Сталиннің «Батум» пьесасын сахнада қоюға рұқсат етпеуі Михаил Булгаковтың өлімін тездетіп жіберді. Ол осылайша шығармашылық жағынан барынша кемеліне келген шағында, 1940 жылы 10 наурызда Мәскеуде қайтыс болды.
Жазушы – қоғамдық қозғалыстардың барометрі, қоғамдық ойдың қозғаушы күші. Орыстың ХХ ғасырдың басы мен орта тұсында шығармашылығы кең қанат жайған таңғажайып жазушысы Михаил Афанасьевич Булгаков та өзі өмір сүрген дәуірдің күрделі оқиғаларынан тыс қала алған жоқ. Бұған қаламгердің «Ақ гвардия» романы ғана емес, сонымен қатар «Турбиндер күні», «Жүгіріс», «Адам және Ева», сондай-ақ өмірінің ең ақырғы шағында жазылған «Батум» пьесалары толық куә болады. Драматург соңғы пьесасының сюжетін 1936 жылы ойластырғанымен, оның төңірегіндегі жұмыс 1938 жылдың күзі мен 1939 жылдың бірінші жартысында атқарылды. Кейін Булгаковтың өзі де «Батум» пьесасы өзінің көп күш-жігерін алып кеткенін мойындаған екен. Біздің бүгінгі әңгімеміз де осы драмалық шығарма туралы.
Батум – Грузияның батысындағы белгілі қала. Ол біздің замандастарымызға «Батуми» деген атпен белгілі. Осы қаланың атымен аталған пьеса сол кездердегі Кеңес Одағының басшысы Иосиф Виссарионович Сталиннің революционер ретінде қалыптасып келе жатқан шағын көрсетуге арналған. Өкінішке орай, аталмыш пьесаның тағдыры да, оның авторының өмірі де қайғылы аяқталды. Басында осы пьеса бойынша қойылатын спектакль Сталиннің 60 жылдығына арналып сахнаға шығуға тиіс болатын. Оған тапсырыс берген МХАТ труппасы драматургті қатты асықтырды. Нәтижесінде бір деммен жазылып шыққан пьеса мхаттықтарға қатты ұнады. Осы күндерден бізге жеткен В.Я.Виленкин естелігі бұдан әрі былай баяндайды: «Актерлар менен бәрін құныға сұрасты… Н.П.Хмелев Сталиннің рөлін ойнауға тиіс болатын. Маусым айының аяғында мен МХАТ-тың Киевтегі гастролінен Мәскеуге оралған В.И.Качаловқа пьеса туралы егжей-тегжейлі айтып бердім. Ол өзіне белгіленген Кутаиси губернаторының характерлі рөліне қызығушылық білдірді… Ал М.Б.Храпченко басқарған Өнер істері жөніндегі комитет пьесаны бірінші оқудан кейін-ақ қуаттады. Осыдан кейін МХАТ-тың көптен бері келе жатқан дәстүріне сәйкес жергілікті жерде тарихи материалдармен танысу үшін арнайы творчестволық бригада құрылып, артынша Батум қаласына жүріп кетті». Өкініштісі, кейін мұның бәрінің күлі көкке ұшты. Пьесаны өзі қолға алып оқып шыққан Сталин оның қойылымға жіберілуін қолдамапты. Сол бойда пьесамен жұмыс кілт тоқтатылып, ол біржолата ұмытылуға аттандырылды.
Бұл жайында Виленкин былай деп әңгімелейді: «Пойыздың Серпуховке тоқтап тұрғанына бірнеше минөт болған. Біздің вагонға әлдеқандай бір әйел кіріп келді де, коридорда: «Булхактерге жеделхат бар!», - деп айқай салды. Михаил Афанасьевич: «Бұл булхактерге емес, Булгаковқа ғой», - деді жайбарақат. Жеделхатты қолына алған ол дауыстап: «Сапарға барудың қажеттілігі болмай қалды. Мәскеуге оралыңыздар» деген жолдарды оқыды. Жұрт сасып қалған сол сәтте Елена Сергеевна (М.Булгаковтың әйелі – автор) қатқыл түрде: «Біз одан әрі кете береміз, жәй демалып қайтамыз», - деді. Кешке Елена Сергеевна телефонмен хабарласты, олар Туладан түсіп қалып, кездейсоқ мәшинемен оралыпты. Жолда Михаил Афанасьевич ауырып қалыпты. Олар мені өздеріне шақырды». Осымен «Батумның» эпопеясы толығымен аяқталды…
М.Булгаковтың осы соңғы пьесасы бұдан кейін 50 жылға жуық уақыт бойы сыртқа шығарылмай, сөреде шаң басып жатты. Ол Одақ тараудың алдындағы дүбірлі дүмпудің тұсында, 1988 жылы «Современная драматургия» журналының 5-ші нөмірінде жарық көрді. Драма шыққан бойда сыншылар арасында үлкен пікірталас туғызып, бұқаралық ақпарат құралдары беттері айтыстың айдынына айналып кетті. М.Чудакова «Батум» пьесасының көркемдік жетістігіне күмән келтіріп, оны Владикавказда жазылған «Молданың ұлдары» шығармасының ұрланған көшірмесі ретінде бағалады. Ал пьесаның жасалу техникасын «Әріптерді дайын транспорантқа сала салудың оңай тәсілі» дегенге келтірді. Келесі сыншы А.Смелянский бұған дейін Чудакованың барлық көзқарастарына қолдау білдіріп келгеніне қарамастан, бұл жолы онымен мүлдем кереғар пікірге жүгінді. «Бұл сынға қарағанда, – деп жазды ол, – «Батумды» жаңа ғана өзінің романын аяқтап шыққан ірі көркем сөз шебері емес, әдебиеттегі ар-намысын айрықша бір тітіркенусіз аяққа таптаған қатардағы қарапайым халтурщик жасаған ба, деп қаларсың». Тағы бір сыншы А.Нинов жоғарыдағы Чудаковадан да әрмен кетті.
Солай дей тұрғанмен, М.Булгаков «Батум» пьесасын жазып шығуға өзінің барлық шығармашылық мүмкіншілігін арнады. Ол өзінің алдында тұрған міндеттердің күрделілігін әу бастан бүкіл жан дүниесімен сезінді. Өйткені, осы жылдары Сталиннің назарына ілігіп, қаһарына ұшырағанын аңғара бастаған жазушы елді билеген тиранның алдында өзін ақтап алатын қандай да бір батыл қадамға бару керектігін ұғынды. Мұның атын бір жағынан жазушы тарапынан болған ақырғы ышқыныс деп бағалауға болады. Ол осылайша «Батумге» еріксіз баруға мәжбүр болды. Тағы да Вилинкиннің естеліктеріне сүйенсек, драматург тарихи оқиғаларды қалпына келтіруде тарихи дәлдікке ұмтылады. Осымен бірге, жас революционердің характерлі ерекшеліктерін ашпақшы да болады. Дәл осы тұрғыдан келгенде, бұл екеуінің үйлесе бермейтіні түсінікті болса керек. «Театр Булгаковқа жас Сталин оның революциялық іс-қимылының басталар шағы туралы пьеса жазу жөніндегі көптен бері арманын жүзеге асыруды ұсынды. Аталмыш тақырыпты Булгаковқа ұсынғанда оның ештеңені қосып жапсырмайтыны, ешқандай алып-сатарлыққа бармайтыны, ешбір фимиамға ұрынбайтыны ескерілді, драмалық пафос түпнұсқалық материалдың шындығынан туады; әлбетте, осы Булгаковтың деңгейіндегі драматург қолға алатын болса». (Виленкин В.Я. Воспоминания с комментариями. С.396).
