Өскемендегі өнер музейінде ұлттық үлгіде жазылған картиналар мен қолөнер бұйымдары топтастырылған «Наурыз-философия» атты көрме ашылды. Көрермен қауымға музей қорынан және суретшілердің жеке коллекциясынан алынған жұмыстар ұсынылды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге орай наурыз айы Қазақстанның ұлттық дәстүрі мен мәдениетінің мерекесі ретінде бекітілгені белгілі. Сондықтан да Шығыс Қазақстан облысында Наурыз тойына әзірлік ерте басталды.
«Наурыз-философия» көрмесін ұйымдастырушылар музейдің бағаналы залына қазақ халқының салт-дәстүрін, бұрынғы тіршілігін айшықтайтындай туындыларды жинақтады. Әр жұмыс өзінше ерекше. Шәңгерей Ыбыраевтың, Альфия Мухамедьянованың акварельмен мөлдіретіп жазған суреттеріне үңілмей өту мүмкін емес. Келушілер де бұл картиналарға жақыннан бір қарап, сәл кейін шегіншектей тағы қызықтады. Сонымен қатар Гүлнар Бекбердинова, Татьяна Леоновалардың Наурыз мерекесіне арналған графикалық композициялары да философиялық тұрғыда терең мағынаға ие. Ал тарихи жанрда жазып жүрген Қайсан Қадырбековтің полотнолары көрменің көркін ашып тұрды десек, артық айтпағандығымыз.
Суретшілер одағының мүшесі Қайсан Қадырбеков Тарбағатай ауданы, Тұйық ауылының тумасы. Өкініштісі, 1960 жылдары Бұқтырма су қоймасы ашылып, туған ауылы су астында қалып кеткен. Қылқалам шебері туған ауылынан ажырап қалғандықтан да суретшілік жолды таңдаған сияқты.
– Шынын айтқанда, туған ауылымның су астында қалғаны жаныма қатты батты. Сол кездері тебіреністен, сағыныштан ауылдың суретін салатын едім. Кейін осы бағытта оқу оқыдым, білім алдым. Бүгінде тарихи жанрда азды-көпті картиналарым бар, – дейді суретші.
Қайсан Рахметұлының еңбектері Қазақстан музейлерінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де сатылған. Айтуынша, еңбектеріне сұраныс көп. Өнер музейіне ұсынған жұмыстары да көпшілктің назарын аударды. Көпшілік дейміз, санитарлық талаптарға байланысты көп көрермен жиналмады. Бірақ музей қызметкерлері бұл көрмеге әлеуметтік желіде онлайн-экскурсия жүргізіп, өнерсүйер қауымға таныстырмақ ниетте.