• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Наурыз, 2021

Жалпыұлттық идеяға айналған жоба

326 рет
көрсетілді

«Адалдық алаңы» – Egemen Qazaqstan газеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлескен жобасынан туындаған жаңа айдар. Алдағы уақытта басылым бетінен жемқорлыққа қатысты деректер дер кезінде жарияланып, оқырман қауым індетке қарсы күресте қолға алынған тың тәсілдер туралы ақпараттармен алғашқылардың бірі болып таныса алады. Сондай-ақ агенттіктің AntikorLive, «Парасат жолы» жобалары аясында жасалған келелі кездесулері, сүбелі сұхбаттары, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастыру тақырыбында өрбіген ашық диалогтар да «Адалдық алаңының» басты тақырыбына айналады. Жаңа айдардың алғашқы жарияланымын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат жиынында талқыланған мәселелерге арнап отырмыз. Жиында құрылғанына бір ай болған Жемқорлыққа қарсы жобалар бойынша басқарушы комитеттің жұмыс нәтижелері жан-жақты сөз болды.

Құзырлы органдардан қолдау көп

Жобалық қызметті жүйелендіруге қатысты нақты ұсыныстарын жет­кіз­ген комитет жетекшісі Жанар Тай­жа­но­ва елге кеңінен таралған бір­қа­тар жобаға жеке-жеке тоқталды. Ал жиын­ға қатысушылардың талқысына түс­кен өзекті мәселенің ішінде бұ­қа­­раны арнайы жобалар туралы ақпа­рат­тандыру мәселесі де бар.

Жыл басында іске қосылған «Адал­­дық алаңы» ауқымды жобасына қазіргі таңда құзырлы мекемелер де қызу қолдау білдіруде. Бүгінде 17 жергілікті және 18 атқарушы орган мен «Самұрық Қазына» АҚ-да жобалық кеңселер құрылып, өз жұмыстарын бастап кеткен. Жанар Тайжанованың мәлімдеуінше, қазіргі күні елімізде агенттіктің мұрындық болуымен «Адалдық алаңынан» бөлек тағы 10 жоба іске асырылуда. Алдағы уақытта осы жалпы жо­ба­лық қызметтерді бір жүйеге кел­­тіру мақсаты тұр. Бұл бағытта агент­тік барлық жобаны бір ауқымды бағ­­дар­ламаға біріктіріп, ұлттық жоба шең­­берінде қарастыруды қолға алмақ.

Сапалы коммуникация орнату – жобалық басқарудағы ең маңызды қадамның бірі. Аппарат жиынында осы мәселе қызу талқыланды. Себебі өңірлік кеңселерде бұл мәселе оң шешімін тапқанымен, министрліктер арасында және орталық пен жергілікті атқарушы органдар деңгейінде байланыс әлі де әлсіз. «Аймақ – сала – жоба» үшжақты әріптестік қағидатын ұсынған комитет жетекшісі орталық деңгейдегі жобалық кеңселер мен өңірлік кеңселер арасындағы коммуникацияларды тәжірибе алмасу ар­қылы нығайтуға болатынын жеткізді.

Агенттікте келіп түскен ұсыныс-пікірлерді, сұрақтарды тез және сапалы түрде қарастыру мақсатында жүйелі кездесулер ұйымдастыру көзделіп отыр. «Осы мақсатта наурыз айынан бастап күн сайын бір өңірлік және бір салалық жобалық кеңсемен жарты сағаттық кездесулерді бастауды қолға алдық. Мұндай басқосуларға міндетті түрде жоба кураторлары, яғни облыс әкімінің орынбасарлары мен вице-министрлер немесе аппарат басшысы және жобалық топ толық құрамда қатысуы қажет. Өз кезегінде әр куратор осындай кездесулерді аудан әкімдерімен ұйымдастырып, әр мекеме басшысы күніне жоқ дегенде 15-20 минут уақытын сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа бөліп отырса, қолға алған жұмыстардың нәтижесіне жетуіміз әбден мүмкін», деген Жанар Тайжанова сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларды іске асыру мәселелері бойынша аумақтық департаменттер басшылары мен аймақтық бағдарлама ку­ра­тор­ларының жұмыс кестесін ұсы­ныс ретінде нақты мысалмен көрсетіп өтті.

