Туған жер
О, туған жер, кең пейіл, құшағың кең,
Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен.
Сағынышымды қанат қып саған қарай
Балапандай талпынып ұшамын мен.
Алақаны анамның – топырағың,
Сендік махаббатымның оты жалын.
Сені қалай сүюдің керектігін,
Мен ешқандай кітаптан оқымадым.
Сенде, тас та қастерлі, аспан да алау,
Сенде жанды тербетер дастан бар-ау.
Менің мынау өмірге құштарлығым
Сені жақсы көруден басталған-ау.
Кешірме сен,
Жат қылықпен жаныңды жараласам,
Бар сырымды бүкпесіз саған ашам.
Мен ел кезіп кетермін отансыздай,
Үмітіңді ақтауға жарамасам.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА
* * *
Еркін дем ап тыныс алсын бұл кеудем,
Кең далаға шығайықшы жүр, сәулем.
Еркіндіксіз тұншыға бір күлгеннен,
Еркіндікпен жылағаным бір дәурен.
Тағдыр-ажал жетіп бұйрық, оқ төнсе,
Сөзіме емес, өзіме-ақ кеп дарысын.
Тілерім сол бұ дүниеде өткенше,
Еркіндікпен шықса болды дауысым.
Жақсылықтан кім жалығып жерінің,
Жақсылықпен жазылып бой, серпілдік.
Осы еркіндік саған, маған берілсін,
Берілмесін тек соғысқа еркіндік!
* * *
Жек көрем көңілімнің тыныштығын,
Қашанда қозғалыспен туыс күнім.
Хақым жоқ, жан қиналып, терім тамбай,
Жұлуға туған жердің уыс гүлін.
Қанипа Бұғыбаева
Теңдік үшін мұхитқа қайық алдық
(үзінді)
Дүниеде мұң ғана мұңнан да ауыр –
Мұңайғанда жол таппай тұрған бауыр,
Кегі кеткен
далама
келдің бе есен,
Тарихи әділетті туған дәуір!
Еске түсіп, езіліп отыр ішім,
Тарих қойны қан мен жас – өкінішім.
Таулар шөгіп, батырлар шейіт болған
Тәуелсіздік таңына жету үшін.
Қанды жебе қадалған дала – жүрек
Сыздап тұрып, ертеңге алады бет.
Жарасына ем іздеп жатқан елге
Жолдас болар ма екенсің, жан әділет!
Ұлы сапар сүрлеуі, соқпағы көп,
Белгісіз деп безуге жоқ тағы рет.
Соқтықпалы сор мекен не көрмеді,
Ащы жасын жел сүртсін, тоқта, әділет!
Бағынғанбыз басымыз ноқталы боп,
Ішімізде көмілген көп қабілет.
Теңдік үшін мұхитқа қайық салдық,
Жанталаста жақтас тек аққа, әділет!
Қайрат таппай есімде қынжылғаным,
Қанымменен жазылды бұл жырларым.
Кім ағытар жететін жүз жылға әлі
Рухани зорлықтың шынжырларын?!
Енді ашуға тиіспіз бүркеме ойды,
Ізгі жолға қанды қол сілтемейді.
Малын, жерін, алтынын, басын берген
Ақы, кегін атамның кім төлейді?!
Құны кімде?
Мойнына кім алады?
Алтын бастар – ақсүйек, қуарады...
Ұнамады – сөйлесең өз тіліңде,
Өз әкеңді мақтасаң – кінәлады.
Қанша уақыт қағажу, қақпай көрдім.
Қардай суық қырауын сақтайды ол күн.
Есікті ілмей қақпаны ашып тастап,
Өз елімде аз болдым, жаттай болдым.
Кеш түсінген сияқты мұны елім де,
Қалай жүрдік өктемдік түнегінде?
Бір үн жетіп санама ғасырлардан,
Ұлы Тұран оянды жүрегімде!
Күләш Ахметова
* * *
Мекен ғой бұл тұлпардың ізі қалған,
Көкжиекті жүріпті жүзіп арман.
Домбырадан бір мезгіл күй толастап,
Арулардан нәзік ән үзіп алған...
