Ақ қар, көк мұз дала. Шуақты көктемнің иісі кітапхана фойесінде ашылған суретшілер көрмесінде ғана сезіледі. Өнер десе ет жүрегі езіліп тұратын өскемендіктер бұл күні «Көктем бояулары» атты көрмені тамашалауға асығып бара жатқан.
Шығыста тарыдай шашылып жүрген қылқалам шеберлерінің бастары бірігіп, алдыңғы жылдары «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігін құрған бола-тұғын. Құрамында қазақтың кіл мықты кәсіби суретшілерінен бастап, әуесқой жастарға дейін бар. Міне, бұл – солардың алғашқы өткізіп отырған көрмелерінің бірі. Бұған дейін Абайдың 175 жылдығына орай «Көзімнің қарасы» атты үлкен көрме ұйымдастырған.
Бұрын-соңды Шығыс Қазақстанда мереке-мейрам қарсаңында суретшілер көрмесі өтіп көрген емес. Әркім өзінің жеке көрмесін ұйымдастырғандары болмаса, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарысып, бейнелеу өнерін Өскемен шаһарында дәріптей бастағаны міне ғана. Жастардың қолға қылқалам алып, ұлт руханиятына үлес қосып жатқаны Суретшілер одағының мүшелері Құдаш Нұрсадықов, Ержан Тұрғанбаев, Гүлнар Миғражқызы сынды аға-әпкелерінің арқасы. Ал шығармашылық бірлестіктің құрылуына мұрындық болған Құдаш Дәулетханұлы облыстың төрт бұрышында жүрген суретшілерді бірлестікте топтастырып, әртүрлі тақырыпта көрмелер ұйымдастыруды қолға алды.
– Өскеменде суретшілердің бірлестігі бар. Бірақ облыс орталығынан алыс ауылдардағы суретшілер өз қазанында ғана қайнап жатыр. Тәжірибе алмасатындай мүмкіндіктері жоқ еді. Бірақ тасада жүрген небір таланттар бар. Солардың бәрімен тізе қосып, ақылдаса отырып жобалар жасауды қолға алдық. Бұл – бастамасы. Талантты жастар таңғалдырады әлі, – деген Құдаш Нұрсадықов шәкірттеріне зор сенім білдірді.
Бұл жолы Оралхан Бөкей атындағы кітапханада ұйымдастырылған «Көктем бояулары» көрмесіне 15 суретші қатысып, қазақ халқының тұрмысынан, тарихы мен дәстүрінен сыр шертетін туындыларын ұсынды. Әр жұмыс әр стильде, әр жанрда орындалған. Мысалы, семейлік суретші Маржан Бақытбек «Қыстың соңғы күні» картинасында шығыстағы өлара мезгілді айнытпай суреттеген. Шақырайып күн шығып тұрғанымен, қар көбесі сөгіле қоймаған. Наурыз таяғанымен, көктемнің кеш келері сезіліп тұрғандай. Асылында, қазақ халқы ұлыс мерекесі қарсаңында соғымнан қалған сүр етті қазанға салып, наурызкөже пісіріп, ақ дастарқанға қоятын. Сол сәтті натюрморт жанрында бейнелеген тарбағатайлық суретші Еркебұлан Жәкішевтің «Наурызкөже» атты полотносы да өте сәтті шыққан. Қуаныш Әділбектің сәукеле киген қазақ қызын майлы бояумен мөлдірете жазған портреті де өнерсүйер қауымның назарын аударды. Рада Бейсенова, Данияр Алдабергенов, Дәулет Тастемір, Айбек Самарқанов, Еркебұлан Сванов, Әділет Болатұлы, Досжан Даниярұлы сынды қылқалам шеберлері ойнақы түстермен жазған картиналары арқылы көрерменге көктемгі көңіл күй сыйлауға тырысқан. Көрермен демекші, сол баяғы санитарлық талаптарға байланысты көпшіліктің жиналуына мүмкіндік болмады. Әйтпесе, бейнелеу өнеріне қызығушылық танытатындар аз емес. Қызығып қана қоймай, өздеріне ұнаған картинаны сатып алуға ниет білдіретіндер де кездеседі. Суретші қауымның айтуынша, салмақты тақырыптағы жұмыстар да жақсы бағаланатын көрінеді.
«Көктем бояулары» көрмесінде тарихи жанр да шеберлердің назарынан тыс қалған жоқ. Жас суретші Нұржан Солтанбеков «Аңырақай шайқасы» триптихі, Жарма ауданының суретшісі Мәди Қайырханның «Зар заман» картинасы эмоцияға толы.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтіп жатқан бұл көрме Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Қазақстан көркемсурет академиясының 15 жылдығына орай ұйымдастырылды. Көркемсурет академиясының 15 жылдығымен байланысты елімізде үлкен шаралар өткелі жатқаны белгілі. Соның алғашқы шарасы шығыстан бастау алды, міне. Игі іске риза болған академияның төрағасы Амандос Ақанаев шығыстағы төрт суретшіге жүрекжарды тілегін жазып, арнайы дипломын жіберді. Қылқалам шеберлерінің өз заңдары бойынша мұндай диплом әдетте бір-ақ шеберге беріледі екен. Бұл жолы Шығыс Қазақстаннан Ержан Тұрғанбаевқа, Гүлнар Миғражқызына, Еркебұлан Жәкішевке және «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Құдаш Нұрсадықовқа бұйырды.
Ал «Көктем бояулары» көрмесін қала тұрғындары мен қонақтары әлі бір айға жуық уақыт тамашалай алады.
Шығыс Қазақстан облысы