысын жазатын.

Бейсекең «Кеңес туында» редактор болып істеген жылдар еліміздің тари­хындағы ауыр кезең болатын. Ауқат­тылар мен зиялылар бай-кулак ата­нып, жер аударылып жатты. Бір ғана Сәт­баевтар әулетінен сегіз адам, Шор­мановтар тұқымынан жеті адам, Бош­таевтар ауылынан алты адам ел мен жер­ден айрылып, Батыс Қазақстанға қарай айдалды. Ел басшыларынан ажырап, ботадай боздады. 1927-1928 жылдары жер-су бөлісі, іле-шала ұжымдасу науқаны басталды...».

Б.Кенжебаев Павлодар округтік «Кеңес туы» газетін ұйымдастырып қана қойған жоқ, осы өңірде кейіннен қазақ әдебиетінің классиктері болып атақтары аспандайтын Қалижан Бекқожин, Зейін Шашкин, партия қайраткері – журналист Кәрім Әжібеков, полковник, даңқты қол­басшы Әбілқайыр Баймолдин сынды қарымды қаламгерлерді газет ісіне тарта білді. Осылайша, Павлодар өңірінде қазақ журналистикасы өркен жайды.

 

Сұлтанмахмұтты алғаш зерттеуші

Бейсенбай Кенжебаевтың Павло­дарда қызмет ете жүріп, ұлт үшін атқар­ған ірі ісінің бірі – әйгілі алдаспан ақын Сұл­тан­махмұт Торайғыровтың шығар­ма­шылығын зерттеуге кірісуі. 1920 жы­лы дүниеден озған ақынның өмір жолы, поэ­зиясы Бейсекеңді ерекше тән­ті еткені айқын. Ол туралы бірнеше есте­ліктерде айтылып өтеді.

Ермек Өтебайұлының жазуынша, Павлодарда Б.Кенжебаев Сұлтанмахмұт Торайғыровтың үй-ішімен, жақын туыстарымен танысқан, олармен достық қарым-қатынаста болды. Кейінірек Сұлтанмахмұт жақындары ішіндегі көрнектілерінің бірі Шерияздан Ыды­рыс Қажыұлы Аймановпен жақсы біліс, туыстай болып кетті. Одан Сұл­тан­махмұттың ақындығы жайында көп­теген мәліметтер алды. Осы әсері ке­йін ақынды зерттеуге мұрындық бол­ды. 1946 жылы «Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың ақындығы» деген тақырыпта зерттеу еңбек жазып, ғылым кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады. Ақын өмірі туралы «Асау жүрек» әңгімелер топтамасын дербес кітап етіп бастырды.

Тағы бірі деректі ардагер журнали­сіміз, марқұм Төлеубек Қоңыр өзінің естеліктер қолжазбасында келтіреді:

«Б.Кенжебаев университеттің филология, журналистика факульттерінің сту­денттеріне дәріс берді. Әдебиетші ға­­лымдар тәрбиелеуге белсене аралас­ты. Ғылым жолындағы ерен де қа­жыр­лы еңбегін кемеңгер классик жазу­шы, ғалым Мұхтар Әуезов жоғары баға­­лады. Қоғам қайраткері, филоло­гия ғы­лымдарының докторы, профессо­р Мыр­затай Жолдасбековті көне түр­кі жа­зуын зерттеуге баулыды. Қазір М.Жол­дас­беков танымал ғалым, қоғам қай­раткері атанып отыр.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтан уни­верситет қабырғасында оқып жүр­­ге­німде (Т.Қоңыров 1956 жылы «Қы­зыл ту» газетінің редакторы Әзіл­хан Нұр­шайықовтың бағыт сілтеуімен ҚазМУ-ге, журналистика факультетіне оқуға түскен – Н.Ж.) дәріс тыңдағанмын. Оның «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» деген дәрісі зердемде мәңгі қал­ды. Сонда ғалым-ұстаз былай деген еді: «Қазақтың демократ ақыны Сұл­танмахмұт Торайғыров Абай­дан кейінгі қазақ елі ішіндегі әлеу­меттік теңсіздікті жете көріп, оны өз шығар­масында арқау ете білген талантты ақын» деген еді. Оны зерттеп, төңкерісшіл демократ ақын ретінде елге кеңінен танытты. Ақын, журналист Сәбит Дөнентаев та Бей­сенбай Кенжебаевтың назарынан тыс қалмады».

Осылайша Павлодар өңірінде сонау 1929 жылы қазақ газетінің алғашқы редакторы болған тұлға, кейіннен түбегейлі әдебиеттану ғылымы саласына ауысып, өзіндік қолтаңба қалдырған. Б.Кенжебаев ежелгі қазақ әдебиетін зерттеу ісіне өзінің бірнеше шәкіртін баулыған болатын. Осы тұста шәкірттері қалдырған ғалымдық, ұстаздық қасиеттері туралы естеліктердің молдығын айтуға болады. Белгілі түркітанушы, ғалым, тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауин «Мен» атты ғұмырнамалық романында өзінің ұстазының қайраткерлік болмысын жан-жақты бейнелеп берген.

Осыдан бірнеше жыл бұрын әйгілі филолог ғалым, түркітанушы Мырзатай Жолдасбеков республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Асылдарым» атты эсселер циклін жариялаған болатын. Соның «Біз білмейтін Бейсекең» атты бір жарияланымын ұлы ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың ұлағатты істе­ріне арнады.

 

Бір суреттің тарихы

Б.Кенжебаевтың тікелей ықпалымен қазақ әдебиеті ғылымын зерттеу жолына түскендердің бірі – бүгінде елімізге танымал филолог, қоғам қайраткері Құлбек Ергөбек. Бүгінде Түркістан облысында тұратын ағамызға газеттің 90 жылдығы қарсаңында арнайы хабарласқан болатынмын. Сол кісінің қамқорлығымен бірнеше тарихи фотосуреттер қолымызға тиді. Олардың қатарында Бейсенбай Кенжебаевтың «Кеңес туында» қызмет еткен уақытында түскен бір фотосы бар. «Кеңес туы» газетінің редакция алқа­сының мүшелері Кәрім Әжібеков, Әмірғали Епмағамбетов және редакторы Б.Кенжебаев үшеуінің газет қарап тұрған, онша қанық емес суреті бұрын редакцияда бар еді. Ең көне жәдігер ретінде құрметтеп, рамаға салып, бұрышына «алғашқы нөмірге қол қою сәті» деп жазып қойғанбыз. Бұл жолы сол фотоның сапалы нұсқасы жетті. Түсірген авторы – павлодарлық белгілі фотосуретші – Д.Багаев, түсірілген уақыты «18 март 1929 жыл» деп көрсетілген. Қалған суреттерде профессор Б.Кенжебаевтың заңғар жазушы М.Әуезовпен, өзге де студенттер тобымен ұстаздық қызмет барысында түскен сәттері бейнеленген. Мұның бәрі – тарих. Біз үшін ерекше ыстық, қымбат мұра.

Қорыта айтқанда, 90 жылдық тарихқа ие, солақай саясатқа байланысты, бір мәрте жабылып қалып, қайтадан ашыл­ған газеттің ғұмырбаянында ерекше аталатын тұлға – Бейсенбай Кенжебаевтың тұңғыш редакторлық қызметі туралы әлі де болса деректер қоры толыға түсер деген сенімдеміз. Бұл үшін зерттеу, іздену бағытындағы жұмыстар үзілмеуі тиіс.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Павлодар облыстық

«Saryarqa samaly» газетінің

бас редакторы

Павлодар