• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Наурыз, 2021

Волонтерлік – азаматтық қоғамның баспалдағы

847 рет
көрсетілді

Дамыған азаматтық қоғамсыз, атап айтқанда үкіметтік емес ұйымдарсыз (ҮЕҰ) елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы мүмкін емес. Осыған дейінгі оқиғалар мен тәжірибе азаматтық белсенділер, ҮЕҰ әрдайым қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғап, халықтың ең өзекті мәселелерін шешуге ұмтылатынын талай рет көрсетті.

Әрине, ҮЕҰ мен бүкіл азаматтық қо­ғам қызметінің кең таралған түрі­нің бірі – волонтерлік, яғни қазақ­стан­дық­тар­дың қанына сіңген ерікті қызмет. Біз ежелден «Асар» деп аталатын өзара көмек пен ынтымақтастықтың терең дәстүрін ұстанған халықпыз.

2020 жыл – әлем үшін ең қиын сынаққа толы жылдың бірі болды және бұл біздің елдегі «Волонтер жы­лына» тұспа-тұс келді. Бұл жыл қо­ғам мен мемлекетке волонтерлердің рө­лін, олардың қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан нақты үлесін барынша жақсы көрсетуге мүмкіндік берді. Әрине, «Волонтер жылы» бүкіл азаматтық қоғам үшін өсудің қозғаушы күші болды. Бүкіл елде көптеген бастамалар туындап, жергілікті деңгейдегі еріктілердің бастамашыл топтарының, топтары мен жобаларының белсенді қызметі басталды. Былтыр біз 600-ден астам осындай бастамашыл топпен немесе үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істедік. Басталған нәтижелі жұмыстар жалғасып жатыр және біз оларды үнемі бақылауда ұстаймыз. Дегенмен, волонтерлік – тек еріктілердің қызметі мен көмегі емес, нақты азаматтық қызмет, өзің өмір сүретін ортаңа, адамдарға, аумаққа және маңызды шешім қабылдау істеріне қатысу.

2001 жылы мен Павлодар қалалық әлеуметтік-волонтерлік орталығында ерік­ті болып жұмыс істей бастадым. Сонда өткен жылдар ішінде біз көп­те­ген әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асырдық. Жасөспірімдерге, жастарға және олардың ата-аналарына арналған сенім телефоны іске қосылды. ­Мектептер жанындағы ерік­тілер жа­сақ­тарының жұмысы жолға қойыл­ды. Бірақ мен үшін ең үл­кен жетістік – пав­лодарлықтардың еріктілер жұ­мы­сына деген қызығушылығының өсуі болды. Еріктілер қозғалысының жұмысына тіке­лей қатысқысы келетіндердің саны арта бастады.

2006 жылы жас көшбасшылардың тәжірибесімен бөліскеннен кейін мен басқа елдерде волонтерліктің қалай дамып келе жатқанына куә болдым. Содан кейін маған қазақстандық ерік­тілер ұйымдарын біріктіру идеясы келді. Бірігу ресурстарды ұлғайтуға және оңтайландыруға, дамудың жаңа кезеңіне өтуге мүмкіндік берді. Ұлт­тық волонтерлер желісі Қазақ­стан­да осылай пайда болды. Еріктілер қозға­лысында біз үлкен мәселеге де тап болдық. Күн сайын көмек сұ­рай­тындар саны көбейді, бірақ во­лон­терлер жетіспеді. Сондықтан біз өзі­мізге орынды сұрақ қойдық: «Во­лон­терлердің жұмысын жүйелі түрде қалай құруға болады және осы игі іске өз үлесін қосқысы келетін жаңа адамдарды қалай тартуға болады?».

Бүгінгі таңда Ұлттық волонтерлер желісі бүкіл Қазақстан бойынша 80-нен астам ұйым мен бастамашыл топ­ты құрайды. Волонтерлікті дамы­ту бағытында жұмыс істей оты­рып, қо­ғамда мейірімді және жауап­кер­ші­лігі жоғары адамдар көбейіп келе жатқанын байқаймын. Менің көз алдымда ерікті мәртебесі өзгерді және өзгеру үстінде. Қазіргі таңда волонтерлер мемлекетке және қоғамға ай­тар­­лықтай және баға жетпес пайда әке­ле­тінін түсінетін адамдар саны артып келеді. Менің осы игі іске қосқан не­гізгі үлесім – Қазақстанда елдің нақ­ты тірегіне айналған волонтерлер то­бын тәрбиелеуге еңбегім сіңді деп ой­лай­мын.

Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­ды­ғын атап өтеміз. Қазақстан – бо­ла­шағынан зор үміт күттіретін кере­мет әлеуеті бар жас мемлекет. Бүгінгі күні шағын және орта бизнес жақсы қарқынмен дамып ке­ле­ді. Менің ойымша, азаматтық қоғам әлі қалыптасу кезеңінде. Әрине, біз елеулі жетістіктерге жеттік, мемлекет пен азаматтық қоғам серіктестігіне үл­кен қадамдар жасалуда. Бұған жер­гі­лікті үкіметтік емес ұйымдардың рөлін бағалайтын әртүрлі Қоғамдық кеңестер мысал бола алады. Сындарлы диалог, тұрақтылық пен қоғамдық ке­лі­сімді қамтамасыз ету, кезек күттір­мей­тін әлеуметтік мәселелерді шешу мүдделері үшін де азаматтық қоғам пайдалы және қажет.

