Қазақтың көрнекті ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына биыл 110 жыл толады. Ақынның біраз жыл өмірі Орал қаласында өткені белгілі. Жақында қарағандылық өлкетанушы Марат Азбанбаев Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде болып, Қасым Аманжоловқа қатысты құжаттармен танысты.
Мамандығы заң қызметкері болғанымен, бұған дейін бірнеше кітаптың авторы атанған, соның ішінде ақын Ж.Нәжімеденов өмірінің кейбір қырларын қамтитын «Менің Қазақстаным – Жұмекен» кітабын жазған Марат Ақторғайұлымен Орал мұрағатында кездесіп, Қасым ақынның өміріне қатысты әңгімелесіп қалдық.
– 2005 жылы Жұмекен Нәжімеденовті зерттеп жүрген кезімде Қасымның өлеңдерін де қарап, ұқсастық іздей бастадым. Бір байқағаным, Қасым Аманжолов шығармашылығы, өмір жолы жүйелі зерттелмеген. Ғылыми жолға түспеген, – дейді Марат Азбанбаев.
Біздің кейіпкеріміз Қасымның өмір жолы мен шығармашылығына байланысты әрбір детальді түбегейлі зерттеп, ақынның шынайы өмірбаянын жазу керек деп есептейді екен. «Бұл қарапайым оқырман үшін де, әдебиет тарихы үшін де қызықты болар еді», дейді зерттеуші.
Қасым Аманжоловтың Орал қаласына келуі туралы осы кезге дейін айтылып келген нұсқада ақынның Ленинград қаласында орман техникумында оқып жүріп сырқатқа ұшырағаны, тіпті өлер жағдайға жеткені, содан «ең болмаса қазақ жерінің шетіне жетіп жығылайын» деп Орал қаласына келгендігі сөз болады. Алайда Марат Азбанбаев бұл жөнінде басқа пікірде екен.
– Қасымның Ленинградта оқығаны туралы нақты құжат, дәлел жоқ. Менің ойымша ол Оралға Семейден арнайы келді. Сол кездегі жергілікті облыстық басылым – «Екпінді құрылыстың» басында Қасымның жерлесі, танысы Зәйтүн Сыздықов жауапты редактор болып отырған еді. Зәйтүн де – Қарқаралының тумасы, екеуі жерлес. Оның үстіне Зәйтүн 1923-1926 жылдары Семейде партшколда оқыған. 1921-1927 жылдары Қасым да Семейде болды. Сондықтан екеуі бұрыннан таныс болды деп айта аламыз. Оралға Қасым Зәйтүнді сағалап келгені анық, – дейді Марат Ақторғайұлы.
1932 жылдың соңына қарай Қасым Орал қаласында болғаны оның «15 белесте» деген өлеңінен де көрінеді. Өлең соңында «7 ноябрь, 1932. Орал» деп қол қойылған.
«Екпінді құрылыс» газетінің 1930 жылдардағы сандарында Қасымның қаламынан туған өлеңдер, мақала-репортаждар жиі кездеседі.
Газеттің 1934 жылғы 23 ақпандағы санында Қасым Аманжоловтың «Айбынды қызыл әскер күші» атты топтама өлеңдері жарияланыпты. Дәл осы нөмірде «Кеңес елін қорғау үшін одан сайын күшейтіп нығайтамыз!» деген ұранмен СССР-дің Қорғаныс халық комиссары, әйгілі Клим Ворошиловтың партияның XVII сиезінде сөйлеген сөзі бас мақала ретінде берілген. Бұл баяндамада қолбасшы Кеңес Одағында атты әскерді, жылқы шаруашылығын дамыту туралы бастама көтерсе, Оралдағы атты әскер полкінің жауынгері Қасым Аманжолов газеттің дәл осы нөмірінде:
«...Біз ешкімге тимейміз,
Тимейміз, бас имейміз.
Еліккенге ермейміз,
Ешкімнен жер алмай-ақ
Өркендейміз. Сондай-ақ –
Жерімізден бермейміз.
Ешкімге бір жапырақ!
Егер сөзді ұқпаса,
Тағы пышақ сұқтаса,
Алып қайтар «сыйларын».
Болат қызыл әскерім
Күл талқан ғып тістерін
Ойып түсер миларын
Кет, капитал, жабыспа!
Бұл жауабым бәріне:
Дүние жиянгеріне,
Германның пәшистеріне,
Жапонның тентектеріне,
Полше жендеттеріне,
Соқтықпасын еліме
Шыдай алмас жер жүзі –
Пролетариат тезіне!», деп жырлайды.
Қасымның Орал басылымдарында жарияланған жазбаларынан жеке өміріне қатысты көп деректерді табуға болады. Мәселен, «Екпінді құрылыс» газетінің жастар қосымшасында «Совет жасының күні» деген айдармен Қасымның «Күндік өмір» атты мақаласы жарияланған. Онда ақын 1936 жылы 26 наурызда таңертең ұйқыдан тұрғанынан бастап, кешке дейінгі өмірін шебер тілмен сипаттап жазған. Мақала «Комсомол ұрпағы» газетінің 3 сәуірдегі №16 санында жарық көрген.
«...Шар ете түскен дауыс шекемнен өтті. Селк етіп оянып, көзімді ашып алсам: досымның кішкене бөпесі еңбектеп есікке барып, (ашамын деп қолын қыстырып алса керек) бақырып отыр екен. Барып көтеріп алдым да, төсегінің үстіне домалата салдым...
...Көздің былшығын үге-мүге шық-шық еткен сағатқа қарасам, 8-ді соғып кеткен екен. Терезеге барып, сыртқа көз салдым. Нағыз жазғытұрымғы маужыраған табиғат. Ұшы-қиыры жоқ айдындай көк аспанда көлбей жүзген кербез күн көкжиектен көтеріліп, күлімдеп қарап, нұр сәулесін жерге төгіп тұр. Күннің алтын нұрына қанаты шағылысып, жалт-жұлт етіп бір бүркіт қалқып көкте кетіп барады. Түнде тоңазып жатқан жер күннің ыстық нұрына балбырап ери бастаған, күн нұрымен оянған қар суы жыландай иретіліп, сылаңдап, жыра-жырамен жылжып барады. Ілезде күннің нұры терезеден өтіп, үйге кірді. Бала кездегім ойыма түсіп кетіп, айнаны алып, күннің нұрына тоса қойдым. Айнаға шағылысқан алтын сәуле төбеге ырғып шығып, еркелегендей жымыңдап, билеп тұра қалды...
Әдетім бойынша керіліп, созылып, гимнастике жасадым. Бірақ үйдің ішінде жасаған гимнастикенің қанша бабы келе қояды? Турниктің орнына шегеге асыласың... Кейбір нөмірлерін тастап та кетесің...
Жуынып, киініп алдым да, түндегі жазғандарымды қолыма алып:
Табиғат
Тоқтамайды сабыр етіп,
Табылмас
Тоқтатуға ешбір тетік.
Өзгермек
Сыры дағы, жыры дағы
Өмірге
Біреу келіп... біреу кетіп... – деп бастап құлдилатып бара жатқанымда, күжілдеп самаурын да келіп қалды.
4-5 аяқ шайды ілезде тастап алдым да, сұр шинелді киіп алып, қара бөрікті қисайта тастап, кеңсеге қарай бүлкілдедім...»
Ақын бұдан кейін жаяулап жұмыс орнына – «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясына бет алғанын, «Совет көшесі мен Кәмөнес көшесінің мүйісіндегі дағдылы ширетке келіп тұра қалып», жаңа газет-журнал сатып алғанын, редакциядағы әріптестері, қызметі туралы, жұмыс аяғында кітап дүкеніне кіріп, «Сәкеннің «Айшасын», Сәбиттің «Ақ аюын», Қалидың «Алынған амалын», Тайырдың «Мұз толқынын» алғанын», үйдегі кешкі тамақтан кейін қолына мандалин аспабын алып:
Сымға тізіп сызылтып,
Қалықтатып, құбылтып,
Кеуде теңіз тасқандай,
Күркіреген аспандай,
Күңіренте гулете...
Кейде бұлбұл даусындай –
Тамылжыта, үзілте,
Кейде тамған тамшыдай –
Сорғалата, тізілте...
До, Ре, Ми, Фа, Сол, Лә, Си
Лақылдата төкті күй! – деп жырлағанын – бәрін-бәрін әдемі суреттейді.
