• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Бизнес 26 Наурыз, 2021

Атыраудағы жаңа инвестициялық жобалар

413 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, Атырауда инвестициялық жобаларды іске асырып, инвестицияның игілігін көруге мол мүмкіндік бар. Әсіресе, шетелдік компаниялар ұсынатын мұндай жобалар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді. Сондықтан, отандық экономиканың өркендеуіне септігі тиетін инвестициялық жобаларға қолдау көрсетіледі.

Мәселен, биыл ресейлік инвес­торлар мұнайлы өңірде 3,6 млрд теңгенің екі инвестициялық жобасын іске асыруды қолға алғалы отыр. Көрші елден мұ­найлы өңірге ауқымды инвес­тиция салуға ниет еткен инвестор – «УльтраСтаб» ЖШҚ-ның директоры Олег Косты­лев­тің мәліметінше, қазір ин­вестициялық жобаның бірін­ші кезеңі үшін шетелден екі ста­нок сатып алыныпты. Енді өнді­рістік жабдықтарға тапсырыс беріліпті. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр.

– Жылына 3 млн шаршы метр геосинтетика шығару цехында 38 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделеді. Ал экструзиондық геосинтетика цехына 44 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Оның қуаты жылына – 5 млн шаршы метр. Бұл цехтар биылғы жылдың соңына дейін іске қо­сылып, өнім шығара бастайды,  дейді О.Костылев. – Аталған жобаларға қажетті шикізат әзірге шетелден тасымалданады. Кейін шикізат Атыраудағы KPI компаниясы іске асырып жатқан интеграцияланған газ-химия кешенінен алынады.

Ресейлік компанияның ин­вес­тициялық жобасында құ­ры­­лысқа қажетті сан түр­лі өнім­­ді шығару көзделіп отыр. Оның ішінде автокөлік пен те­­мір жол құрылысына, өнер­кә­сіп­тік қалдықтарды сақ­тау мен жағалауды бекітуге қол­данылатын материалдар бар.

 

Атырау облысы