Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында, 6-7 наурызда «Астана Балет» театрында еліміздің балет жұлдыздарының қатысуымен ғаламат гала-концерт өтпекші. Көрермен назарына «Астана Балет», «Астана Опера» және Абай атындағы Қазақ ҰАОБТ жетекші солисттерінің орындауындағы классикалық мұра жауһарларымен қатар, заманауи хореографиялық қойылымдар ұсынылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бірінші бөлімде «Шаққыш», «Эсмеральда», «Аққу көлі» және «Корсар» сынды әйгілі балеттердің үзінділері мен қазіргі заман хореографтарының туындылары – «Diversity», «Let it go» және т.б. көрсетіледі. Екінші бөлімнің бағдарламасы «Жизель» балетінен гранд-па, «Кармен-сюита» балетінен дуэт, «Аққу көлі» балетінен адажио, «Спартак» балетінен дуэт, «Дон Кихот» балетінен па-де-де, «Love Fear Loss» балетінен үзінді және өзге де туындылардан құралған.
Екі кеште де өнер көрсететін «Астана Балет» театрының әртістері: Татьяна Тен, Фархад Бөриев, Сүндет Сұлтанов, Қазбек Ахмедияров, Балжан Әбдірахманова, Уэсли Карвальо, Айнұр Әбілғазина және өзге де бишілер.
Гала-концерттің қонақтары: «Астана Опера» театрының премьері Бахтияр Адамжан, Қазақ ҰАОБТ жетекші солисттері Жанел Төкеева, Рахым Дайыров пен Мәлика Елшібаева.
«Осы гала-концерт – қазақстандық балеттің қазіргі келбетін ашады. Үш балет труппасының жарқын өкілдері бір сахнада өнер көрсетеді. Айта кетейік, бірінші бөлімнің соңында ерекше трионы тамашалай аласыздар. Яғни, үш театрдың жетекші солисттері, атап айтқанда, Фархад Бөриев, Бахтияр Адамжан және Жанел Төкеева Адольф Адан музыкасына қойылған «Корсар» балетінен трио орындайды. Жалпы, кеш бағдарламасы өте мазмұнды әрі алуан-түрлі. Мұнда біз, біріншіден, көктемнің жылы шуағын, жаңа өмірдің басталғанын, махаббат пен іңкәр сезімді жеткізбекші едік. Сондықтан, бұл бағдарлама махаббаттың сан түрін сипаттайды: ынтық сезім, романтикалық, меланхолиялық. Бұл концерт астаналық көрерменнің көңілінен шығады деген үміттемін. Себебі, бұл бағдарламаны сол үшін дайындап отырмыз ғой. Көктем келді, енді, осы романтикалық көңіл-күй әрқайсымызды тербетсе екен, деп аңсайсың ғой», - деген ойымен бөлісті РФ еңбек сіңірген әртісі, «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Бұл іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізіледі. Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында елордалық ұжым тағы екі ауқымды бағдарлама дайындап отыр: 12-13 наурызда «Вальпургиев түні» және «GAIA» бір актілі балеттері көрсетілсе, ал, Наурыз мейрамының қарсаңында, 20-наурызда «Ұлттық балет кеші» өтеді.