• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Наурыз, 2021

Ақтөбе облысы «сары аймақта» тұр

394 рет
көрсетілді

Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша  22 наурыздан  бастап «сары» аймаққа кірген Ақтөбе облысында күн санап инфекция жұқтырғандар қатары көбейіп келеді, деп хабарлайды Egemen.kz Oблыстық санитариялық- эпидемиологиялық департаменттің мәліметіне сүйене отырып.

27 наурыз күні бір тәулікте КВИ-мен ауырған 62  науқас тіркелді. Оның ішінде ауру симптомдары бар – 42 (Ақтөбе қаласы – 38, Мәртөк ауданы - 1, Ойыл ауданы – 3), симптомсыз – 20 (Ақтөбе қаласы – 16, Қобда ауданы - 1, Мәртөк ауданы - 1, Ойыл ауданы – 1, Шалқар ауданы -1) жағдай анықталды. Осылайша қазіргі кезде облыста аурушаңдықтың өсу деңгейі 1,3%-ды құрады.

Өткен жылы Ақтөбе облысында  коронавирус  инфекциясы тұңғыш рет 27 наурызда Египеттен чартерлік рейспен ұшып келген жігіттен анықталған еді. Сол уақыттан бастап осы кезге дейін өңірде  КВИ-мен ауырған 5020 науқас тіркелді, оның ішінде 54,7%-ы ауру белгілерімен (2746) және 45,2%-ы симптомсыз (2274) жағдай. 4488 (89,4%) науқас жазылып шықты.

Жалпы тіркелген 5020 науқастың 3,1% -ы (157) сырттан әкелінген, 16,5%-ы (830) ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 80,3% (4033) жергілікті жағдайлар, оның ішінде 30%-ы (1210) профилактикалық мақсатта тексерілгендер. Қазіргі таңда 941 тұрғын үй карантинге алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

«Қауіп сейілген жоқ. Сондықтан баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамын. Түрлі мерекелік іс-шараларды, соның ішінде тойлар мен отбасылық жиындарды өткізуге тыйым салынғанын облыс тұрғындарына тағы да ескертеміз», деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева. 

Қазіргі кезде карантиндік шараларды сақтауды  бақылайтын мониторинг топтар жұмыстарын күшейтті. Мониторингтік топтар көмегімен соңғы екі күннің ішінде он шақты тойхана мен кафеде адамдар көп шоғырланған жиындар тоқтатылып, тойхана иелеріне ірі көлемде айыппұлдар салынды. Әрбір азамат бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау және көпшілік жиналған жерлерден аулақ болу арқылы инфекцияның таралуын азайтуға көмектесетінін түсінгені абзал. Былтырғы жағдай қайталанбас үшін бәріміз де ерекше сақтық шараларын сақтауымыз керек.