Бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осы жылы қара металлургия өндірісін арттыратын 6 жоба іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
«Қара металлургияда биыл нақты көлем индексі – 105 пайыз деп белгіленген. Оның ішінде ферроқорытпа өндірісі 10,4, болат өндірісі 17 және прокат өндірісі 19 пайыз артатындығы жоспарланып отыр. Негізгі екпін «АрселорМиталл Теміртау» және «Қазхром» кәсіпорындарына түседі. Биыл біз ферро-қорытпа, құрылыс арматуралары, болат құбырлар, темір және марганец кенін қайта өңдеу өндірісін арттыруға мүмкіндік беретін 6 жобаны іске қосамыз», деді өңдеу өнеркәсібін дамыту жайында баяндаған министр.
Министрдің айтуынша, жоспарланған өсімге қол жеткізу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнеспен бірлесіп, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін реттеуші тетік әзірленеді.
«2025 жылға қарай өндіріс көлемі жылына 4 млн тонна болатқа жеткізіліп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының негізгі техникалық қуатын жаңғырту аяқталады. Салынатын инвестиция көлемі - 1,3 трлн теңге», деді Бейбіт Атамқұлов.