Мекен ғой бұл жел ғана азынаған,
Жұрт бауырын төсеген жазып оған.
Сан ғасырлар көшумен қайран бабам,
Көбін беріп, бұл жердің азын алған.
Мекен ғой бұл қайысып түлік жатқан,
Бір кезде жүрегін мұң тіліп жатқан,
Жел етегін бұлттардың түріп жатқан,
Ат үстінде арулар, сұлық жатқан...
Қалып қойған із бе әлде о ғасырдан,
Шың үстіне сан тарау жол асылған.
Көлдер тұнық көзіндей сұлулардың
Өмірге қимай қарап, көп ашынған.
Мекен ғой бұл қызыққа бір қанбаған,
Биікте бұлт үкісі бұлғаңдаған.
Дала бейне түс көріп жатқан батыр,
Жауын жеңіп,
Жанында мұң қалмаған.
Біреуі мен болармын жұлдызыңның,
Қырында өскен қызғалдақ – қырмызыңмын.
Ақ сағымдар тербеген маралға ұқсап,
Арман қуып жүгірген бір қызыңмын.
Уақыт қайрап шыңдалып өсемін ғой,
Маза бермес жатсам да төсегім де ой.
Қойның толы ақ қайың, аппақ ару,
Соның бір жапырағы екенмін ғой...
Марфуға Айтқожина
Боз жусан дала
Боз жусан дала, бозаң қыр,
Тірлікте жоқ-ау, мазаң бір.
Алыстап кетсем өзіңнен
Сағыныш атты жазам жыр.
Сөз таппай қалам мақтауға,
Қызғаныш қысқан шақтарда.
Қыранға қимас қырыңнан
Қарғалар ұшып жатқанда.
Кеңсің-ау қыста, жазда да,
Жатасың кербез наздана.
Жылан да жылы ұясын
Салады-ау саған, боз дала.
Шындықпен жаны өштер де,
Қулықпен өмір кешкен де,
Мекендеп сені жүреді
Өгейлік көрмей еш пенде.
Өзіңде тау да, көлдер де,
Көкмайса жапқан белдер де,
Пана боп барлық жәндікті
Сыйғызды сендік кең кеуде.
Боз жусан дала, боз белдер,
Құландар еркін кезген жер.
Өзіңді сүйген жандардың
Қадірін аз ғой сезгендер...
Ақұштап Бақтыгереева
Сағынар менің елім бар
Шапағын шашып күн күліп,
Нұрландырады маңайды.
Күлімкөз бұлақ қымсынып,
Ұрлана көлге қарайды.
Сағынар менің елім бар…
Жұлдыздар төніп жапырлап,
Қызықтап қайсар даланы.
Жатырқамай жай жақындап
Жанарларға кеп қонады,
Сағынар менің елім бар…
Бабалар кешкен гүл-дала,
Түсіріп еске өткенді.
Ауыртып жанды Құмқала,
Ес жидық-ау енді-енді,
Сағынар менің елім бар…
Болмайды пенде мұңы жоқ,
Көбі жүр елге жарымай.
Отансыз жанның құны жоқ,
Бағы да оның тарыдай,
Сағынар менің елім бар…
Жадыра Дәрібаева
Көне тұранда
Армысың, көне Тұраным,
Ежелгі түркі тұрағы!
Тарихын терген жадында,
Аңызын өрген сағымға,
Құйындай желген бөкені
Бір сырын ашты мекенім:
Басқан жерім ғарыштың
Дәл ортасы екенін.
Осынау шексіз кеңдіктен
Қырық бесінші еңдіктен
Төбеден көкті төңкеріп,
Көкжиекпен көмкеріп,
Көзбен өлшеп көлемін,
Дөп-дөңгелек бөлегін
Еншіме менің берген бе,
Тағдырыма мәңгі өрген бе!
Осынша қыруар байлықты
Маңдайына елдің жазыпты.
Шегіне кеңнің жете алмай,
Сағымын қиып кете алмай
Жонында тұрмын Ұлы жазықтың.
Дөңгеленген шеңберде
Көгендеген бір жерге
Бейне бір Темірқазықпын!
