Ұлытаудың тумасы, кәсіби музыкант Азамат Бақия он саусағынан өнер тамған шебердің нақ өзі. Ол негізінен көнеден келе жатқан ұлттық музыкалық аспаптарды жасаумен, жаңғыртумен айналысады.
Таяуда ол дауысы Ұлытауды мекен ететін ұлар құстың үніне ұқсайтын сазсырнай жасап шығарды. Шебер бұл музыкалық аспаптың бірнешеуін Ұлытау тауларындағы аршаларға іліп қойды. «Бұлай істеуіме сазсырнайдың дауысы естілсе, ұлар құс Ұлытауына қайта оралар деген ой түрткі болды», деп түсіндірді мұнысын Азамат.
Айтқандай, арша бұтақтарына ілінген аспаптар желдің лебімен ұлар құстың үнінен аумайтын дыбыс шығарып, төңіректі сазға бөлеп тұрады екен.
Бұл идеяны жүзеге асыру үшін Азамат алдымен ұлар құстың үнін аудио таспаға жазып алыпты. Сонан кейін аспапты саздан илеп жасаған да, үнін ұлар құстікінен аумайтындай қылып сәйкестендірген. Бір ғажабы, шебер бұл аспапты тек Ұлытаудың сазбалшығынан ғана жасауға болатынын айтады. Әйтпесе үні шықпайды екен...
Мүсінінің өзі ұлар құсты еске түсіретін бұл сазсырнайдың Ұлытауға келетін туристер үшін таптырмайтын кәдесый болатын түрі бар. Қазірдің өзінде оған деген сұраныс өте жоғары.
Өзі шебер, өзі музыкант Азамат Бақияның коллекциясында әлем халықтарына және қазақ ұлтына тиесілі музыкалық аспаптың мыңға жуық түрі бар екен.
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы