• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Наурыз, 2021

«Қызыл» аймақтағы Алматыда діни нысандар қалай жұмыс істейді?

374 рет
көрсетілді

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласы Дін істері басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке мен Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай Алматы қаласының эпидемиялық жағдай бойынша «қызыл» аймаққа көшуін ескере отырып, діни нысандардың жұмысы туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 10 наурызынан бастап Алматы қаласы коронавирустың өршуіне байланысты «қызыл аймақта» тұр. Кеше Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «Алматы қаласында коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу бойынша шараларды күшейту туралы» жаңа қаулы шығарды, ол осы жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енеді.

Эпидемиялық жағдайдың нашарлауын ескере отырып, шектеу шаралары діни нысандарға да қатысты болады. Атап айтқанда, ғибадат нысандарының ғимараттарында әлеуметтік қашықтықты (кемінде 2 метр) және басқа да санитарлық нормаларды: маскалық режимді, дезинфекцияны және т. б. қатаң сақтай отырып, тек «жеке құлшылық ету» рәсімдерін (ұжымдық рәсімдерсіз: жұма намазы, жексенбілік қызметтер және т. б.) өткізуге рұқсат етіледі.

Өз кезегінде діни бірлестіктердің басшылығы діни рәсімдерді өткізу үшін санитарлық нормаларға сәйкес келетін барлық жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет:- Ғимаратқа кірер алдында келушілердің температурасын өлшеу;- Бетпердесіз азаматтарды кіргізбеу;- 2 метрден кем емес аралықпен діни бірлестіктер аумағында арнайы жазылған белгілер жасау;- іргелес аумақты таза ұстауды қамтамасыз ету.

«Сонымен қатар қаламыздың діни бірлестіктері басшылары мен діндар жамағаттан осы уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауларын сұраймын. Біз бұндай шектеулермен бірінші рет тап болып отырған жоқпыз және барлығымыз біргелікте бұл қиындықты біргелікте жеңеміз деп сенемін. Сондай-ақ Дін істері басқармасының қызметкерлері СЭС және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп қаланың діни ғимараттарында санитарлық нормалардың сақталуына мониторинг жүргізетінін атап өткім келеді», деді Алматы қаласы Дін істері басқармасы басшысының орынбасары.

Дін істері басқармасының қызметкерлері Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметтерімен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп қаланың ғибадат ғимараттарында санитарлық нормалардың сақталуына мониторинг жүргізетін болады.