• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Наурыз, 2021

Ұлы іс пен ұлыс

2456 рет
көрсетілді

Жыл сайын осы күні тәуелсіз еліміздің тағдыршешті қадамы жасалған тарихи сәт көңіл төріне қайта қонақтайды. Бұдан дәл екі жыл бұрын, 2019 жылдың 19 наурызы Ұлыстың қарсаңындағы ұлы іс ретінде ел тарихына айтулы даталардың бірі болып енді. 

Сабақтастық салтанат құрып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Тұңғыш Президенттің шешімі шынайылықпен дәйектеліп, керуен жылдардың кедергісіне мұқалмаған көлікті көштің жүгі ілгері жылжыды.

Осы екі жыл ішінде түрлі қиындықтарға қара­мас­тан Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы да сенімге серт байлап, сындарлы сәтте сыр алдырмай ел үмітін еншіледі. Жаһандық індет жан алқымнан алған тұста жаңаша реформалар арқылы жағдайды тұрақтандырып, ұлтты ұйыта білді. Сыртқы және ішкі саясатты теңдестіріп ұстап, татулықты тұмар етіп, тұғырда нық тұрды. Бұл Елбасының биік парасатының тағы бір көрінісі болды.

Әрине, былтыр пандемия көкейімізде бүр жарған келелі көп мақсатымызға кедер­гісін келтірді. Әуелде күллі әлем абдырап қалға­нымен, артынан аты жаман індетті ауыздық­таудың амалы табылды. Қоғамның санасын үрейден арашалап, өткінші қауіптің өтінде қалмауды үйрендік. Мемлекет кәсіпке бейім азаматтарға көмек қолын созып, эко­но­микамыздың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шұғыл шешім, байыпты бастамалар жасап, әлеуметтің еңсесін көтерді. Ұлы Абай және Фараби жылдарында тағылымды іс-шараларға куә болдық. Сайлау өтіп, Мәжілістің құрамы жаңарды. Десек те, тышқан жылы «індет інге тыққан» күрделі кезең ретінде ел есінде қалатын болды.

Санаулы күннен кейін күнтізбе бойын­ша сиыр жылы босағамыздан аттайды. Осы­лайша, отарлық қамытынан құтқарған азаттықтың отызыншы жылына қадам басамыз. Қазір айтуға ғана оңай, отыз жасқа толып кемелденген мемлекетіміздің қысқа мерзім ішінде мұндай табысқа жететініне әдепкіде күмәнмен қараған жандар да аз болған жоқ. Экономикасы әлжуаз, демографиялық ах­уалы әлсіз, этностық құрамы ала-құла, шекарасы ашық-шашық жатқан елімізді кейбір саясаткерлер «Азияның Балқанына» теңеді. Қайсібірі түрлі ұлтаралық қақтығыстар туады деп сәуегейлік жасады. Өндірісі шикізатқа тәуелді, қалалары бір-бірінен алшақ, жолдары да жарамсыз екенін жарыса айтып жатты. Әйтсе де бөстекі болжампаздардың жорамалы жоққа шықты. Қысқа жылда әлеуеті артқан іргелі мемлекетке айналдық. Дәрменсіздікке дес бермей, дамудың жаңа сатысына өттік. Көкте бір Тәңірге, жерде бір өзіне ғана сенген баба тәлімінен таған тартқан халқымыз жиырмасыншы ғасырда саналуан әлеуметтік тартысқа ұрынса да жаңа мыңжылдыққа егемен ел болып аттады. Өтпелі кезеңнің желкөбік пікір, жаңсақ жарнамаларына сабырмен қарап, ұлттың тұтастығына сызат түсірмеді. Ішкі және сыртқы саясат байыпты да байсалды даму бағытында өрбіді. Тәуелсіз Қазақстан барлық халықаралық ұйымдармен, алыс-жақын мемлекеттермен ыждағатты ынтымақ орнатты.

Алғаш арайлы азаттықтың самалы маң­дайымызды өпкенде еліміздегі қазақ халының саны 40 пайызға да жетпейтін еді, қазір 80 пайызға таяп қалды. Ұлттық құндылықтар жаңғыра түлеп, мәдени мұрамыз мәйектелді, тарлан тарихымыз дәйектелді, ұлтымыздың жаңа рухани болмысы қалыптасуға негіз қаланды. Дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды саралап, сабақтадық. Алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні соның жарқын дәлелі.

Қазір де Ұлы мейрамға орайластырыла мем­лекет тарапынан, ел-жұрт, жекелеген де­меу­шілер көмегімен қаншама сый-сияпат жа­салынуда. Сондай-ақ биылғы Нау­рыз қарсаңында ел көлеміндегі толғақты әлеу­меттік шаруалар, әсіресе, көп балалы аналар, тұр­мысы төмен отбасылардың жай-күйі, жалақы сынды мәселелердің түйінін тарқатуға бағыт­талған бағдарламалардың қабылдануы сөзіміз­дің дәлелі.

Ұлы істің Ұлыстан бастау алғаны бекер емес болар. Әз-Наурыз – ғасырлар шеруін­де түзілген әдет-ғұрпымыздың, жиған-терген ін­жу-маржанымыздың алтын көмбесі, сәулелі ай­шығы десек, тәу етер тәуелсіздік – басымыз­дағы барымыз, кір шалмаған арымыз, баянды бақытымыз һәм мемлекетіміздің мызғымас тірегі, отаншылдықтың жүрегі екені анық.

Ұлыстың ұлы күнінде түбі бір түркі халқы Ергенеқонның жартас-шатқалын жарып, еркіндікке жетелеген, бодандықтан бостан­дыққа бастаған ақжарылқап сәтті еске түсіріп, болат төске сом балғамен алма-кезек ұрып, көріктің отын маздатады екен. Сондықтан күн мен түн теңелген, барша жұрт жақсылыққа кенелген әз Наурыз әманда жылдың басы, сонымен бірге елдік пен еркіндіктің жаршысы саналған.

Төрге озған сиыр жылында ауыртпалық артта қалып, Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ошағымызда отымыз маздап, Отанымыздың ырысы арта берсін!