• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Наурыз, 2021

Мемлекеттік тілде әзірленген заң жобасы

248 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева және Парламент депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын талқылау бойынша онлайн режімде дөңгелек үстел өтті.

Аида Балаеваның айтуынша, әзірленген заң жобасы – бұл барлық мүдделі тараптар, соның ішінде сарапшылар, заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғам қайраткерлері кіретін жұмыс тобы мүшелерінің ұжымдық еңбегі.

Сондай-ақ ол заң жобасын әзірлеу кезінде қоғам өкіл­дері­нің қағидаттық ұстаным­дары толық ескерілгенін атап өтті. Заң жобасына сәйкес қо­ғам­дық бақылауды жүзеге асы­­ратын тұлғалар тобы айтар­лықтай кеңейтіліп, олар­дың ішіне Қазақстан Республи­ка­сы­ның азаматтары мен ком­мер­циялық емес ұйымдар кірді.

Сонымен қатар қоғам өкілдерінің ұсыныстары бо­йынша қоғамдық бақы­лау объектілерінің тізбесіне бюджет қаражатын алатын заңды тұлғалар енген болатын. Заң жобасында қоғамдық бақылаудың бірқатар маңызды қағи­дасы бекітілген, олар­дың ішінде алуан түрлі нысандар, адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау, жария­лылық, ашықтық, қоғамдық бақы­лау­ды жүзеге асырудың заңдылығы қам­тылады.

Заң жобасын талқылау барысында Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова заң жо­басының азаматтық қоғам үшін маңыздылығын және қоғамдық бақылауды заңнамалық реттеу қажеттілігін айтты.

Заң жобасын әзірлеуші­лер­дің сөзіне қарағанда, атал­ған заң жобасының ерекше­лігі – ол мем­лекеттік тілде әзір­ленуінде. Заңды әзірлеуге Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ Құқық және салыстырмалы құқықтану ҒЗИ директоры, заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлиев белсенді қатысуда.

Өз сөзінде Қ.Дәуітәлиев: «Заң жобасы қоғамдық бақы­лау­ды жүзеге асырудың негіз­дерін қамтиды және қоғам өкілдеріне қоғамдық бақы­лауды жүзеге асыруға қатысуы үшін барлық жағдай жасайды», деді.

Өз кезегінде, Парламент Мәжі­лісінің депутаты Ерлан Саиров заң жобасының сапалы әзірленгенін жеткізді. Сондай-ақ депутат заң жо­басы Парламент Мәжілісі қабыр­ғасында қоғам өкілдерінің қаты­суымен белсенді түрде талқы­ла­натынына сенімін білдірді.

Талқылау барысында бел­гілі сарапшылар мен аза­мат­тық қоғам өкілдері Айгүл Соловьева, Зәуреш Бат­талова, Рахым Ошақбаев, Серік Беркамалов, Евгений Жов­тис және басқалар сөз сөй­леді. Іс-шара соңында министр кездесудің барлық қаты­су­шысына заң жоба­сын әзірлеуге белсенді қатыс­қандары үшін алғысын білдірді.