• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Оқиға 30 Наурыз, 2021

Қылмыстың үлкен-кішісі болмайды

1145 рет
көрсетілді

Латвия мемлекетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы өткен жылы ел бюджетін жалпы сомасы 230 мың еуро болатын әкімшілік айыппұлмен толықтырған екен.

Соңғы 10 жыл ішінде бұл сома 3 миллион еуроға жеткен. Қазақстанда бұл тәжірибені енгізу тиімді ме? Өндірілген айыппұл жемқорлықтың жолына бөгет болып, ел экономикасының тиімділігін арттыруға септесе ала ма? Агенттіктің апталық жиынында талқыға түскен осы тақырып төңірегінде сан түрлі ой-пікір айтылды.

Жиында «Әкімшілік тәжірибе – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді құралы» тақырыбында баяндама жасаған агенттік төрағасының кеңесшісі Анар Жарова әкімшілік тәжірибені сауатты қолдана білу агенттіктің алдына қойған басты мақсаттарының бірі – халық сенімін арттыруға сеп болатынын атап өтті.

Рас, қылмыстың үлкен-кішісі бол­майды. Кейде сол ұсақ-түйектен бас­талған құқық бұзушылық уақыт өте асқынып, арты ауыр қылмысқа әкеп жататыны да жасырын емес. Сол себепті де әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алып, жолын кесу – қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықтың алдын алуда тиімді тәсілге айналары анық. Мәселе тек оны қалай және кімдердің жүзеге асыруында болып тұр.

Анар Қалқаманқызының мәлім­деуінше, агенттік бойынша соңғы бес жыл ішінде елімізде 26 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. «Агенттіктің ведомстволық бағыныстылығы 2015 жылдан бастап бекітілгенімен, әкім­шілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзу­шылықтар туралы хаттамалар жа­сау құзыреті әлі толық шешілген жоқ. Бұл мәселе Мәжіліс депутаттары бастама етіп көтерген «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өз­герістер енгізу туралы» заң жобасы шең­берінде пысықталуда. Жақында ғана бұл заң жобасы Парламент Сенатының жалпы отырысында қабылданды. Егер Президент қол қойып, қолданысқа енгізілсе, бұл заң агенттікке сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бөлігінде әкімшілік практика бойынша құзыреттілікті толыққанды іске асыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті баяндамашы.

Бұл заң нақты қолданысқа енген сәттен бастап агенттік жемқорлыққа қар­сы қажетті әрі маңызды іс-шара­лардың бар­лық мүмкіндігіне ие болады дегенді білдіреді. Сәйкесінше, бұл тәсілді тиімді әрі сапалы іске асыру агенттік қызметкерлерінен үлкен жауап­кершілік пен кәсіби біліктілікті талап етеді.

Тұтастай алғанда, 2015-2020 жылдар аралығында барлық құзырлы органдар 338 құқық бұзушылықты анықтаған болса, оның ішінде 294 заңсыздықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әшкерелеген. Биыл ӘҚБтК-нің 677 – «Заңсыз материалдық сыйақы алу» бабына қатысты бір дерек Жамбыл облысында тіркелген. Ал аймақтардағы динамикаға зер салсақ, осы бес жыл ішінде сыбайлас жемқорлықтың әкімшілік фактілері Шығыс Қазақстан (37), Батыс Қазақстан (25), Павлодар (25), Түркістан (25) облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында (25) жиі анықталғанын байқауға болады. Ең көп жасалатын құқық бұзушылық түрі – заңсыз сыйақы алу немесе ұсыну. Анықталған 338 деректің 239-ы немесе 71 пайызы осы сыйлық алу мен беруге қатысты болып отыр.

