• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 25 Наурыз, 2021

Наурыз мерекесіне орай құттықтаулар

399 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлады Akorda.kz.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өзінің құттықтау жеделхатында Қытай мен Қазақстан ын­тымақтастықтың әртүрлі сала­сында табысты нәтижелерге қол жеткізгенін және бұл екі мемлекеттің халықтарына зор пайда әкелгенін жазған.  Сон­дай-ақ Си Цзиньпин келе­сі жылы екі ел де өзара ор­нат­қан дипло­ма­тиялық қатынас­тары­ның 30 жыл­дығын атап өте­тініне тоқталып, қытай-қазақ қатынастарын жаңа деңгейге көтеру мақсатында стра­тегия­лық сабақтастықты одан әрі қолдап, тереңдетудің ма­ңызды екенін айтқан.

«Мен қытай-қазақ қатынас­тарын дамытуға баса мән бере­мін. Сізбен бірге Қытай мен Қазақ­­стан арасындағы дәстүрлі дос­тықты нығайтып, екі ел мен олар­дың халықтарының игі­лігі жолын­дағы өзара тиімді ынтымақтас­тықты тереңдету үшін күш жұ­мылдыруға дайынмын», делін­ген ҚХР Төрағасы­ның жеделхатында.   

Өзбекстан Президенті Шав­кат Мирзиёев құттықтау хатында екі ел алдағы уақытта Өзбек­стан мен Қазақстан арасын­­дағы тұрақты дамып келе жат­­қан өз­ара стратегиялық серіктес­тік­ті кеңейте алатынына және достас екі халыққа ортақ мүддені көздейтін өте жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірген.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы бауыр­ластық қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастықтың тату көршілік, стратегиялық серік­тес­тік пен одақтастық негі­зінде екі халықтың мүдделерін көз­дей отырып, одан әрі нығ­аятыны және дамитыны жөнінде жазған.

Тәжікстан Президенті Эмо­мали Рахмон өз құттық­тауында екі мемлекет арасындағы өза­ра тиімді ынтымақтастыққа ба­ғыт­талған қарым-қатынастар қас­терлі Наурыздың мәңгілік дәс­түрі негізінде қарыштап дамып, ке­ңе­йіп, жаңа мән-мазмұнмен те­рең­дей беретініне сенім білдірген.

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақ­стан халқына бақыт, шаттық және жаңа табыс тілеген.

Әзербайжан Президенті Иль­хам Әлиевтің жолдаған құттықтау хатында Әзербайжан мен Қазақстан ара­сындағы қарым-қатынастар Наурыз құндылықтарын өте қатты қастерлей­тін халықтарымыздың ерік-жігерінің арқасында кеңейіп, нығая береді деп сене­мін делінген.

Армения Президенті Армен Саркисян берік достық пен өзара түсініс­тікке негізделген Армения мен Қазақ­стан­ның  жан-жақты қатынастары дәйекті түрде одан әрі дами беретініне сенім білдірген.

Иран Президенті Хасан Рухани өзінің жеделхатында Наурыз екі мемлекеттің халықтары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, әлемнің барлық еліне қуаныш, игілік, тыныштық әкеледі деп үміттенетінін айтқан.

Израиль Президенті Реувен Ривлин­нің жеделхатында Наурыз бен Пасха мерекелерін тойлау сияқты бабалары­мыздың ежелгі дәстүрлері екі елді жа­қындастырады және екіжақты қарым-қатынастарды нығайтудың берік негізі болады деп жазылған.

Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, достық қатынастарды, бірлік пен экономикалық өсімді қолдауға бағытталған ірі аймақтық бағдарламалар мен жобалар аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін нақтылаған.

Палестина Президенті Махмуд Аббас Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, бақыт тілеп, бауырлас Қазақстан халқының берекесі артып, өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы­ның Бас хатшысы Владимир Норовтың жеделхатында күн мен түн теңелетін көктем мерекесінің адам мен табиғат арасындағы өзара үйлесімге ықпал етіп, достық пен ынтымақтастықтың алтын көпірі болатыны, сондай-ақ мәдениеттер мен өркениеттер диалогын байытып, дамытатыны, қауіпсіз әрі гүлденген болашақ қалыптастыруға септігін тигізетіні, оның «Шанхай рухы» қағидаттарына толық сай келетіні айтылған.

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйы­­мы­ның Бас хатшысы Станислав Зась Қазақ­станның ҰҚШҰ аясындағы одақ­тас­тық іс-қимылдар механизмін нығай­­туға, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйы­мына мү­ше мемлекеттердің халық­ара­лық және өңір­лік алаңдардағы күш-жі­герін үйлестіруге қосқан елеулі үлесін атап өткен.

ТМД Дінаралық кеңесінің Теңтөраға­сы Кавказ мұсылмандары басқарма­сының Төрағасы Шейх-уль-ислам Аллах­шүкір Паша-Заденің жеделхатында Наурыз мерекесі Алла тағаланың бізге берген нығметі және табиғат пен тір­ші­ліктің қайта түлеп, көктемгі күн мен түн­нің теңелетін қуанышты сәті екені ай­тыл­ған. Сондай-ақ ол әрбір отбасына бей­біт­шілік, құт-береке тілеп,  барша Қазақ­стан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген.