Бүгінгідей климаттың өзгеруі секілді қоршаған ортаға төнген қауіп әлем елдеріне ой салғалы біраз болды. Өркениетті елдер жаңартылатын энергия көздерін дамытып, табиғатты қорғау мәселесін күн тәртібіне шығарды.
Солардың бірі – 400 мыңға жетпейтін халқы бар Исландия тәжірибесі көпке үлгі ретінде айтылып жүр. Бұл шағын елде тұтынылатын электр энергиясының шамамен 100 пайызы жаңартылатын көзден алынады. БҰҰ Исландияның баламалы энергия көзіне ауысуын әлем елдері үшін үлгі болатынын айтады. Исландия мысалынан баламалы энергия көзінің ел экономикасын да нығайта түскенін байқауға болады. Бастапқыда ел билігі әлемдік энергетикалық нарықтағы мұнай бағасының тұрақсыздығына төтеп бере алмай, баламалы энергия көздеріне бет бұра бастаған. Арктикалық шеңбердің шетінде оқшауланған ел үшін тұрақты әрі экономикалық негізделген ішкі энергетикалық ресурс құру мәселесі өзекті еді.
Исландия бұл бағытта шетелдік өнімдерден гөрі, отандық өнертапқыштардың жобаларын негізге алған. ХХ ғасырдың басында бір фермер геотермалды жылу жүйесін жасау үшін жерден шыққан ыстық суды өз шаруашылығында пайдаланудың жолын тапқан екен. Осыдан кейін елде геотермалды ресурстарды жүйелі түрде зерттеу басталған. Мұнай өнеркәсібінен алынған бұрғылау технологиясы көбірек үйді жылытуға болатын ыстық суға қол жеткізу үшін қолданылған. Кейінірек бұл жалпыұлттық коммерциялық жобаға ұласқан. Елдегі гидрожобалар да фермерлердің өз шаруашылығын электр қуатымен қамтамасыз ету ниетінен дами бастаған. Кейінірек бұл жобалар көлемі артып, мемлекеттің басты басым бағыттарына айналған. Осылайша, Исландияның жаңартылатын энергия көздеріне табысты көшкен көрінеді. Қай уақытта да ізденістің соңы жетістікке ұласады емес пе?!