Ұлттық даму жоспары аясында мемлекеттік органдар жыл соңына дейін жаңа жүйеге көшуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz
9 наурызда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспары бекітілген еді.
«Мемлекеттік Стратегиялық жоспарлау жүйесінің негізін қалаушы тармағы – Тұңғыш Президент – Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында белгіленген міндеттерді іске асыру болып отыр. Стратегияны дамытуда орта мерзімді стратегиялар қабылданады. Олардың бірі – Ұлттық даму жоспары болады. Ұлттық даму жоспарының нақты басымдықтары болуы үшін Президент Жарлығы қабылданды, онда жалпыұлттық басымдықтар көрсетілді. Жалпыұлттық басымдықтар – экономиканы, біздің әлеуметтік саламызды дамытудың негізгі бағыттарының арнайы тізбесі, олар алдағы бес жылға қандай мақсаттар қоятынымызды, оған қалай қол жеткізетінімізді және қандай да бір бағытқа жеке жауапты болатынымызды анық түсіну үшін қажет», деді Қайрат Келімбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикер жоспар аясында мемлекеттік органдардың жаңа жүйе бойынша қашан жұмыс істейтінін айтты.
«Өзгерістер аясында көптеген құжаттар қысқартылды және тұтастай алғанда, жүйенің өзі шағын әрі қонымды болды. Біз қазір мемлекеттік органдар жаңа жүйеге көшетін жолдың басында тұрмыз. Көшу жыл соңына дейін аяқталады. Ал негізгі бөлігі – ұлттық жобаларға, жаңа бюджеттік бағдарламаларға көшу 1 қыркүйекке дейін аяқталады», деді Қ.Келімбетов.
Айта кетейік, еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарында еліміздің жаңа экономикалық бағытының негізгі міндеттері мен параметрлері айқындалған.