 

Бұқарамен берік байланыс керек

Халықпен жұмыс істеу, ел-жұртқа жобаға қатысты ақпаратты толық және уақтылы жеткізу. Аппарат жиы­нында сөз болған маңызды мәсе­ле­нің бірі – осы. Агенттік өкілдері бұл бағытта коммуникациялық жос­пар құрып, оның нақты орындалуын қадағалауды ұсынса, жиынға қа­ты­су­шылар қарапайым халықпен бай­ланыс орнатудың уақыт те­зі­нен өткен тәсілдерін қайта жаңғырту қажет деді.

Мәселен, жиында сөз алған «Пара­сат жолы» орталығының басшысы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел «Адалдық алаңының» халық­тың, соның ішінде зиялы қауымның қызу қолдауына ие болып отырғанын жеткізді. «Адалдық алаңы» – жем­қор­лыққа бұрын-соңды болмаған жойқын соққы. Қазіргі таңда бұл бастама жалпыұлттық сипатқа ие болып келеді. Біз өз кезегімізде бұл жобаға ақын-жазушыларды көптеп қатыстырудамыз. Алайда жобаны одан әрі жетілдіру үшін бізге алдағы уақытта қосымша анықтамалық материалдар қажет», деді ол.

«Қазіргі таңда агенттіктің мұ­рын­дық болуымен іске қосылған 13 жоба бар. Әр жобаның өзіндік көтерген жүгі мен жауапкершілігі жетіп артылады. Ал «Парасат жолы» – екі беделді құрылымның бастамасымен қолға алынған бірегей жоба. Біз осы ерекшеліктерді ұтымды пайдалануымыз қажет. Мұндай жоба бізде бұрын-соңды болған жоқ. Бізге әр жобаның мақсат-мұраты, маңызы жөнінде толыққанды ақпарат беретін брошюра қажет. Ауқымды бастамаға бір кісідей қатысып жүргендердің алдыңғы қатарында ақын-жазушылар тұр. Ал Жазушылар одағында 800 жазушы бар. Олар – 800 әлем. Сондықтан ақын-жазушыларды елге, халықтың ортасына жіберу қажет. Алдымен оларға агенттіктің осы жобалары туралы толыққанды ақпарат беретін толыққанды материал керек», деген жазушы Жемқорлыққа қарсы жобалар бойынша басқарушы комитет жетекшісіне тағы бір мәселені ашып көрсетті. Ол – сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға қатысты қысқа, бірақ өте мағыналы, халықтың күдігін сейілтіп, көзқарасын өзгертетін бейнероликтер дайындауға қатысты. Бұл жөнінде орталық басшысы: «Аудитория бейнероликтерді өте жақ­сы қабылдайды. Айналасы 1-2 минуттық мағыналы роликтер халыққа ұзын-сонар жасалған баяндамадан гөрі пайдалырақ. Халық көп жиналатын жерлерге осындай сюжетті бейнероликтерді жиі көрсетудің тәрбиелік мәні зор. Сондықтан алдағы уақытта жемқорлыққа тұсау болар қысқа әрі психологиялық әсері мол мақсатты роликтер түсіруді мықтап қолға алған жөн. Себебі агенттіктің атқа­рып жатқан жұмыстары ауқым­ды. Алайда сол атқарылып жатқан іс-шаралардың жартысынан көбі қарапайым халыққа жетпейді. Егер қолға алынған осындай қажетті жұ­мыстар бұқараға жетпесе, оның пайдасы қанша?! Осы мәселеге ерекше көңіл бөлген дұрыс», деді С.Түгел.

 

Жүйеге күйе жаққан жазасыз қалмайды

Басқосу барысында Ж.Тайжанова агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың назарын елдік мүддеден бұрын қара басын күйттеп жүргендердің әлі де аз емес екеніне аударды. «Қазіргі таңда қоғам белсенділерінің барлығы бірдей шынайы жұмыс атқарып жүр деп айта алмаймыз. Тіпті кейбір жоба басшылары «Адалдық алаңының» мақсаты мен міндетін, жобаның ауқымы мен өздерінің жеке рөлін әлі күнге дейін түсінбей, өз жеке мүддесін жоғары қойып жүргендер бар», деп мәселені ашық жеткізді. Бұл мәселеге кеңінен тоқталған Алик Шпекбаев, өкінішке қарай, агенттіктің атын пайдаланып, бүкіл жүйеге күйе жағып жүргендердің бар екенін жоққа шы­ғар­­мады. Агенттік төрағасының мә­лім­деуінше, соңғы 1-2 жылдың ішінде «қой терісін жамылған» осындай 5 алаяқ әшкереленген.

