Мемлекеттік басқару жүйесі ретке келтіріліп, оның күретамыры ретіндегі мемлекеттік қызметтің басты бағыт-бағдарлары айқындалған. Адал қызмет істеймін дегендерге барлық мүмкіндік жасалған.
Қалың бұқара ортасынан іріктеліп, екшеліп шыққан, мемлекеттік қызметші болуға лайықты, кәсіби тұрғыда білікті, терең білімді, биік моральдық қасиеті бар, таңдаулы адамдар арамызда баршылық. Жақсы қасиеттерге ие, мемлекеттік қызметші болуды мемлекет пен халыққа қалтқысыз қызмет ету деп түсініп, өз күшіне сеніп жүрген білікті мамандарды жұрт саяси элита деп те атайды.
Осы ретте мемлекеттік қызметке қоғамның кілең бетке ұстарлары тартылып жатса, моральдық тұрғыда азғындаған, жемқор, туған елі мен халқының абыройы мен оның береке-бірлігі тіптен алаңдатпайтын, отаншылдық сезімінен жұрдай адамдар мемлекеттік қызметке қайдан келеді деген сұрақ туындайды. Бәлкім, мұндайлар азаматтық қоғамның енжарлығы салдарынан, мемлекеттік қызметтегі адал азаматтардың алдын орап, әртүрлі әлеуметтік артықшылықтар мен жеңілдіктерге қол жеткізіп отырған шығар. Осындайлардың ықпалы артқан кезде қоғамда заң да, әдеп те айдалада қалып, мансап пен пайда іздеп келген «принципсіз» адамдардың «күні туады». Бұлардың кесірінен ұлттың тағдырына жауап беру, оның мүддесін көздеу сияқты түсініктер ұмыт бола бастайды.
Біреулер ұлттың байлығын еселеуге күш салса, екіншілері оны ұрлап, талан-таражға салуда. Мемлекеттік қызметші болуға лайықсыз адамдар ел алдындағы міндеттерге сай келмей, халық мүддесінен қол үзіп, мемлекетін сатуға дейін баруы мүмкін. Сөйтіп, елді іштей ірітіп-шіріте бастайды. Бұлардың қатысуымен дүниеге келген қоғам дамуының стратегиясы, әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарламалар мен оларды жүзеге асыру барысында мемлекет қоржынына қол сұғатын саңылаулар сақтала бермек. Ал бұлар әшкереленген жағдайда оның жаман аты барлық мемлекеттік қызметшіге, оның ішінде қызметіне адал азаматтарға да кір келтіреді. Сондықтан, адал мемлекеттік қызметшілерді ыңғайсыз жағдайда қалдырмай, олардың ар-намысының, құқығының қорғалуына көңіл бөлген жөн. «Бір қарын майды шірітіп жүрген құмалақтай» жемқорлардың кесірінен олардың қоғам алдында, бала-шағаларының алдында қадірі кетіп, жемірлердің санатына ілігуі орынды болмас.
Әділінде, мемлекеттік басқару жүйесі осындай адал, отаншыл мемлекеттік қызметкерлерге арқа сүйейді. Сондықтан кінәсіз кінәлі болып жүрген адал мемлекеттік қызметшілерге араша түсіп, оларға қолдау көрсету арқылы ғана әділеттілікті қалпына келтіруге және халықтың билікке деген сенімін қайтаруға болады.
Қазіргі қалыптасқан ахуал, түптеп келгенде, еліміздегі кадр саясатының әлсіздігін көрсетеді. Әңгіме жалпы мемлекеттік деңгейдегі кадр саясаты туралы емес, жеке-жеке алғандағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің, ары кетсе салалық деңгейдегі мамандарды даярлау мен іріктеу тұрғысында болып отыр. Аталған қызмет бір жерде кадр бөлімі, ал келесі біреуінде тіптен «кадр саясаты» бөлімі деп те аталуы мүмкін. Бірақ мазмұндық жағынан, оның тиімділігі немесе сол мекемедегі жетекші рөлі мен ықпалдылығы тұрғысында олар «кадр саясаты» деңгейіне жете бермейді. Яғни әзірге аты бар да, заты жоқ. Иә, олардың жақсы статист ретіндегі орнына күмәніміз жоқ. Дегенмен, бұл қызметтер әдетте қосалқы рөл атқарады, басшылықпен қатар немесе өздігінше дербес (саясат демей-ақ қояйық) жұмыс жүргізіп, олардың директорға қарсы сөйлеп, яки үміткерлер бойынша принципті түрде ерекше пікір айтқанын естідіңіз бе? Сондықтан да олар кадрлардың дайындығының төмен деңгейі үшін жауапкершілікке тартылмайды. Себебі таңдау оларсыз-ақ жүргізіле береді. Сыбайлас жемқорлық бойынша істі болған мемлекеттік қызметкерлерге қатысты сол мекемелердің кадр бөлімдері тарапынан ресми түрде ашық мәлімдеме жасалғандығын да естіген жоқпыз.
Мемлекеттік мекемелердің кадр саясатында сабақтастықтың болмауы, адамдармен тәртіп бұзушылықтың алдын алу, алдынғы буын мамандарының тәжірибесін талдап, түсіну және практикалық жұмыста қолдану сияқты мәселелер қаралса да, олар формальды сипат алатынға ұқсайды.
Зейнетке шыққан мемлекеттік қызметшілер арасында тәжірибесі мол, көргені көп білікті және нағыз кәсіпқой адамдар аз емес. Бұл санаттағылардың сапалық жағын, қоғамдық ортадағы алатын орны мен беделін, халықпен тіл табыса білу қабілетін, адамдарға ықпал етіп, қоғамдық пікір қалыптастырудағы әлеуетін ескерер болсақ, олар – өте зор әлеуметтік, қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи және рухани жасампаз күш. Әлемдік жаһандану заманында мұндай құндылықты ескермеу және тиімді пайдаланбаудың өзі үлкен ағаттық болар еді.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері,
саясаттанушы