Ұлан ауданының Бозанбай орта мектебінде 48 оқушының дене қызуы көтерілген. Жүректері айнып, құсқан. Олардың 19-ы Өскемендегі Ана мен бала орталығына жіберілді. Білім басқармасы мамандарының мәліметінше, дәрігердің тексеруінен өткен оқушылар мектеп асханасындағы тамақтан уланып қалған, деп хабарлайды Egemen.kz
Бүгін мектеп толықтай карантинге жабылып, оқушылар қашықтықтан оқуға көшірілді. Сондай-ақ қазіргі уақытта мектепте облыстың бас педиатры, эпидемиолог және инфекционист, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары жұмыс істеп,қажетті зерттеулер жүргізуде.
Сонымен қатар аудан әкімдігі мен білім басқармасы балалардың улану себептері мен жағдайларын зерттеу бойынша ведомствоаралық комиссия құрылған.
Аудандық ішкі істер бөлімі аталған факті бойынша мектеп асханасын жалға алған жеке кәсіпкердің үстінен ҚР ҚК 304-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Бақылауды әлсіреткені үшін аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директоры да қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.