1 наурыз күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қазақтың композиторы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығынан көрініс беретін «Шәмші» мюзиклінің премьерасы өтті.
Авторы – Мәдина Омарова, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, режиссердің ассистенті – Мекан Джумабаев.
«Қойылымның тұсаукесері 1 наурыз – Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келгендіктен театр ұжымы қоғамда пайдалы әрі игі іспен айналысып жүрген волонтерлердің еңбегін елеуді жөн көрді. Оларға алғыс білдіру мақсатында спектакльге елордамыздың 30-ға жуық жас волонтерлері арнайы шақырылды», делінген хабарламада. Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров: «Қиын кезеңде көмек беріп, мемлекеттің көтеріп жатқан үлкен жүгіне араласып, теңізге тамған тамшыдай болса да, үлкен еңбек еткендеріңіз үшін мың алғыс! Бүгінгі мереке құтты болсын!», деп премьераны алғыспен бастады.
Қойылым белгілі тұлғаның күрескер, ғашықтық және композиторлық қырларын көрсетті. Нақтырақ айтқанда, күрескер Шәмшінің рөлін Аман Ғұмаров, композитор Шәмшінің рөлін Сұлтан Кеңшілік, ғашық Шәмшінің рөлін Саламат Мұқашев сомдады. Үш актер сахна алдында композитордың өмір жолында кезіккен қиындықтарын, адам мен қоғамға деген философиясын, ішкі жан дүниесіндегі толқыған сезім иірімдерін, ғашықтық сырларын әуезді әндер арқылы көрермендерге жеткізе білді. Сонымен қатар қонақтар мюзиклде Мұқағали Мақатаев, Роза Бағланова, Әбілахат Еспаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Ақан сері сынды тұлғалардың бейнелерін кездестіріп, олар Шәмшінің өнерін қалай қолдап, шыңдала түсуіне қандай септігін тигізгендеріне куә болды.
Музыкалық жас көрермен театры «Шәмші» мюзиклі арқылы өнер жолына қызығушылықпен қарайтын дарынды жасөспірімдер мен балалардың қиялын қозғап, оларды өнерге қызықтырып, қанаттандырды. Қойылымды тамашалаған жас көрермен Шәмшіге қарап, оның шығармашылығына зер салып, күрделі өмір жолындағы киелі өнердің бағасы адамзат ғұмырын арнауға тұратындай құдіретті де таза екендігіне көз жеткізді.
Театрдағы Камералық оркестрдің сүйемелдеуімен өткен спектакльде ұлы композитордың 15-ке жуық әндері орындалды. «Жан аға», «Арыс жағасында», «Әнім сен едің», «Қайықта», «Өмір өзен», «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің», «Қуаныш вальсі», «Ақ маңдайлым», «Сыған әні», «Ақан Сері», «Ана туралы жыр», т.б. әндері көрерменнің көңілін баурап, жүрек түкпіріндегі мейірімі мен махаббатын оята түсті. Қала тұрғындары мен қонақтары «Шәмші» мюзиклін 2, 3 наурыз күндері тамашалай алады.