Автордың идеясы бойынша «Батум» пьесасындағы тарихи оқиғалар барынша кең суреттелуі тиіс болатын. Осы мақсатта оқиғаларды баяндау мен кейіпкерлердің мінезін ашуға жақсы мүмкіндік беретін тарихи хроника жанрына ат ізін салды. Ол 1936 жылы дәл осындай тарихи мәліметтер аз болуына байланысты пьесаны жазуды уақытша тоқтатады. Кейін Елена Сергеевна Булгакованың естелігінде жазылғанындай, оған «МХАТ-тың директоры М.П.Аркадьев қажетті материалдарды тауып беруге уәде етіпті. Бұған М.А. сенбейді. Алайда, 1937 жылдың көктемінде Булгаковтың қолына бай деректі материалдар түседі. Сол уақытта Саяси әдебиеттер баспасы «1902 жылғы Батум демонстрациясы» деген жинақ басып шығарады. Драматург осындағы тарихи мәнбелерді кеңінен пайдаланып, оларға шығармашылық тұрғыдан қарайды. Ол өзі таңдап алған тарихи хроника жанрына сәйкес «Батумдағы» іс-қимылды дамыту барысында көпшілік сахнасы мен жұмысшылар образын алдыңғы планға шығарады. Бұл Булгаков творчествосындағы мүлдем жаңа қыр болатын. Жұмысшылар мен билік өкілдерін бейнелегенде, ол дереккөздерге сүйеніп қоя салған жоқ, жаңа ахуал мен жанды характерлер жасауға күш салды. Қаламгер персонаждарды типке айналдыруда дәуірдің өзіне тән сипаттамаларды ендіре отырып, оларды жинақтық образға жеткізуге ұмтылды. Айталық, Николай Екіншінің образын «1902 жылы Батум демонстрациясы» жинағынан құрастырып шығару мүмкін емес. Сондықтан Булгаков патшаның бейнесін жасарда Ресей самодержавиясы туралы деректі материалдарға арқа сүйеді.
М.Булгаковтың «Батум» пьесасының айрықша тарихи тақырып екенін атап өткен жөн. Мұндағы тарихилық көркемдік тәсілмен астасады. Шығармадағы негізгі әрекеттер 1901-1902 жылдары болған тарихи оқиғалардың шеңберінде өрбиді. Драманың шарықтау шегі 1902 жылғы 9 наурыздағы жұмысшыларды атумен аяқталатын көпшілік демонстрациясы болып табылады. Пьесаның прологы 1899 жылы Сталиннің семинариядан шығарылуынан басталып, эпилогы Сталиннің 1904 жылы айдаудан оралуымен аяқталады. Булгаков орталық оқиғалардың негізгі қаһармандары етіп жұмысшыларды алға шығарған. Драматург оқиғаларды анықтайтын гравитациялық бастаулардың, яғни жылы ағыстардың солардан тарайтынын анық байқатады. Кейін зерттеушілердің анықтағанындай, Булгаков «1902 жылғы Батум демонстрациясы» жинағының ізімен шығып, өз пьесасында Сталинді ерекше тұлға ретінде екшелеп көрсетуден саналы түрде бас тартқан. Осыдан кейін ол Батум жұмысшылары жүргізген жалпы күреске белсене қатысушы жас революционер Сосоны тарихи оқиғалардың үстінде дамытуға ұмтылады.
М.Булгаковтың осы күнге дейін сақталып қалған шимай жазулары оның «Батум» пьесасын жазар кезде көп еңбек сіңіргенін көрсетеді. Осы автографтарда тарихи мәнбелерден алынған жазбалар, жоспарлар мен сахналық көріністердің алдын ала сызбалары бар. Олар дәптерлердің әр бөлігіне жазылыпты. Булгаков жас Сталиннің Батумға келуінен бастап, оның айдаудан қашуға дейінгі аралықтағы оқиғалардың жалпы көрінісін көз алдыңа елестету үшін осыларға қатысты деректердің барлығын мұқият түрде қағазға түсірген. Жоспарлаудың барысында Булгаков әуел бастан пьесаның құрылысын дәл анықтап, оны 10 көріністен түзеді. Жоспарда белгіленгендей, мұнда алдыңғы планға үшінші көріністен тоғызыншы көрініске дейінгі аралықтағы «Жаңа жыл. Өрт», «Губернатор және жұмысшылар», «Қанды қақтығыс», «Түрме» деп аталатын актілер шығады.
