Жуырда сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы, Нұртөре Жүсіп және Ақмарал Әлназарова Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына Сыр бойындағы су тапшылығына байланысты депутаттық сауал жолдады.
Халық қалаулылары өткен ғасырдың 70-80-жылдары Әмудария мен Сырдария өзендері арнасының антропогенді қысқаруы салдарынан Арал теңізінің тартылып, оның соңы адамзат тағдырына әсер ететін экологиялық зардаптарға соқтырғанын атап өтті. Кемерін кеміріп жатқан үлкен айдынның қайта ораларынан күдер үзіп, жағалаудан ауа көшкен жұрттың үмітін Елбасы бастамасымен жүзеге асырылған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасын оятып еді. «Ғасыр жобасы» атанған осы бастама аясында Кіші Арал теңізі қалыпқа келді, жалпы аумағы отыз мың гектардан асатын бірнеше ірі көл толды. Атадан балаға жалғасқан дәстүрлі кәсіп – балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік туды.
Депутаттар соңғы жылдары өңірде су тапшылығының зардабы тағы қайталанып, ауқымы 5 млрд текше метрге азайып кеткен Кіші Аралдың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Дария деңгейі көтерілмесе, алдағы 5-7 жылда кіші теңіздің де түбі көрініп, өңірдің онсыз да оңып тұрмаған экологиялық ахуалы ауырлай түспек. Сенаторлар сауалында былтырғы су тапшылығынан осы аумақтағы тағы бір ірі су айдыны Қамбаш (ресми атауы Қамыстыбас) көлі жағалаудан 250-300 метрге дейін қашықтап кеткені де айтылды.
Су тапшылығы өңір ауыл шаруашылығынан бөлек табиғи ресурстарды қорғау саласы үшін де салмақты мәселеге айналғаны рас. Ұлы дария алабындағы Қамбаш көлі соңғы он шақты жыл көлемінде демалыс аймағына айналған еді. «Қамбаш көлі – туризм төрі» деген бастама жергілікті тұрғындар үшін кәсіптің көзіне айналып, мөлдір айдын жағалауы жаз бойы босамайтын. Балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығының бой көтеріп, құмды жағалауда инфрақұрылым жасалғаны да бұл аймақтың келешегі жарқын боларының белгісіндей еді. Бірақ соңғы 2 жыл бедерінде алып айдынның бағы тайып, берекесі кетті.
Жағалауын тастай «қашқан» Қамбаштың жағдайы VII шақырылған облыстық мәслихаттың жуырда өткен II сессиясында да айтылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменовтің есебінен кейін депутат Аманжол Оңғарбаев көз алдымызда тартылып бара жатқан көлді құтқарудың маңыздылығын жеткізді.
– Біз қолымыздағы байлығымыздан айырылып қалудың аз-ақ алдында тұрмыз. Екі жылдан бері су тамбаған алып айдынның жағдайын айтып, Үкіметке ұсынған хаттан басқа қолдан келер не амал бар? Бір жылдың аясында көл жағалауынан 250-300 метрге шегініп кетті. Сайлаудың алдында жетекші партия атынан «ішкі туризмді дамытамыз, Бәйгеқұм мен Қамбаштан көптеген демалыс орнын саламыз» деп халыққа берген уәдемізді қайда қоямыз? Оның есебін сұраған жұртқа не айтамыз? Қамбашты құтқару үшін не істей аламыз? – деп алаңдаушылық білдірді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бүгінде облыс аумағында балық шаруашылығы үшін маңызды саналатын Кіші Арал мен 207 көл бар. Бірақ тапшылыққа байланысты осы көлдердің 45-і ғана су алып отыр. Оның өзінде олардың толтырылуы 20-80 пайыз аралығында болып тұр. Жалпы, осы жылғы қаңтар, ақпан айларында көлдерге 191,8 млн текше метр су түскен.
Облыста балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 48 көлді қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін гидротехникалық құрылыс салу жоспарда тұр.
Басқармадағылар Арал ауданындағы Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйелерінің жағдайы күрделеніп бара жатқанын айтады. Былтыр Қамбашпен қатар Ақшатау, Райым, Жалаңаш, Жыңғылды көлдерінің де кемерінен кейін шегінгені байқалды.
Жалпы аумағы 40 459 гектарды алып жатқан Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйесінің арасында гидравликалық байланыс бар. Табиғат қорғаушылардың айтуынша, Қазалы су торабынан Қамыстыбасқа қарай секундына 240-270 текше метр су жіберілгенде көлдер жүйесі толады. Бірақ қазіргі су тапшылығы жағдайында бұл мүмкін болмай отыр. Осы жылдың 26 қаңтары мен 3 наурызы аралығында Қамыстыбас көлдер жүйесіне небәрі 5,1 млн текше метр су түскен. Осыған байланысты арнайы құрылған жұмыс тобы Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйелерін сумен қамтамасыз ету үшін өзен арнасына Аманөткел ауылы тұсынан су торабын салып, каналдарға мелиоративтік жұмыстар жүргізу жөн деп шешіпті.
Жалпы, бұл көлдер жүйесін қалпына келтіру «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының 2-фазасына енгізілген болатын. Бірақ бұл бастаманы жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банк қаражатын тарту ұзаққа созылып кеткендіктен су торабын республикалық бюджет есебінен салу қажеттігі жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсыныс жолданыпты.
Соңғы жылдары трансшекаралық өзен бойындағы мемлекеттер тарапынан дарияның төменгі ағысына су жіберу бойынша қабылданған міндеттемелер орындала бермейтіні аңғарылады. Мысалы, былтыр 10 сәуірде өткен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 78-ші отырысының шешіміне сәйкес Шардара су қоймасына 1 сәуір мен 30 қыркүйек аралығында 6 441 млн текше метр су түсуі келісілген. Бірақ осы мерзім ішінде небәрі 3 149 млн текше метр алынды.
Биыл да бұл мәселе шешімін таба қояды деуге сену қиын. Өйткені Нарын мен ұлы дария бойындағы Тоқтағұл, Әндіжан, Қайраққұм, Шарбақ, Шардара су қоймаларындағы көлемі 18 518 млн текше метрге әзер жетіп отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 2 890 млн текше метрге аз. Өткен жылы облысқа экологиялық ахуалды жақсарту мен табиғатты қорғау шараларына 1 200 млн текше метр су бөлінсе, биылға қаралып отырғаны 939 млн текше метр ғана.
Бұл жағдай жергілікті билікті те аз алаңдатып отырған жоқ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына 3 млрд текше метр су жіберу жөнінде Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттері өкілдерімен келіссөздер жүргізу жөнінде хат жолданды. Осы министрлікпен бірлесе отырып суару маусымында суды ысырапсыз пайдаланудың жоспары әзірленді.
Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған алып көл айналасы бір-екі жылдың ішінде осындай аянышты күйге түсіп тұр. Айналасындағы ауылдардың тұрғындары былтыр көл табанынан ұшқан құм мен тараған иіске тұншығыпты, ал мамандар бағалы балық түрлерінен айырылып қалу қаупі төніп тұрғанын айтады.
Күн санап күйі тайып бара жатқан Қамбашты қалай құтқарамыз? Бүгінде аймақ жұртын алаңдатып отырған басты мәселе осы болып отыр.
Қызылорда облысы