Әлемдегі су көздерінің ластануы – өзекті мәселе. Осының алдын алу үшін Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары тың жоба ойлап тапты. Олар қайта өңделген пластикалық бөтелкелерден табиғи су қоймаларын қоқыстан тазалауға арналған робот макетін құрастырды.
– Судың ластануы туралы ақпараттарды оқығанымда өз көзіме өзім сене алмадым. Осының барлығы адамның қолымен жасалатыны өкінішті. Соның алдын алу мақсатында жоба жасап, сайыста жеңіске жеттім. Оған көпшіліктің назары ауды. Сөйтіп макет жасадым, – дейді өнертапқыш оқушы Аружан Қаймолдина.
Оған көмектескен Нұрбол Мақтаев «WRO-2020» дүниежүзілік LEGO роботтар олимпиадасының жүлдегері, құлтемір жасаудың шебері. Оқушылардың ендігі ойы – судың бетіндегі, түбіндегі қоқысты жинауға және су қоймасының экологиялық жағдайын бақылауға арналған роботтандырылған кешен құру. Шағын макеттегі роботтандырылған кешеннің өзі екі бөлікке бөлінді: аэроқайық және жылжымалы қалқымалы механизм. Аэроқайық роботты кешенді су қоймасы арқылы берілген бағыт бойынша жылжыту функциясын орындайды. Жылжымалы қалқымалы механизм су астындағы және үстінде қоқыс жинауға жұмылдырылады.
– Біздің роботтандырылған кешен су астындағы және үстіндегі қоқыстарды жинап, бейнекамералар көмегімен су асты әлемінің жағдайын, оның фаунасы мен флорасын бақылайды, – дейді жоба авторларының бірі Нұрбол Мақтаев.
Жас зерттеушілердің ендігі жоспары токсиндер мен зиянды химиялық қосылыстардан тірі ағзаларға зиян тигізбейтін немесе әсер етпейтін суды тазартатын химиялық заттарға IGW қосу. Сонымен қатар жобаны жетілдіріп, «Дарын» сайысында бақтарын сынамақ. Бәрі сәтімен жүзеге асып жатса, жобаны патенттеп қою керек деседі.
СЕМЕЙ