Драматургтің “Батум” пьесасын жазу үстіндегі орасан зор еңбегі жөнінен дерек беретін архивтік материалдар осы кезге дейінгі бірқатар сыншылардың бұл шығарманы конъюнктуралық сипатта етіп көрсетуге тырысушылықтарының бекер екенін айғақтайды. Біз бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанның өзінде де, «Батумның» кемел ойлы кемеңгер жазушының қаламынан туғанын батыл айта аламыз. Пьеса тарихи хроника ретінде көптеген жаңалықтарды өмірге әкелген. Дәл Булгаков сияқты 1902 жылғы Батум оқиғаларын мейлінше дәл бейнелеген суреткер болған емес.
КСРО Жазушылар одағының бастығы Александр Фадеев 1940 жылғы 15 наурызда Е.С.Булгаковаға жазған хатында М.Булгаковтың шығармаларына талдау жасауды қорытындылай келе: «Таңғажайып таланттың иесі, ішкі дүниесі таза, принципті және өте ақылды кісі» деп атап көрсетіп, жазушының «өзін шығармашылықта да, саяси өмірде де жалғандыққа ұрындырмай өткенін» атап өтеді. М.Булгаковтың ұғымында жалғандық әрдайым жалпы адам баласын азып-тоздыратын, ал суреткер үшін мүлдем жат саналатын қорқақтық пен сатқындық сияқты нашар құбылыс болатын. Оған, әйтпесе, осы пьесаны жазу үстінде тарихи шындықтан ауытқып кетіп, Сталинді өзгеше суреттеп көрсетіп, сөзуарлыққа ұрынуға, анахронизмге түсіп кетуге әбден болар еді. Егер 1939 жылдың атмосферасы Сталиннің 70 жылдық мерейтойына дайындық сипатына толып тұрғанын ескерсек, драматургтің осындай қадамға барғаны өзін-өзі ақтап та шыққан болар еді. Бірақ, өзінің жазушылық мансабын бәрінен жоғары қоятын, өмірлік принципіне адал Булгаков мұны жасай алмады. Сол себепті де көрнекті кеңес жазушысы Константин Симонов 1968 жылғы наурызда С.А.Ляндреске жазған хатында: «Мен «Батумды» оқып шықтым. Пьеса Булгаковтың барлық шығармалары сияқты талантты жазылған. Ондағы Сталинге келсек, әрине, ол ірі тұлға ретінде көрсетілген… Сонымен бірге, оған табынудың титтей де нышаны жоқ. Пьеса, меніңше өте әділ. Бұл аса маңызды» деп атап көрсетеді.
Пьесаның сөзуарлыққа ұрынбағанын оны Сталиннің дұрыс қабылдамағанының өзі анық байқатады. Ел билеушісінің спектакльді қоюға келісім білдірмеуінің өзі Михаил Булгаковтың тағдырына қатты әсер етіп, оның өлімін тездете түсті. Әйтпесе, пьесаны Өнер жөніндегі комиет қуаттаған, МХАТ қабылдап алып, қойылым жасауға кіріскен, соңғы сәтте Сталин тарапынан тыйым салынған. Соған қарамастан, тарихи жазбаларда Иосиф Виссарионовичтің пьесаны оқып шығып: «Жақсы пьеса» дегені келтіріледі. Бұл оның драманың көркемдік жағына берген бағасы еді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Сталиннің «Батум» пьесасын сахнада қоюға рұқсат етпеуі Михаил Булгаковтың өлімін тездетіп жіберді. Ол осылайша шығармашылық жағынан барынша кемеліне келген шағында, 1940 жылы 10 наурызда Мәскеуде қайтыс болды. Сөйтіп, 1891 жылғы 3 мамырда Киевте дүниеге келген жазушы 49 жасында бақилыққа аттанды. Сонымен бірге, жазушының ойға алған көптеген мақсаттары орындалмады. Соның ішінде аяқталмаған «Марқұмның жазбалары» да бар. Сол сияқты жазушы 1936-1937 жылдары құмарта жұмыс жасаған «Театр романы» да бітпей қалды.
Енді бұларға қосатынымыз, аталмыш пьеса ақыры бір рет сахнаға шықты. Ол 1991 жылы Горкьий атындағы МХАТ театрында «Пастырь» деген атпен бір мәрте ғана қойылды.
Жаңагүл Сұлтанова, театртанушы.