Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев ТАСС Ақпараттық агенттігі бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусманға 2-дәрежелі «Достық» орденін тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстанның Ресейдегі Елшілігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ресейлік журналист «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін» жоғары марапатпен марапатталды.
Михаил Гусман жоғары награда үшін Қазақстан Республикасының басшылығына ризашылығын білдіріп, өзінің әріптестерімен бірге екі ел арасындағы ақпараттық саладағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сендірді.
Одан өзге журналист қазақстандықтарды келе жатқан Наурыз Мейрамы мерекесімен құттықтап, елге тыныштық пен бақ-береке тіледі. «Достық» ордені – қоғамдағы өзара келісімді сақтау жөніндегі жемісті жұмысы, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін берілетін Қазақстан Республикасының ең жоғары наградаларының бірі.