• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Оқиға 25 Наурыз, 2021

Жаңа ауруханада бәрі бар

519 рет
көрсетілді

Атырауда былтыр NCOC компаниясының демеушілігімен екі айда модульдік инфекциялық аурухана бой көтерген еді. Қазір жаңа нысан №2 инфекциялық аурухананың бөлімшесі ретінде жұмысын бастады. Онда 20 науқас ем қабылдап жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­ма­сының басшысы Асхан Бай­дуә­лиев­тің айтуынша, 200 орындық модульдік типтегі аурухана төрт блокқа бөлінген. Мұнда 180 төсек-орын стационарлық емдеуге, ал 20 төсек реанимация мен қарқынды терапияға арналған.

– Модульдік аурухананың құрылысы инфекциялық бақылаудың барлық талабы­на сай бой көтерді. Мұнда диагностика мен емдеу үшін заманауи медициналық жабдықтардың бәрі бар. Атап айтқанда, компьютерлік томография, сандық рентген, медициналық газ жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, өкпені жасанды желдету секілді ең қажетті аппараттармен қамтылды. Сондай-ақ қауіпсіздік деңгейі жоғары «ақылды» желдету жүйесі орнатылды. Әр палатадағы науқастар төсек-орынның жанындағы арнайы түйме арқылы медицина қызметкерін жедел шақыра алады. Ал оқшауланған бокстарға арнайы чиппен кіруге болады. Бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын пациенттер үшін гемодиализ жасау қызметі қолға алынды, – дейді А.Байдуәлиев.

Қазір модульдік инфекциялық ауруханада коронавирус инфекциясын жұқ­тырған 20 науқас ем қабылдауда. Ал об­лыстық №2 инфекциялық ауруханада қа­уіпті вирусқа шалдыққан 84 науқас емде­лу­де. Оның ішінде 8 пациент жансақтау бө­лі­мінде жатыр.

– Науқастардың ең үлкені – 92 жаста, ал ең кішісі – 30 жаста. Ауруханаға үш жүкті әйел түскен еді. Қазір оның екеуі босанып, қажетті емін алуды жалғастыруда. Бұған дейін екі бала ауырып, емделіп шықты. Жақында 20 пациент модульдік типтегі жаңа ауруханаға ауыстырылды. Олар қалған емін сол медициналық нысанда жалғастырады, – дейді №2 облыстық инфекциялық аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиева.

Оның айтуынша, ауруханада поли­ме­ра­залық тізбекті реакцияға (ПТР) талдау жасайтын орталықтандырылған вирусо­ло­гиялық зертхана жұмыс істей бастады. Мұнда тәулігіне 3 мың науқастың анализін тексеруге мүмкіндік бар. Жаңа ауруханада науқастарға 15 дәрігер-инфекционист, реа­ниматолог қызмет көрсетеді. Олар – ин­фек­циялық ауруларды емдеу үшін алдын ала толық дайындық курстарынан өткен білік­ті дәрігерлер.

 

Атырау облысы