• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Наурыз, 2021

«Командамен жұмыс істеудің» кесірі көп

412 рет
көрсетілді

Құрамына 50-ге жуық мемлекет кіретін Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сала­сында арнайы конвенциясы бар. Бұл құжатта да жемқорлыққа қатыс­ты жауапкершілік екі жаққа – қол ас­тындағы қызметкер мен басшы­лыққа теңдей қарас­ты­рылады.

Алайда бұл елдерде жауапкершілік туралы сөз болғанда ең бірінші әлеуметтік әділеттілік пен моральдық ұстанымдарға төнетін қауіп-қатерге баса мән беріледі. Ал біздің елде бұл заңның толықтай жүзеге асырылуына не кедергі? Сол баяғы – сыбайлас жемқорлық. Бұл жерде де осы індеттен айналып өте алмай отырмыз. Мәселенің мәні параны алу-беруде емес, мемлекеттік қызметтегі «командалық жұмыс істеу стиліне» келіп тіреледі. Бір-бірін қолдап-қолшаптап, бірінің қылмысын бірі жасырып-жауып отыратын «командамен жұмыс істеу» деген қағиданы толық жоймайынша, бұл проб­лема алдымыздан шыға берері сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, «мемлекеттік қызметтегі команда» жемқорлыққа жол аша береді. Қол астындағы қызметкерге кез келген басшы жауапты. Бұрынғыдай «бірінші басшылық әрбір қызметкері үшін жауап беруге міндетті емес деген» көзқарас қазіргі уақыттың талабына сай келмейді. Егер заң орындалып, 1-2 лауазымды тұлға қызметінен кетсе, осының бәріне қоғам мен халық куә болса, бұл мәселе де өздігінен реттеле бастар еді. Ең бастысы, халықтың сенімі оянар еді.

Бұл мәселені күрделендіріп тұрған тағы бір жайт – қызметке жаңадан келген басшылардың кадрларды сапырылыстырып, ауыстыра бастауы. Тәжірибесі бар білікті басшы кадрдың қадірін білуі керек. Осы түйткілдердің барлығы заңда нақты әрі түсінікті етіп жазылғаны дұрыс.

 

Марат БӘШІМОВ,

Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры