Мемлекеттік награда Гүлнар Кенжебайқызына салтанатты жағдайда табыс етілді, деп хабарлайды Еgemen.kz
Педагогикалық жетістіктері және еліміздің білім саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін елордадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлнар Апеева «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды.
Мемлекеттік награда Гүлнар Кенжебайқызына салтанатты жағдайда табыс етілді. Өзінің кәсіби мамандығын жетік меңгерген Гүлнар Кенжебайқызы білім саласында 35 жылдан аса еңбек еткен жаңашыл зерттеуші, дарынды ұстаз.
«Мұғалімде Лев Толстойдан кейін «Болашақтың адамы қазірдің өзінде біздің арамызда» деп айту артықшылығы мен салмағы бар. Артықшылығы, біз, мұғалімдер, күн сайын 50-60 жыл белсенді еңбек ету келешегі бар балаларды оқытамыз. Біздің әрқайсымыздың қанша уақыт алға көз салатынымызды елестетіп көріңіз - жарты ғасыр алға қараймыз. Ауыртпалығы - біздің жұмысымыз бізден, бүгінгі күн адамдарынан, келер толқын тұлғаларында болуы тиіс қасиеттерді бойына дарытқан, болашақ адамы болуды талап етеді. Мұғалімнің жұмысы – болашақты айқындайды», деп бөлісті өз пікірімен Гүлнара Апеева.