Алдағы уақытта әлемдік кассалық анимациялық мультфильмдер мен көркем фильмдердің танымал кейіпкерлері қазақша сөйлейтін болады. Marvel мен Disney компаниясының әйгілі туындыларын Qazaqstan телеарнасы дубляждап, көрерменге ұсынуға дайын.
Қазіргі таңда «Чёрная пантера» – «Қара қабылан», «Мстители: Война бесконечности» – «Кек алушылар: шексіздік соғысы», «Человек-муравей и Оса» – «Құмырсқа адам және Сона», «В поисках Дори» – «Дориді іздеу», «Суперсемейка 2» – «Суперотбасы 2», «Книга джунглей – Джунгли кітабы», «Тачки 3» – «Көліктер 3», «Большой и добрый великан» – «Мейірімді дию», «Планета сокровищ» – «Қазыналы ғаламшар», «Лис и пес» – «Түлкі мен ит», «Большое путешествие» – «Ғажайып саяхат», «Спасатели в Австралии» – «Ержүрек құтқарушылар», «Красавица и чудовище» – «Сұлу мен құбыжық», «Бэмби», «Золушка» – «Күлшеқыз», «Спящая красавица» – «Ұйқыдағы ару», «Книга джунглей» – «Джунгли кітабы», «Леди и Бродяга» – «Бикеш пен қаңғыбас» көркем және анимациялық фильмдерінің дубляж жұмыстары аяқталған.
Әлемдік премьераларды қазақстандық көрермендерге ана тілінде тамашалауға мүмкіндік беруді мақсат еткен жобаға Marvel және Disney компанияларының ең танымал өнімдері сатып алынған. Бұл туралы: «Қазақстан» телерадиокорпорациясы әлемдік туындыларды аудару үрдісін жалғастырады. Қазіргі кезде Disney компаниясымен кезекті келісімшарт пакеті жүргізіліп жатыр. Әлемдік мультипликациялық блокбастерлер мен көркем фильмдерді қазақ тілінде ұсыну аясында жаңа жылдан бастап «Қазақстан» корпорациясы BBC телеарнасының ең таңдаулы деректі фильмдерін қазақ тіліне аудара бастады. BBC өнімдері Qazaqstan және Abai tv арналарының бағдарламалық кестесіне енгізілді», деді телерадиокорпорацияның Баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 2012 жылдан бері Ұлттық арна Disney компаниясының алтын және платина коллекциясынан 50-ге жуық туындыны аударған болатын.