• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Наурыз, 2021

Кім «қазақстандық Джек Ма» атанады?

360 рет
көрсетілді

Соңғы елу жылда білікті ма­ман­дардың көші-қон үрдісі көптеген мемлекеттерді алаң­датып отыр. Сарапшылар интеллек­туалдар эммиграциясын қалыпты құбылыс ретінде баға­ласа, зерттеулердің бір пара­сы оны экономикалық тұрғы­дан жағымсыз жайт ретін­де қарастырады. Ranking.kz агент­­тігінің зерттеулері көр­сет­кен­дей, өткен жылдың қаң­тар-қыр­күйек айларында Қазақ­стан­нан 15 жас­тан асқан 11,4 мың ел азаматы шетел асып кеткен.

Әлемдік сарапшылар 2030 жылға қарай мамандар тапшылығы артады деген пікірде. Осы орайда Қазақстандағы еңбек нарығының да бірқатар ерекшеліктері бар екенін ескеруге тиіспіз. Таяу жылдарда білік­тілігі төмен мамандар саны артып, жоғары және арнайы орта білім­ді білікті мамандар тапшылығы бай­қалады. Еңбек ресурстарын дамы­ту орталығының деректері бойын­ша, Қазақстанда жоғары немесе арна­йы білімсіз 1,7 миллионға жуық адам жұмыс істейді. 2019 жылы ресми жұмыспен қамтылған жоғары білім­ділер 3,35 миллионды, арнайы білімі барлар 3,74 миллионды құраған, ал орта білімділер көрсеткіші – 1,68 млн.

Сарапшылар білім мен цифрландыру саласына салынатын инвестицияны бәсекеге қабілеттілікті арттыратын фактор ретінде қарастыру қажеттігін алға тартады. Korn Ferry зерттеулеріне сүйенсек, мамандар мәселесінде компаниялардың өзіндік стратегиялық жоспары болуы керек. Қазіргі кезде Қазақстандағы компаниялар білім бағдарламалары мен бизнесті үйлестіруге байланысты Білім және ғылым министрлігімен, жоғары оқу орындарымен қосымша білім беру, тәжірибеден өту сияқты әріптестікке қол жеткізіп келеді. Осы орайда Korn Ferry сарапшылары адам капиталын дамыту «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізі екендігін атап өтеді. Бүгінде көптеген компаниялар сүзгіден өткізіп барып жұмысқа қабылдауға, тіптен кәсіби мамандарды алыс-жақын шетелдерден шақыруға мәжбүр. Алдағы уақытта big data, деректер сарапшысы, бағдарламашылар мен жекелеген өнімдер, технология саласы мамандарына сұраныс арта түспек.

Жоғары оқу орындары қауымдас­тығы­ның президенті, экономика ғылым­дарының докторы, профессор Рахман Алшановтың айтуынша, бүгінде Америка, Түркия, Испа­ния, Германия, Қытай, Корея, Малай­зия сияқты елдерде білім алып жатқан қазақстандық студенттердің саны 100 мыңдай. «Жырақта жүрсе де деген туған еліне пайдасын тигізу­ді а­рмандайтын жастардың экономика­мыз­дың дамуына тигізетін пайдасы зор. Сондықтан білімді, білікті жастарымыз үшін шұғыл түрде жағдай жасау керек. Қазақстандық студенттердің біліктілігі жайында шет­елдік оқытушылар үнемі жақсы пікір айтады» деген Рахман Ал­шан­ұлы осы орайда Амери­каға магистратураға оқуға барған сту­дент­тің докторантураға қабылдан­ға­нын, сондай-ақ Нью-Йорктегі компа­ния­лардың бірінде қазақстандық маманның қомақты жалақыға жұмыс істеп, елімізге инвестиция тарту жобаларын қарастырып жатқанын тілге тиек ете кетті. «Бүгінде шетел­дегі оқу орындары мамандарды табыс табу­ға ғана емес, жұмыс беру­ші ретін­де оқыту тәжірибесін қолда­нып келе­ді. Мысалы, Америкада Мас­сачусе­тс, Солтүс­тік Каролина универ­си­­тет­­терін­де студенттердің ақпа­ра­т­тық тех­­но­логия­лар саласында өнім шыға­ру­мен қатар, жеке компания ашу мүм­кіндігі бар», дейді Рахман Алшанұлы.

Сондықтан да Қазақстандағы жоға­ры оқу орындары диплом берумен шек­телмей, студенттердің жоғары тех­нологиялы орталықтарда жұмыс іс­теуіне ықпал етуі тиіс. Қазіргі кезде елі­міздегі шетелдік ком­паниялардың саны 10 мыңның айналасында десек, оларға шет тілін білетін, елдің жағ­дайын жақсы түсінетін мамандармен жұмыс істеген тиімді. Ал шетелден оқып келген жастар бұл компаниялар үшін қажет маман болып табылады.

Еліміздегі жоғары оқу орындары­ның басым көпшілігі Алматыда шоғырланғандықтан, университеттер базасында ақпараттық технологиялар алаңдарын дамыту керектігін алға тартқан Рахман Алшанұлы осы орайда қала әкімдігімен кездесуде венчурлық орталықтар құру мәселесі көтерілгендігіне тоқталды. «Қазір мүмкіндіктер кезеңі. Мемлекет тарапынан білім мен ғылым саласына қолдау бар. Бірқатар университеттің бюджеті аз деуге келмейді. Ал бөлін­ген қаржы рейтингті жоғарылату үшін емес, технологиялық даму бағы­тында жұмсалуы қажет», деп атап өтті Рахман Алшанұлы.

