• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Наурыз, 2021

Мереке мен береке

771 рет
көрсетілді

Адамзаттық өркениеттің алтын бесігіне айналған Ұлы дала иелерінің төл мерекесі – әз-Наурыз! Қарт тарихтың көрікті керуені түркі жұртына жыл айналып тұрақтаған сәтте көктемнің көркем кейпі жан елітіп, мейірім себеді. Мұндай ізгілікке бойын жылытқан қазақ халқының жаңа тынысы ашылып, дәстүрін дәріптейтін әдеті. Баба мирасын көкке көтерген қараорман қарашаны сырттан бақыласаңыз, татулықпен тыныстап, бірлікке тұтқа болып тұрғандай. Оған осы сурет дәлел.

«Наурыз» картинасының иесі – белгілі қылқалам ше­бері Дәу­рен Макин. Ұлттық құнды­лықтарымызды кенеп бетіне кес­кіндеген суретшінің еңбегі жү­рекке жылы тиеді. Неге десеңіз, ғұлама ғұрпымызбен тыныстап тұрған картинаның ішінде қазақтың ба­йырғы бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі қоныстанған. Қытымыр қыстан мал-жаны аман шыққан халықтың көктемнің алғашқы мерекесімен қауышқан сәті әр түрлі түстермен айшықталып, оқыр­манның қиялына қанат бітіріп тұр.

Суретші тұрмыстық жанрда орындалған көпбейнелі картина­сы арқылы қазақ халқына тән сал­ттық образдарды бейнелеген. Ұлыс­тың ұлы күнін тойлауға бет алған қарапайым адамдардың көңіл күйі, лала лебізі, бір-біріне деген сағынышы көзге оттай басылады. Бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келе жат­­­қан жылдың басты мейрамын қарсы алған ауыл халқының тұр­­мысы кенеп бетіне әдемі ор­на­лас­қан. Құдды сурет сөйлеп тұр­ған­дай күй кешесіз.

Әз-Наурыз – табиғаттың жа­ңару мерекесі, жылдың басы, армандарға ұмтылыс жасайтын мезет. Аталған мерекеге ха­лықтың жаппай қаты­сып, ерекше атап өтетіні әмбеге аян. Жастар алтыбақан қасына жиналып, ән салып, би билейді. Ұлт­тық ойын­дар насихатталып, күш сынасады. Жалынды жігіттер арасында күрес пен бәйге жарыстары ұйымдастырылып, ақындар айтысады. Осындай ұлтқа тән игілік­тер­дің бәрі картинада орын алған. Су­рет композициясының ерекшелігі осында.

Ұзақ уақыт көріспеген ақса­қалдар әңгіме-дүкен құрса, ақ жау­лықты әжелер келіндерге нау­рыз көже жасауды үйретіп жатыр. Атқа мінген бозбалалар сұлуларға қарай жақындай түсіп, танысуға оқталуда. Асық ой­наған балалардың қам-қарекеті қызық та күлкілі. Суреттен мереке, сауық-сайран, тілектестік тынысы анық байқалады.