• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Наурыз, 2021

Батыс Қазақстанда 5 жүк көлігі жол жиегіне түсіп кетті

464 рет
көрсетілді

Наурыз туса да Батыс Қазақстан облысында жиі-жиі боран көтеріліп, табиғат тосын мінез көрсетіп тұр. Оның қиындығын ең алдымен алыс жолға шыққан жолаушылар көріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

8 наурыз күні 17 сағат 30 минутта «Самара-Шымкент» тас жолында, Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы аумағында Ақтөбе облысына қарай кетіп бара жатқан жүк көлігі тұрып қалғандығы жөнінде хабар алған №14 өрт сөндіру бекеті қызметкерлері көмек көрсету және эвакуациялау үшін оқиға орнына жедел жеткен екен.

Құтқарушылар барған кезде «Самара-Шымкент» тас жолының 490 шақырымында 3 фура жол жиегіне түсіп кеткен екен. «Көлік жүргізушілері эвакуациядан бас тартты. Автокөліктерді жол жиегінен шығару үшін көмек көрсетілуде» деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Бәкизат Мағзенова.

Дәл осы күні 22 сағатта ауа райының қолайсыздығына байланысты 100 километрлік «Орал-Тасқала-РФ шекарасы» тас жолы жабылған болатын. Осы жолдың бойында, Бірлік кенті шамасының 80 шақырымында 12 фура мен 3 жүк көлігі құтқарушылардың бақылауында болып, күн райы түзелген соң одан әрі жолға шығып кеткен.

Мереке күні 23 сағат 49 минутта Орал қаласына қарасты Деркөл-Белес ауылдық жолында Кардон кентінің шамасында 3 жеңіл көлік қар құрсауында қалған екен. Бұл көліктерде 13 адам, оның ішінде 3 бала болған. Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментрі қызметкерлерінің күшімен көліктер жолдың тазартылған бөлігіне шығарылды, ешкім зардап шекпеген.

«2021 жылғы 9 наурыздағы жағдай бойынша 11 сағат 15 минутта «Самара-Шымкент» тас жолының 490-522 шақырымында жол жиегіне түсіп кеткен 5 фура қалып отыр, оның біреуіне техникалық ақаулығы және жол жиегінен шығаруға байланысты көмек көрсетілуде» деп хабарлайды Төтенше жағдайлар департаменті.