Интеллектуалдар эммиграциясы­ның жағымды жақтарын қарастырған Қоғамдық-саяси зерттеулер институ­тының (Institute for Public Policy Research) сараптамасына сүйен­сек, мигранттардың 70-90 пайызы табысының қандай да бір бөлігін өз еліне аударып отырады. Ал интеллектуалдар көшінің нәтижесін ХХ ғасырда дамушы елдерде білім мен ғылымға инвестицияның, мамандық беделінің төмендеуінен Америкаға бет түзеп, кейін өз еліне пайда әкелу үрдісінен аңғарамыз. Донор елдер бірте-бірте мамандарынан айырыл­ға­нымен, оның жағымды жағын өз елінде технологиялық компания­лар құрған тайвандықтардың, сон­дай-ақ ірі IT компаниялардың негі­зін қалаған қытайлықтардың тәжі­ри­бесінен көруге болады. Кали­фор­ния университеті жанындағы Им­ми­­гра­циялық зерттеулер орталығы 1990 жылдарда Үндістандағы ақпарат­тық технологиялар серпілісін 1970-1980 жыл­дарда Америкаға кеткен маман­дардың оралуымен байланыстырады. Үндістандағы 20 ірі software компанияларының тең жартысын америкалық индустар құрса, 4-уі бірлескен компания болып табылады. Осы 14 фирмадағы топ-менеджерлер – бұрынғы эммигранттар. Интеллектуалдардың елге оралуымен үндістандық IT компаниялар елдің ІЖӨ 7,5 пайызын қамтамасыз етіп, 2 млн астам жұмыс орынының ашылуына ықпал еткен.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев білімді, креативті, мақсат қойғыш жас­тардың өз елінен болашағын бол­жай алмай, өзге елдерге кетуі, яғни басқа саяси-экономикалық жүйе­лерден бәсекелестік іздеуі алаң­да­тар­­лық жағдай екендігін айтады. Бұл үрдіске тосқауыл қою үшін да­йын мамандарды елге қайтару саясаты жасалуы керек. Бүгінде бұл әдіс­ті Қытай тиімді пайдаланып келе­ді. Нәти­жесінде, Аспан асты елі мықты тех­­н­ологиялық серпіліс жаса­ды. Әлем­­дегі дәулеттілердің қатары­нда тұрған Джек Ма Қытайдың иннова­ция­­лық сегментінің өкілі дейтін бол­­сақ, бұл сол елдің жаңа образын қа­лып­­тас­тырудағы мемлекеттік идео­ло­­ги­я­сы­ның бір бөлігі болып табылады.

Сарапшының айтуынша, білім саласында қатаң бәсекелестік болған жағдайда бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптасады. Яғни жастардың алға қойған армандарын жүзеге асыруға тең мүмкіндік қажет. Ол үшін сапалы білім беретін оқу орындары Алматыда ғана емес, республиканың барлық өңірінде болуы керек.

Осы тұста адамзат игерген білім­нің 90 пайызы соңғы 30 жылға тие­сілі екендігін ескерсек, ғылымның бар­лық саласындағы жаңалықтардың негі­зінде экономикалық құрылымның жаңа моделі, адам капиталының басты ресурсы – экономикалық білім тұр. Осыған орай, трансұлттық компания­лар­дың мамандар даярлауға кете­тін шығыны жалпы бюджеттің 25 пайызын құрайды екен. INSEAD Францияның зерттеу институты Adecco Group және HCLI – адам капиталы саласындағы көшбасшылық институтымен бірлесіп, жыл сайын әлемдегі біліктілігі жоғары мамандар нарығы жайындағы есебін жария­лап отыруды үрдіске айналдырған. Бұл арнайы индекс (Global Talent Competitiveness Index) мемлекеттердің біліктілігі жоғары және талантты мамандарымен қаншалықты бәсекелесе алатындығын анықтайды. Сонымен бірге әр мемлекеттің білікті мамандарды даярлап, оларға жағдай жасау мүмкіндіктері де бағаланады. Ол үшін жеті тәуелсіз көрсеткіш, яғни демография, міндетті білім жүйе­сінің сапасы, университеттер мен биз­нес-мектептердегі білім сапасы, білік­ті мамандарды тәрбиелеу ортасы, еңбек нарығының ашықтығы мен мо­бильдігі, шетел мамандары мен инвестиция тарту үрдісі негі­з­ге алынады. Сондай-ақ, білікті ма­ман­­­дардың еліне қаншалықты қа­жет екенд­ігі ескеріледі. Бұл тізімде Қаза­қ­­стан әзірге мамандарға жағ­дай ж­асау жағынан – 54, мамандар тарту­дан – 62, маман тәрбиелеу жағы­нан – 58, мамандарды өсіруде – 78, тұрақ­тандыруда – 39, біліктілігі жағынан – 62, техникалық, басқару және креативті білік тұрғысынан – 39-орында тұр.

Дүниежүзілік экономикалық форум деректері бойынша, 2022 жылға қарай әлемде 75 милллион жұмыс орны жойылып, есесіне 133 миллион жұмыс орны пайда болады. Яғни төртінші өнеркәсіптік революция нәтижесінде жасанды интеллект, роботтар мен автоматтандырылған өндірістер еңбек нарығына күрт өзгеріс әкелмек. Осы орайда адам капиталын дамыту – мемлекет алдында тұрған басым бағыттың бірі дейтін болсақ, жаңа технологиялық серпіліс жасайтын интеллектуалдар көшін кім бастайды?

 

АЛМАТЫ