Шығысқазақстандықтардың коронавирус инфекциясына еті әбден үйренген сияқты. Індет түбегейлі жойылып кетпесе де, әу бастағыдай алаңдап жүргендер жоқтың қасы. Маска таққанымен, антисептик сепкенімен, автобустарда, қоғамдық орындарда иін тірескен жұрт. Ал облыста Covid-19 инфекциясына қарсы екпе екінші кезеңмен келе бастады.
Шығыс Қазақстан облысына алғаш жеткізілген «Спутник-V» вакцинасы Өскемен мен Семей қалаларындағы «қызыл аймақта» жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге, медбикелерге және тазалықшыларға салынған еді. Қазіргі таңда олардың жағдайы жақсы, ревакцинациядан өтіп жатыр. Мәселен, Семей қаласындағы №1 емхананада 225 медицина қызметкері екпе салдырса, олардың 118-і екінші қайтара алғызып үлгірді. Вакцинаның тәртібі солай, 21 күннен кейін екінші рет егіледі.
– «Спутник-V» вакцинасын алғандардың ешқайсысынан бөгде реакция байқалған жоқ. Бұйрықта көрсетілгендей, алдымен вакцинаны науқастармен етене жақын жұмыс істейтін медицина қызметкерлері алды. Қазір бәрінің денсаулығы жақсы. Оларға екінші қайтара егіп жатырмыз. Ендігі келген екпелер мұғалімдерге, полиция қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметтегі азаматтарға салынады, – деді Семей қалалық №1 емханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнара Есенжанқызы.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметінше, екінші кезеңмен келген вакцина да дәрігерлерге салынады. Бір қызығы, екпе алуға былайғы жұрттың аса құлқы жоқ. Сөздеріне қарасақ, сенімсіздік басым.
– Екпе салмасақ, ауру жұға қояды деп ойламаймын. Оның үстіне коронавирус инфекциясы біздің облыста азайып келеді. Ал қан плазмасын тапсыру дұрыс. Плазманың пайдасы дәлелденді медицинада. Әрине біреудің өмірін құтқарып қалу, сауапты іс, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Гүлім Әділбекова.
Шығыс Қазақстанда коронавирус инфекциясы азайды дегенмен, соңғы тәулікте 49 адамнан індет анықталған. Оның 33-і Семейден шықса, 9-ы Өскеменде тіркелді. Қалған науқастар Риддер мен Глубокое ауданынан шықты. Медицина қызметкерлерінің пікірінше, ауруды ауыздықтаудың бірден-бір жолы – вакцина мен санитарлық талаптарды сақтау. Алайда облыстың бас санитарлық дәрігері бекіткен қаулыға құлақ аспай жүргендер аз емес.
1 наурызда Өскеменде санитарлық талаптарды бұзған 8 жағдай тіркелген. Әсіресе, азық-түлік дүкендерінде ережені елемейді. Өскемен қаласы бойынша оларға 175 мың 20 теңге көлемінде айыппұл салынса, Семейде 510 475 теңгенің хаттамасы толтырылды. Атап айтсақ, азаматтар сауда үйлерінде, базарлар мен қоғамдық көліктерде маскалық режімді сақтамайды. Ал Риддерде жұмыс орнында маскасыз жүрген бір азаматқа шара қолданылды.