Біз әлі қалыптасу сатысындамыз де­уімнің себебі неде? Соңғы жыл­да­ры тиімді серіктестер ретінде қабыл­данған үкіметтік емес ұйымдар мем­ле­кеттік аппаратпен тығыз жұмыс істей бастады. Әлеуметтік жобалар мен ынтымақтастыққа салынған инвестициялар өз нәтижесін бере бас­­тады. Ал болашақты болжайтын сая­сат­керлер мұны бағамдап, ҮЕҰ-ға мүм­кіндігінше қолдау көрсетіп отыр. Яғни ынтымақтасқан жемісті жұмыс ұлт­тық деңгейде де, жергілікті дең­гей­де де байқалады. Қоғамның шынайы үніне құлақ асып, жұмыс істейтін ҮЕҰ – қазіргі кезде құнды алаң.

Азаматтық секторды институттандыру жүріп жатыр деген пікірімнің өзін­дік негізі бар. Бастапқыда, яғни тәуел­сіздік таңында ҮЕҰ көптеп пай­да бола бастады. Яғни кез келген аза­маттың жеке қоғамдық қор ашуына мүмкіндік туды, қажеттілік те болды. Содан кейін мәселелер өте қызу тал­қыланды. Қаржыландыру мен мемле­кеттік тапсырыстардың ке­луі­мен институттандыру кезеңі келді. Бұл кезең әлі де жалғасу үстінде. Дәл қазір біз ҮЕҰ туралы, олардың қай салада жұмыс істейтіні, қандай жетіс­тіктерге жеткені, қаржыландыру мөлшері және басқа мәселелер туралы көбірек білеміз. Уәкілетті мем­лекет­тік орган ҮЕҰ туралы арнайы мәлі­мет­тер базасын жүргізеді, гранттар, мем­лекеттік әлеуметтік тапсырыс­тар алуға мол мүмкіндік бар. Кейбір жоға­ры мамандандырылған ҮЕҰ, мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысы мен бейімделуіне байланысты кейбір артықшылықтарға ие және бұл өте жақсы.

Жақын болашақта мен азаматтық сек­тордың өсуі мен біртұтас жүйеге келуін күтемін. Әлемдік тенденция, атап айтқанда пандемия жылындағы цифр­ландыру, заманауи ақпараттық технологиялар және жедел цифрландыру азаматтарға шешімдер қабылдау процестеріне, мемлекеттік бюджетті бақылауға, дауыс беруге және онлайн-өтініштер жасауға және басқаларға көбірек қатысуға мүмкіндік береді. Бұл азаматтық қоғамның табиғи түр­де өсуіне және дамуына ықпал етеді. Қазірдің өзінде жүйеаралық ма­­­ман­дарға деген сұраныс артады деп болжануда. Мысалы, әлеуметтік мәсе­ле­лерді шешу үшін краудсорсинг плат­фор­маларының әкімшілері, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ком­муникациялық платформалардың моде­раторлары және қоғамдық орта мен ІТ саласындағы мамандықтарға сұраныс көбейе түспек.

Екінші тенденция – әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешу үшін бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың ық­палдасуының күшеюі. Ірі компа­ниялар корпоративті әлеуметтік жауап­кершілік шеңберінде түрлі жобалар жасап, ҮЕҰ-мен бірлесе күш жұ­мылдырды. Шағын және орта бизнес өкілдерінің алғашқылардың бірі болып белсенді әлеуметтік қызметке келуі – еріктілер бастамаларының бірі деп айтуға болады. Осылайша олар өз қызметінің құндылығы мен на­ғыз нәтижесін түсінеді. Алайда бұл өзара іс-қимыл көбіне зерттелмеген және іс жүзінде бизнес пен азаматтық қоғамның қаншалықты ықпалдасып жатқанын айту қиын. Әзірге біз бұл тақырыпты тек бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында көтереміз. Сонымен бірге өз басым қазір бизнесмендердің қо­ғам­ға қаншалықты пайдалы болғысы келетінін байқап жүрмін және бұл тек қайырымдылық жасау емес.

Қазіргі кезде заң жобаларын әзірлеу ба­рысында ынтымақтастық үшін үкі­мет­тік емес ұйымдар мен қоғамдық қоз­ғалыстарды белсенді түрде жұмыс тобына тартып жүрміз. Азаматтық қо­ғамның көшбасшылары көбіне өз сала­сын жетік меңгерген мамандар болады және олардың сараптамалық пікірлерін ескеру өте маңызды. Бұрын мен ҮЕҰ өкілі ретінде өзім «Волонтерлер туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және басқа заңдарды тал­қы­лау жөніндегі жұмыс топтарына қатыстым. Сондықтан қазір де бел­сен­ділердің пікірін тыңдауды құп­таймын. Сонымен қатар бізде салалық үкіметтік емес ұйымдардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау мақсатында белгілі бір салалық тақырыптарда іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бұл да аза­маттық қоғамның сапасын жақ­сарту, заң шығару сынды маңызды шешім­дер­ге белсенділерді тартып, азамат­тар­дың қоғамдық өмірге атсалысуын қам­тамасыз етеді деген ойдамын.

 

Вера КИМ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ұлттық волонтерлер желісі»

ЗТБ құрушысы