Жайық жағасындағы жасыл қаланы шынайы сүйіп, «Оралым менің, Оралым» деп жырлаған ақынды батысқазақстандықтар да ұмыта қойған жоқ. Облыс орталығының қақ ортасындағы көне көшелердің біріне Қасым Аманжоловтың есімі берілген. Бұрынғы Кеңес, қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында орналасқан тарихи ғимарат – «Екпінді құрылыс» газетінің бұрынғы редакциясының қабырғасында Қасым мен Абдолла Жұмағалиевке ескерткіш тақта орнатылған. Қасымның өзі бір бөлмесін жалдап тұрған делінетін Карев көшесіндегі 69-үйдің қабырғасында да ақынның аз күн өмірі осында өткені жөнінде жазылған белгі бар. Жергілікті қаламгерлердің бастамасымен осы ғимаратты Қасым мен Абдолланың музей-үйіне айналдыру мәселесін жергілікті билік те қолдап отыр.
– Дегенмен Қасым мен Абдоллаға арналған музей ақын талай жырлаған Совет көшесінде, «Екпінді құрылыс» газеті редакциясының тарихи ғимаратында болса, тіпті ғанибет болар еді. Қасымның Оралдағы жылдары қазақ әдебиетінің тағы бір алып тұлғасы – Қажым Жұмалиевтің Орал педагогикалық институтында қызмет еткен жылдарымен тура келеді. Қажымның бастамасымен Оралда «Әдебиет үйірмесі» құрылған, ол үйірменің бел ортасында Абдолла Жұмағалиев, Жәрдем Тілеков, Қуан Тастайбеков, Батыр Қыдырниязовтармен бірге Қасым да жүрген. 1936 жылы Сәбит Мұқанов Оралға арнайы келіп, осы үйірмеде жергілікті ақын-жазушылармен кездесу өткізеді. Сондықтан мұндай музей ашылса, қазақ әдебиетінің 1940 жылға дейінгі толқынына көрсетілген зор құрмет болар еді, – дейді Марат Азбанбаев.
Оралда Қасым Аманжолов атқарған жұмыстың бір бағыты – жергілікті қазақ театрының жұмысын ұйымдастыру болатын.
– 1935 жылдың басында Қасым Аманжолов обком шешімімен театр студиясын басқаруға жіберілген. Ол осы қызметте 1936 жылдың аяғына дейін жұмыс істеген. Кәсіби режиссер Жұмат Шанин Орал қаласына 1936 жылы 25 желтоқсанда келіп, театрға көркемдік басшылықты қолға алды, – дейді Марат Азбанбаев.
Бұл туралы да сол кездегі облыс басшысы Ізмұқан Құрамысовтың «Екпінді құрылыс» газетінде жарияланған баяндамасында кеңінен айтылған.
Ақын өмірінің әр кезеңін жалықпай зерттеп жүрген өлкетанушы жақында Әзербайжан Республикасының президенті Илхам Әлиевке хат жолдапты. Сондағы өтініші – 1948 жылы Низамидің тойына барған Қасымның өлеңіне арқау болған әзербайжан қызы Сананың тағдыры мен тарихын білу. «Низами тойына қатысу үшін Қазақстаннан Мұхтар Әуезов пен Қасым Аманжолов барған. Қасым сол сапарында екі өлең жазды. Бауырлас екі халықты бір нүктеге тоғыстыратын осындай оқиғаларды хаттау, тарихта қалдыру керек. Бұл ақын өмірінің де бір парағын толықтырар еді» деп санайды зерттеуші.
Қалай болғанда да Орал қаласының тарихында Қасымның ізі сайрап жатса, Қасымның өмірінде де Орал шаһарының орны бөлек. Оралда өткен бес жыл ішінде Қасым нағыз шығармашыл тұлғаға айналып, шыңдалып өскені анық. «Тоналмаған көне музей секілді» қала көшесінде келе жатқанда, Қасымның қоңыр үні құлаққа келетіндей:
«Оралым, сенің қойныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында,
Достармен сайран құрғамын.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай
түс,
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс
Өмірдің алтын кесесін,
Тосқанмын айдың нұрына,
Кешкенмін Совет көшесін,
Кеудемді ашып құрбыма.
Сонау бір шетте, сонау үй,
Кетер ме, сірә, көңілден?!
Алушы ед тартып мені ылғи
Махаббат ыстық лебімен.
Терезе алды – жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап, үйге еніп?..»
Батыс Қазақстан облысы