Агенттіктің абырой-беделін бетке ұстап, арам ойын іске асырып жүрген әккілер туралы ойын ашық әрі өткір білдірген сала басшысы: «Бұл – өте салмақты мәселе. Қоғамда қалыптасқан осындай көзқарасты түбірімен өзгерту қажет. Біз тіпті кез келген заңсыздықтары үшін қатарымыздағы әріптестерімізді де қылмыстық жауапкершілікке тартудан тайсалып жүрген жоқпыз. Мұны көпшілік жақсы біледі», деп заң алдында бәрі бірдей екенін тағы бір еске салып өтті. «Өткен аптада ғана агенттік қызметкерінің атын жамылып, алаяқтықпен айна­лыс­қандарды анықтадық. Мұндай әккілер де «антикор» десе көптің айылын жия қоятынын жақсы біліп алған. Бұл құрылымнан біраз жұрт­тың қаймығатынын өз пайдаларына шешіп отырған. Сондай арам пиғылдылардың алды жеті жылға дейін жаза арқалап кетті. Қата­ры­мыз­да қара басының қамын ғана ойлағандар көп емес, әрине. Ілуде біреу кездесер. Бірақ тағы да қайталап айтамын – қызметтік лауазымын пайдаланып, халықтың мұң-мұқтажы мен мүддесінен қара басының пайдасын жоғары қойғандарға жаза қашанда қатал. Бұл мәселе, әсіресе, агенттіктің жергілікті жерлердегі консультативті-кеңесші органдарына қатысты. Агенттіктің аймақтардағы құрылымдарына кадр іріктеуде өте мұқият болу керек. Ертең өз атымызға кір келмеуі үшін бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қараған дұрыс. Ал қандай да бір келеңсіздік болса, ол үшін ең бірінші консультативті-кеңесші органның жетекшісі, түптеп келгенде мен де жауап беремін. Сондықтан қатарымызға кімдер ке­ліп жатыр, қандай мамандармен әріптес болып жүрміз деген сұрақ­тар­ға тиянақты қараған жөн», деген агенттік төрағасы жиынға қатысып отырған өңірлік құрылым басшыларына жүйедегі жемқорлыққа барлығының жауапты екенін қатаң ескертіп өтті.

«Агенттіктің абыройына сызат түсірмеу – осында отырған әрқай­сы­мыздың басты міндетіміз. Себебі осы жүйенің маманына қарап өзге­лер бойын да, ойын да түзеуі қажет», деп ойын түйіндеді агенттік төрағасы. Ал баяндамасын жыл басынан бері жобалық менеджмент тақырыбында онлайн өткізіліп жатқан оқу курстары жөніндегі ақпаратпен аяқ­таған Жанар Тайжанова белсенді қатысушылар ретінде Әділет, Ұлттық экономика, Энергетика, Мәдениет және спорт министрліктерін атап өтті. Ол сондай-ақ «барлық жобаға қатысушылар оқытудан бөлек, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жиі өткізіліп тұратын семинарларға қатысып, жоба менеджері сертификатын алса, құба-құп болар еді» деген ойын да жеткізді.

Сөзінің соңында ол агенттіктің жобалық қызметі бірыңғай жүйе ретінде қалыптасса, әр қазақстандыққа ыңғайлы жағдай жасалған, қолжетімді әрі сапалы қызмет алуға мүмкіндігі бар қоғам құруға болатынын айтты. «Жоба толығымен жүзеге асса, еліміздегі кез келген мемлекеттік мекеме қарапайым халықпен кері байланыс орнатқан ашық органға айнала алады. Пара беру мен алуға 100 па­йыз жол берілмейтін уақыт та келеді. Өйткені қазірдің өзінде «Адалдық алаңы» жай ғана жоба деген ұғымның шеңберінен шығып, жалпыұлттық идеяға айналып келеді», деді ол.