Таяуда Еуропалық комиссия «цифрлы онжылдық» құжатын қабылдады. Онда 2030 жылға дейінгі цифрлы технология саласындағы өзекті мәселелер қамтылған. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» жариялап отырған мақалалардың біреуі осы мәселеге арналған.
Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Хосеп Боррел мен Еуропалық одақтың Бәсекелестік жөніндегі комиссары Маргрет Вестагер бірлесіп әзірлеген мақалада қарт құрлықтың цифрландыру саласындағы көзқарасының маңызы жайлы сөз қозғалады.
Авторлардың сөзіне сүйенсек, Еуропалық одақ әлемдегі цифрлы технология саласын дұрыс бағытқа бұруға қабілетті. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қарт құрлықтың шенеуніктері тиісті шараларды іске асырып, халықаралық ынтымақтастық орнатуы қажет.
Принстон университетінің биоэтика профессоры Питер Сингер АҚШ-тағы мынадай қызық оқиғаға тоқталады. Тұрғындарға вакцина салуға жауапты Хасан Гокал артық қалған екпелерді басқа адамдарға егеді. Кейінірек осы әрекеті үшін жұмыстан шығарылып, жауапқа тартылған. Автор осы оқиғада дәрігерді қудалағандарды сынға алады.
Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасының мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
БРЮССЕЛЬ. Таяуда Еуропалық комиссия «цифрлы онжылдық» бастамасын таныстырды. Еуропалық одақ 2030 жылға дейін төрт негізгі бағытқа басымдық бермек. Атап айтқанда, инфрақұрылым, мүмкіндіктер, қоғамдық қызмет және бизнесті цифрландыру. Осылайша, қарт құрлық қазіргі таңдағы цифрлы революцияның алдыңғы қатарында болуды көздейді.
Технология азаматтар мен бизнеске өркендеген және қолайлы қоғам қалыптастыруға мүмкіндік беруін қамтамасыз ету үшін бізге ашық және бәсекеге қабілетті нарық қажет. Тұтынушыларға өнімдері мен қызметтерін тең дәрежеде жеткізуге және инновациялар енгізуге бүкіл кәсіпорындардың мүмкіншілігі болуға тиіс.
Кеңірек айтсақ, цифрландыру қазіргі таңда экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қалыптастырудың және жаһандық ықпал етудің кілтіне айналды. Ортақ болашағымыз цифрлы ортада қалыптасып келеді. Технологиялық басымдыққа жетуді көздейтін геосаяси тұрғыда бәсекелес әлемде Еуропалық одақтың цифрландыру жөніндегі көзқарасы өзін дәлелдеуі тиіс. Осылайша ашық қоғамға, заңның үстемдігіне және басты еркіндіктерге сүйене отырып, цифрлы технологияларды қадағалау және оны қуғын-сүргін құралы ретінде қолданатын авторитарлы жүйелерден артықшылығын көрсетуі қажет.
Өз мүмкіншіліктерін толыққанды пайдалана отырып, Еуропалық одақ әлемдегі цифрлы технология саласын дұрыс бағытқа бұра алады. Еуропаның цифрлы онжылдығын сәтті өткізу ЕО-ның аясында терең ынтымақтастық қалыптастырып, екіжақты және көпжақты қатынастарды жолға қоюға тікелей байланысты. Бәрінен бұрын, технологиялық инновацияның бүкіл тиімділігін көру үшін инвестиция еркін құйылатын ашық цифрлы экономика қалыптастыру керек. Денсаулық сақтау саласында цифрлы шешімдерді қолданып, терроризммен күресіп, климаттың өзгеруінің алдын алып, биологиялық алуан түрлілікті қорғаймыз ба, әлде технологияны табиғи апаттарды болжап, келешек пандемиялардың алдын алуға пайдаланамыз ба, бәрібір бізге халықаралық технологиялық ынтымақтастық қажет.
Бірақ цифрландырудан келетін қауіп-қатер де жетерлік. Мәселен, жаппай қадағалау мен маңызды нысандарға жасалған кибершабуылдан бастап, қоғамды бөлшектейтін, демократияны әлсірететін, мемлекет қаржыландыратын дезинформацияға дейін жалғаса береді. Ендеше, ашықтық пен біздің маңызды құндылықтарымыз бен мүдделеріміздің арасында тепе-теңдікті сақтап отырғанымыз жөн.
Атап айтқанда, мына үш негізгі қағидаларды ұстануымыз керек. Цифрлы нарықта тең жағдай жасау, киберкеңістіктегі қауіпсіздік және желідегі еркіндік (соның ішінде сөз бостандығы мен жиналыстарды қорғау, кемсітушілік пен жеке мәліметтердің тарап кетуіне жол бермеу).
Еуропалық одақтың екіжақты қатынастарын нығайтуға, нақты стандарттарды орнатуға және тауар жеткізуде тұрақты цифрлы тізбе құруға деген ынтамызды сақтай отырып, АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігіне бірлескен сауда және технологиялар кеңесін құру туралы ұсыныс жасадық.
Сондай-ақ ЕО адамзатқа арналған цифрландыру жөніндегі ортақ көзқарасы бар жаһандық коалиция құруға ұмтылады. Біз технологиялар мен цифрлы экономиканы тиімді демократиялық басқару арқылы жүргізетіндермен ынтымақтастықта болуымыз қажет. Мұндай кез келген коалицияға интернеттің ашық, орталықтандырылмаған моделін және цифрлы нарықтардағы әділеттілік, киберкеңістіктегі қауіпсіздік және жеке желідегі еркіндікті қорғауға дайын барлық адам қосыла алуы керек.
Тізе қосып жұмыс істегенде ғана жасанды интеллект пен басқа да заманауи технологияларға ортақ құндылықтарымызға негізделген стандарттар қойып, басқалар жасаған инновацияның тиімділігін көріп, кибершабуылдарға қарсы мықты қорғаныс қалыптастырамыз. Озық ойлы әріптестердің коалициясын құру біздің цифрлы жеткізу тізбегін қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізгі қайнар көзіне айналдырады.
Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе – цифрлы онжылдық 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге берілген соңғы мүмкіндік. Цифрлы технологияның әлемнің түкпір-түкпіріндегі қоғамдық қызметтерге қол жеткізіп, оларды іске қосуға мүмкіндігі мол екені белгілі. Африкада интернетке қолы жеткен тұрғындардың мөлшері 2005 жылғы 2 пайыздан 2019 жылға қарай 40 пайызға дейін ұлғайтылып, балалардың көбірек білім алуына, әйелдерді жұмыспен қамтуға жол ашылды. Әйтсе де, жаһандық деңгейде цифрлы бөліну бар кезеңде жаңа технологиялардың бүкіл мүмкіншілігін сезіне алмаймыз.
Осы мақсатта ЕО көп ұзамай серіктестеріне өзінің цифрлы басқару шеңберін, соның ішінде киберқауіпсіздік және деректерді қорғау секілді салаларды дамытуға көмектесу үшін қаржылық ресурстар мен техникалық көмектерді біріктіретін бастама ұсынады. Мысалы, жаңа Цифрлы байланыс қоры бұл бастамаға негіз бола алады. Осылайша, серіктестерімізбен бірге алдағы уақытта осындай идеялардың қаншалықты орындалатынын зерттейміз.
Сөз соңында, қауіпсіз, бірақ ашық интернетті сақтау ел билігін ғана емес, сонымен бірге азаматтық қоғам, жеке меншік және ғылыми топтардың өкілдерін біріктіретін көпжақты көзқарас моделін жасауды қажет етеді. Содан кейін бұл модель БҰҰ мен Дүниежүзілік Сауда Ұйымынан бастап, Халықаралық Телекоммуникациялар Одағына дейінгі халықаралық ұйымдар шеңберінде жүзеге асып, ортақ ережелердің мақсатқа сай екенін қамтамасыз етеді.
Сонда ғана ортақ қағидаларымыз арқылы қалыптасқан орта адамзатқа негізделген цифрлы өзгеріске қол жеткізіп, технологияның пайдасын арттырып, қаупін азайтуға жол ашады. Киберкеңістікте де Еуропа жаһандық негізгі құндылықтардың тірегіне айналады. 1948 жылғы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы адамның қадір-қасиетін, жеке өмірге қол сұғылмаушылық пен кемсітпеу құқығын, сөз бен сенім бостандығын белгіледі. Цифрлы революцияны осыған сай жүргізу – біздің ортақ міндетіміз.
Маргрет ВЕСТАГЕР,
Еуропалық комиссияның Еуропаның цифрлы дәуірге бейімделуі жөніндегі атқарушы вице-президенті, ЕО-ның Бәсекелестік жөніндегі комиссары,
Хосеп БОРРЕЛ,
Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі, Еуропалық комиссияның Еуропаның әлемдегі орнын нығайту жөніндегі вице-президенті
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org