Нұр-Сұлтан қаласы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша 17 күннен бері «қызыл аймақта» тұр. Күніне 150-ден 280-ге дейін жағдай тіркеледі. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қала 17 күннен бері эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймақта» орналасқан. Күніне 150-ден 280-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптада сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптадан 21%-ға жоғары, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш — 129,6 құрады. Репродуктивті саны — 0,99», деді Бейсенова.
Санитарлық дәрігердің мәліметінше, 2021 жылдың басынан бері қала бойынша сырқаттанғандар саны 10 мыңнан асты, пандемия басталғалы 28 756 жағдай тіркелді (оның ішінде 18 285 — симптоматикалық және 10471 — симптомсыз).
Ақпан айында сырқаттанушылық динамикасы қаңтармен салыстырғанда 25%-ға төмендегені байқалды. Алайда, соңғы алты айдағы ең жоғары көрсеткіш — қаңтар айында орын алған жоғары деңгейдің қайталанып отырғаны байқалады.
«Осы мерекелік аптада науқастармен байланыста болғандар саны 10%-ға өсті, яғни 500-ден 735 адамға дейін, бұл қала тұрғындарының карантиндік шараларды, оның ішінде үй карантин режимін сақтамағанын көрсетеді. Сонымен қатар, өткен аптамен салыстырғанда балалар арасында аурудың 5%-ға, яғни 210-нан 339-ға дейін өсуі байқалады», деп атап өтті елорданың бас санитарлық дәрігері.
Қазіргі уақытта белсенді ошақтар саны – 1 512, оның ішінде: үй – 976, ұйымдастырылған – 536, онда 3361 байланыста болған адам медициналық бақылауда.
Елордада қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты қала тұрғындары мен қонақтары карантиндік шектеулер мен санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек.