• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Наурыз, 2021

COVID-19: Дәлдік емес, жеделдік маңызды

295 рет
көрсетілді

Пандемия салдарынан туындаған экономикалық дағдарыстан шығу бір күннің ісі емес екені белгілі. Осыған орай АҚШ-тың Нью-Йорк қаласы жағдайды қайта қалпына келтіруді Covid-19-ды жылдам анықтайтын тесттер өндірісінен бастамақ.

 

Нью-Йорк билігі ірі мегаполистің экономикасын қалпына келтіруді індетті бірден анықтауға арналған экспресс-тесттер өндірісін жолға қою арқылы шешуді жоспарлап отыр. Жобаны қаладағы экономикалық дамуды қолдауға бағытталған Нью-Йорктің Экономикалық даму корпорациясы Колумбия университетінің зерттеушілерімен бірлесіп жүзеге асырады. Бөлінетін қаржының көлемі де қомақты. Ұйым зерттеу үшін университет қызметкері доктор Дэвид Хоға 164 мың доллар беруді жоспарлап отыр. Індетті 10-15 минуттың ішінде анықтайтын құрылғы дәріханада сатылатын жүктілікке арналған тестке ұқсайтын болады.

Ұйым өкілі індетті анықтаудың жаңа инновациялық үлгілері жетілген сайын, қаланың бұрынғы тіршілігіне қайта оралуына және экономика­ның қалпына келуіне мүмкіндік арта түсе­тінін айтады. Оның айтуынша, жабылуға мәжбүр болған жұмыс орын­дары қайта ашылып, адамдар жап­пай жұмысына орала бастайды. Зерт­теушілер тобының алдындағы бас­ты міндет, ең алдымен, АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектер бас­қар­масынан рұқсат алу болып тұр. Бұл келі­сімнен кейін тест федералды немесе мемлекеттік органдарға тіркелмей-ақ, қала аумағында қолжетімді болады.  

Нью-Йорктағы тіршілік бір жылдан кейін қайта жандана бастады. Спорттық іс-шараларды тамашалау мүмкіндігі мен өзге де ойын-сауық орындарының ашылуы ұзақ уақыттан бері жағдайдың жақсарғанын көрсетсе, екінші жағынан нағыз сынақ болайын деп тұр. Жақында Нью-Йорктегі мемлекеттік мектептердегі кейбір оқушылар күндізгі оқуға қайта оралған. Наурыздың ортасында қала тұрғындарына үйлену тойларына баруға рұқсат етіледі, сондай-ақ губернатор Эндрю Куомо жазғы лагерь жұмысын жоспарлай беруге болатынын айтқан. Кеңсеге оралған қызметкерлердің де саны күрт артуы мүмкін.

Десе де өңірдегі эпидемиялық ахуал мәз емес. Wall Street Journal тал­дауына сәйкес, тұрғындардың шамамен 13,3 пайызы вакцинаның бір дозасын алып үлгерсе де, Нью-Йорк өзге штаттармен салыстырғанда екпе бойынша артта келеді. Қаладағы індетті анықтау қарқынына келер болсақ, мемлекеттік Денсаулық сақтау департаменті өкілінің айтуынша, күніне 200 мыңнан астам адам тексеріледі. Алайда мемлекет COVID-19-ды анықтау үшін күніне 350 мыңнан астам адамды тесттен өткізуге қауқарлы. Лабораториялық ПТР талдау­мен қатар, науқастардың 20 пайызы экспресс-тест тапсырады. Індетті жылдам анықтайтын тестке сұраныстың барын аңғарған мамандар бұл әдісті назарсыз қалдыруға болмайтынын айтады. Әрине, лабораториялық талдау вирус жұқтырғандарды, оның ішінде симптомсыз келгендерін дәлірек анықтайды. Дегенмен, саладағы зерттеулер жылдам әдістің жұқпалы науқастарды анықтауға көмектесетінін көрсетіп отыр. Оның үстіне денсаулық сақтау саласының мамандары бұл тестті індетті жаппай анықтаудың арзан әрі қолжетімді түрі ретінде қолдану керектігін алға тартқан. Сондай-ақ бұл жұмыс берушілер мен іс-шара ұйымдастырушылары үшін өте ыңғайлы болмақ. Гарвардтың эпидемио­логы Майкл Мина үйде жиі жасалатын жедел тесттердің тиімді екенін осыған дейін де айтқан. Нью-Йорк пен өзге де штаттардың жетекшілері экспресс-тестті көптеп алғылары келгенімен, оған жауапты органның мақұлдауын­сыз қол жеткізе алмайды. Колумбия уни­верситетінен бөлек, үй жағдайында жасауға болатын тест өндіретін 20-дан астам компания тіркеуден өте алмай жүр. Қан талдауының дәлдігін айтып, жедел тестті қолдамайтын мамандар да бар. Оларға доктор Дэвид Хо дәл қазір бізге індет жұқтырғандардың 100 пайызын емес, адам көп жиналатын орындардағы науқастарды анықтау маңызды екенін айтады.

 

Мелани Грейс УЭСТ,

Wall Street Journal