• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Наурыз, 2021

Жазуымыз да, дыбысымыз да қазақтықпен көмкеріледі

167 рет
көрсетілді

Елімізде әліпби реформа­сының жүзеге асқанына да жүз жылға жуықтапты. Ал бірде даулы, бірде шешімін тапқандай болған латын әлипбиіне көшуге қатысты мәселеде күні бүгінге дейін бір тоқтамға келе алмай жүрген едік.

Осы тұста қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жылы Бакуде съезде сөйлеген сө­зін­де «Әліпби дұрыс болмаса, онда тіл хаосқа, анархияға ұшы­рай­ды» дегені еске түседі. Бүгінде ағар­тушы-ғалымның осы сөзінің рас­тығына көз жет­кізіп отырмыз. Орыс графикасымен жазуымызда тілі­мізде жоқ таңбалар, әріптер қол­данысқа еніп кетті. Осыған қа­рай бейімделіп, өзіміздің тарихи қалыптасқан көптеген құн­ды­­­лықтарымыздан айырылып қал­­­дық. Мысалы, менің есімім «Хан­гелді» болса, құжат бойынша «Хангельды» болып, қазақта жоқ жіңішкелік белгісі мен «і» әрпінің орнына «ы» әрпімен жазылатын болды.  Сонымен қатар «Алматы» деп жазудың орнына «Алма-ата» деп, кәдімгідей мәселе етіп көтеріп жүрген жағ­дайлардың куәсі болып жүр­міз. Яғни кириллицаның артында пәрменді, мүдделі  күштің тұр­ғаны біздің адымымызды аштырмай отыр. Латынның артында ондай зорлықшыл, мәжбүрлеуші күш жоқ.

Латыншаға көшкенде өз қа­лауы­мызбен, өз ерекшелігімізбен жа­зуды, сөйлеуді, айтуды иге­ретін боламыз. Тәуелсіздік ал­ғаннан кейін жазу-сызуымыз да тәуел­сіздік деңгейіне шығуы керек. Мен әліпби реформасын осы тұр­ғыдан қабылдаймын. Бүгінгі күні жаңа әліпбиде бір­қатар әріп­тер жоқ деген де пі­кірлер айтылуда. Бұл да бір керексіз дау-да­май­­­дың көрінісі. Байтұрсынов айт­­­қан­­дай, мұны анархияға кіріп кеткендігіміздің салдары дер едім. Егер біздің тілімізде ондай әріп бол­­­маса, дүние жүзінің әрпі мен дыбы­сын түгендейміз бе? Оның біз­ге еш қажеті де жоқ. Сондықтан өз тілі­мізде бар, қолданылатын әріп-­дыбыс­­тарды түгендеп алудың өзі­ жеткілікті. 

Тұңғыш Президент  – Елбасы латын қарпіне көшуді асықпай, байыппен жүзеге асырайық деп атап өтсе, Президент Қ.Тоқаев та латын­ды дәріптеп, осы жолдай айнымай, қалай болғанда да әрпіміз­дің, дыбысымыз бен жа­зуы­­мыздың азаттыққа шыққан­дығының нақты көрінісі латын әліп­биіне көшуде жатқандығын айт­қан болатын. Олай болса, латын әліпбиін игерсек, жазуымыз да, дыбысымыз да қазақтықпен көм­керілетін болады.

 

Хангелді ӘБЖАНОВ,

ҰҒА академигі