Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жыр алыбы – Жамбыл» атты Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін оқудан байқау өтті.
Ұлы жыраудың шығармашылығын кеңінен насихаттау, оқырмандарды отаншылдыққа баулу, жастарды кітап оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған байқау Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Аталған кітапхана директорының орынбасары Гүлнұр Алтынбекованың айтуынша, байқауға облыс бойынша 45 жұмыс түскен. Үміткерлердің жұмыстары түрлі әлеуметтік желілерде күнделікті жарияланған. «Байқауға келіп түскен жұмыстардың 19-ы зағип және мүмкіндігі шектеулі жандар жолдаған. Байқау шарттарына сәйкес, қазылар ақын өлеңдерінен мәнерлеп үзінді оқу және шығарманы оқу уақыты бес минуттан аспауын басты назарда ұстады», дейді ол. Нәтижесінде, «Болашақ» мектеп-интернатының оқушысы Айзере Байбосын мен Тараз қаласындағы №47 мектептің оқушысы Бекболат Оралбек бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Мойынқұм ауданынан Шархат Байгөбек, Тараз қаласындағы №10 мектеп оқушысы Әлібек Сейдазім және Талас ауданы, Майтөбе ауылынан Дархан Матвай иеленді. Сонымен қатар Жуалы ауданынан Салауат Еламан, Жамбыл медициналық жоғары колледжінің студенті Мейірман Қуанышбай мен Тараз қаласындағы №5 мектептің оқушысы Әдия Әлімхан үшінші орын алса, ынталандыру сыйлықтарымен «Болашақ» мектеп-интернатының оқушысы Ибрахим Суров, Меркі ауданынан Мария Нисанова, Байзақ ауданынан Мөлдір Тұрсынбаева мен Тараз қаласындағы №5 мектептің оқушысы Мөлдір Кеңес марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар берілсе, барлық қатысушыға кітапхана атынан Алғыс хаттар табысталды.
Жамбыл облысы