«Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген тәмсіл осындайда айтылса керек-ті. Өскемендегі «Бипэк Авто – Азия Авто» кәсіпорнының шаңырағы шайқалғанда, өзгені қайдам, 2 мыңға жуық қарапайым жұмысшыдан маза кеткен. Әркімнің бағып-қағып отырған бала-шағасы бар, бастарында несие бар дегендей. Абырой болғанда, түйткілді мәселе жуықта шешілді. Аталған ұйымның базасында еліміздің ірі кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Ақпанның басында «Бипэк Авто – Азия Авто» кәсіпорнының жұмысшылары «жұмыстан қысқартылуы мүмкін» деген хабарлама алған болатын. Сондықтан жедел түрде оларды нәпақасыз қалдырмауға бағытталған шаралар қолға алынды. Соның бірі, кәсіпорынның цехында өткен бос орындар жәрмеңкесі еді. Жәрмеңкеге Қостанай және Алматы қалаларынан келген «Сарыарқаавтопром» және «Astana Motors» секілді еліміздің алпауыт автоқұрастырушыларымен қатар, өңірдегі ірі кәсіпорындардың өкілдері де қатысты.
– «Бипэк Авто – Азия Авто» кәсіпорны жұмысшыларының жұмысқа орналасу мәселесі облыс әкімдігінің бақылауында. Аймақ басшысының төрағалығымен облыстық штаб құрылып, оған компаниялар тобы мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері енді. Ведомствоаралық үйлестіру шаралары арқылы кәсіпорынның сотпен бұғатталған шоттары ашылып, қызметкерлерге айлық пен коммуналдық төлемдерді төлеуге мүмкіндік жасалды. Жұмысшылардың жалақысын 10 наурызға дейін толық төлеу туралы шешім қабылданды, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев.
Сонымен қатар күн сайын компания жұмысшыларының басқа кәсіпорындарға жұмысқа орналасу жайы бақыланып, жағдай жасалады. Нәтижесінде, жұмыссыз қалған 1 969 жұмысшының 1 355-і жұмыспен қамтылып, саны 614-ке азайды. Сондай-ақ қазіргі уақытта облыстағы 51 ірі кәсіпорында 1 829 бос орын бар. Оған қоса электронды еңбек биржасында жұмыссыз қалғандардың мамандықтарына келетін 1 900-ге жуық бос жұмыс орны тіркелген. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағыты бойынша облыстағы ірі компаниялар да бұл істен шеткері қалған жоқ. Осындай ұйымдардың бірі «Кэмонт» кәсіпорны қазіргі уақытта зауыттың жұмыссыз қалған 111 қызметкерін жұмыспен қамту шараларын жүргізуде. Аймақтың автокөлік құрастыру саласындағы білікті кадрларына өзге өңірлердің компаниялары да қызығушылық танытуда. Атап айтсақ, Шығысқа арнайы іссапармен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Қойшыбаев пен қазақстандық автобизнесті дамыту және ұйымдастыру ұйымының, «Сарыарқаавтопром» және «Astana Motors» компанияларының өкілдері де келіп, өз ұсыныстарын жасады.
– Соңғы төрт жыл көлемінде облыстағы автомобиль құрастыру саласында оң динамика байқалады. Көшбасшы саналатын «Сарыарқаавтопром» кәсіпорны қазіргі уақытта автокөліктің 40 түрін, оның ішінде сегіз брендтік модельді құрастырып жатыр. 2018 жылы – 12 мың, 2019 жылы – 25 мың, ал өткен жылы 40 мың автокөлік құрастырылса, биыл бұл көрсеткішті 60 мыңға жеткізу көзделген. Бізбен бірге трактор мен комбайн құрастыратын «Агромашхолдинг» компаниясының өкілдері де келді, – деді Е.Қойшыбаев.
Алдағы уақытта Қостанайда құрылуы көзделген ауыл шаруашылығы техникалары мен автомобильдерге бөлшектер өндіретін локализациялық орталық 450 жұмыс орнын қамтамасыз етсе, индустриялық аумақта орналасқан «МТЗ» және «ПТЗ» зауыттары да жұмысшыларды қабылдауға дайын. Осылайша, бос орындар жәрмеңкесінде «Бипэк Авто – Азия авто» кәсіпорны жұмысшыларын Қостанай мен Алматы облыстарына жұмысқа шақырған қазақстандық өндірушілер бірқатар жағымды ұсыныс жасады.
ӨСКЕМЕН