Нәзікен Алпамысқызы
Тұлымды ұлдар туын жықпаған
(үзінді)
Балбалдар төкті-ау талай шықтарын,
Сарбаздар өтті-ау талай шу салған.
Қазақтың даңқы қалай шыққанын,
Бір айтса, айтар дала бусанған.
Алдаспан ажал шын қысса дағы,
Тұлымды ұлдар туын жықпаған.
Қорғаған олар Шыңғыс қағанды,
Уын жұтқанда уылжып ғалам.
Елсізде қалған қирандылары,
Тіл бітсе айтар хан сарайлары.
Билеген олар Иранды дағы,
Желпілдеп желмен он сан айдары.
Тіл бітсе айтар, сірә, жусан да,
Тағдырдың бастан қалай ұрғанын.
Қызмет еткенін Хулагу ханға,
Бағдатты алғанын талай ұлдардың.
Жаудырап жаудан жапырылды шалғын,
Керулен, Онон жағасындағы.
Тәуелсіздік аңсаған батыр ұлдардың,
Тарих берер бағасын әлі!
Арыстан жүрек, айбарлы ұлдар,
Айналды енді төбе, обаға.
Ақша мен мансап арбаған құлдар,
Түсе алмас бүгін додаға!
Сақ қыздары
(үзінді)
Сақ қыздары ұр дабылды!
Соқ! Соқ!
(Жауынгерлер би билейді топ-топ!)
Екі бетті өмір демондары,
Жасырады білектерін тоқ-тоқ...
Екі көзім, екі көзім шоқ боп,
Ал жүрегім алаулайды от боп!
Биле! Биле көшпелілер Рухы,
Мені тастап кете алмайтын жоқ боп!
Сақ қыздары, сұлу жауынгерлер,
Ұр дабылды! Ұр дабылды! Соқ! Соқ!
Асқан асу, кешкен теңіз аптап.
Қара шашым, қара шашым аппақ!
Сақ қыздары, сұлу жауынгерлер,
Дулығамды басыма қой жастап.
Биле!
Биле көшпелілер рухы,
Мені ешқашан кете алмайтын тастап!
...Аңыздардан аршып алғын, елес!
Адасқанның бәрін ескер, жебес!
Қыздарының рухы биік елдің –
Жоғалуы мәңгі мүмкін емес!
...Рух бар дейді!
Жерімде рух жүрсін!
Иесі бар екенін жұрт білсін!
Сақ қыздары, соқ дабылды!
Соқ! Соқ!
Кең даламның киелері тұрсын!
Биғайша Медеуова
* * *
Қаншама ағаш егілді екен сен үшін,
Қаншама дән себілді екен сен үшін.
Қаншама ақын қара жерге тірідей
Көмілді екен сен үшін...
Қанша қылыш сермелді екен сен үшін,
Қанша батыр жерленді екен сен үшін.
Қара жауын, қара тастың сызында
Тергелді екен сен үшін...
Қаншама ұлды тор алды екен сен үшін,
Арылмайтын сор алды екен сен үшін.
Қанша бұрым білегіне жауыздың
Оралды екен сен үшін..
Қаншама жан сөгілді екен сен үшін,
Қаншама қан төгілді екен сен үшін.
Мөлдіреген көк аспанды ту еткен
Менің алтын жеңісім!
Сенің атың – жаздың жайлы желінде,
Тыныштықта балқыған жер демінде.
Алма ағашы сияқтанып гүлдейсің
Атыңды айтып, күбірлеген ерінде.
Өлеңдесің қаламымнан құлаған,
Өзімдесің – түсінбейтін бір адам.
Үніндесің шырылдаған сәбидің
Қол-аяғын босатуды сұраған.
Сен – күнімсің, жарып шыққан бұлтты,
Сен үнімсің бұзған қара құлыпты.
Биіктікке құмары бір қанбаған –
Сен – бағымсың, қыран болып самғаған.
Ұлы армансың, алты Алашты тербеген,
Ұлы айқайсың, көкіректі кернеген.
Жебеушісі – желді сүйген жанымның,
Сен – шуақсың, өлтірсе де өлмеген,
Азаттық!
Гүлнәр Салықбай