Жалпы, аталған кодекске түзетулер енгізілген сәттен бастап сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет 15 бап бойынша әкімшілік іс қозғай алады. Әрине бұл істердің барлығы тиісті әкімшілік хаттама толтырылғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

«Әкімшілік практиканы күшейту арқылы Антикордың жұмысын жақсарта аламыз» дегенді нық сеніммен жеткізген агенттік өкілі әкімшілік істердің қыл­мыстық істерден басты ерекшелігі – уақыт пен шығынның аз кететіндігінде екенін де ашық айтты. «Қылмыстық істер біраз күш пен қаражатты, қатаң дәлел мен айғақтар базасын талап етеді. Бұл санаттағы сот процестері де ұзақ уақытқа созылатыны белгілі. Егер біз әкімшілік тәжірибе тетіктерін тиімді пайдалансақ, құқық бұзушылықты талдау, мониторинг, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен стандарттардың күш-қуатын толыққанды жүзеге асыра аламыз. Соның нәтижесінде мемлекетке шығын келтіру мен жымқыруға жол бермей, аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстардың уақтылы алдын алуға қол жеткіземіз. Бұл агенттіктің басты міндеті – жемқорлықты ауыздықтауға оң серпін берері сөзсіз», деді бұл жөнінде А.Жарова.

Жиын барысында  әкімшілік айып­пұлға қатысты пікірін білдірген агент­тік төрағасы Алик Шпекбаев Бал­тық жағалауы елдерінің сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-тәжірибелерінен көп үлгі алуға болатынын айта келіп, бұл мәсе­лені әлі де жан-жақты зерделеу қажет­­тігін ескертті. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекстің 676 және 677-баптарына сәйкес, заңсыз сыйақы берген жеке тұлғаға 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынса, өзi немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақы мен сыйлық берген заңды тұлға 750 АЕК айыппұл арқалауы әбден мүмкін.

 

«Е-өтініш»-тің

ерекшелігі неде?

Агенттікке арызын арқалап келетін­дер мен өтінішін айтатын халық саны жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, биылғы екі айдың өзінде бұл сан 2 мыңға жуықтаған. «Бұл өткен жылдың екі айымен салыстырғанда 8 пайызға көп», деді аппарат жиынында сөз алған агенттіктің Құжат айналымы басқармасының басшысы Нұрлан Садыбеков.

Басқарма басшысы жоғарыдағы келтіріл­ген сандар ведомствоның ашық­тық және қолжетімділік қағидаттарын белсенді іске асырып келе жатқанын білдіретінін  алға тартты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйекте Пар­ламент сессиясының ашылуында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» екендігін атап көрсетті. Осы тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтардың сенімін арттыру бойынша нақты іс-шаралар кешенін қабылдаған болатын. Қара­пайым халыққа ашық болу, кез келген мәселені дер кезінде назарға алып, түйінін табу – бүгінгі уақыттың басты талаптарының бірі», деген ол азаматтардың өтініш-сұрақтарына уақ­тылы және сапалы жауап беру үшін қызмет көрсетудің сервистік моделінің негіздері қаланғанын да жеткізді. Мұн­дай жұмыс істеу форматы ең алдымен әртүрлі әкімшілік кедергілерді алып тас­тай отырып, халыққа ыңғайлы жағдайда жедел қызмет көрсетуге арналған.

Қазіргі таңда Antikor ortalyǵy сер­­вистік орталықтары агенттіктің орта­­­лық аппараты мен аумақтық депар­таменттерінде толықтай іске қосылған. Бұл орталықтар азаматтық бастамалар мен өтініш білдірген ел-жұрттың мәселелерін шешудің бірден-бір ашық алаңы болып табылады. Агенттік қыз­меткерлері өз кезегінде қолда бар өкілеттіктері мен құқықтық көмек көр­сету шеңберінде өтінішпен келген әрбір азаматқа бағыт-бағдар көрсетіп, диалог алаңында қызмет көрсете алады.

Өтініштер бойынша есептік деректермен бөліскен басқарма басшысы 2020 жылы 30 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскенін мәлімдеп, «келіп түсетін өтініштер санының өсуі қоғамда болып жатқан процестермен тығыз байланысты» деп түсіндірді. Ол сондай-ақ агенттіктің арыз-шағымдарды қараудың барлық сатыдағы жұмыс тиімділігін арттырғанын да айтты. Өтініштердің басым бөлігі агенттік қызметкерлерінің БАҚ-та жарияланған сөздері мен азаматтардың құқықтарын қорғауда пәрменді көмек көрсетуге байланысты болып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, Президент Әкімшілігі мен Президенттің Виртуалды қабылдауынан келіп түсетін өтініштер ерекше бақылауға алынады.

Мәселен, жыл басталғалы Президент Әкімшілігінен 111, ал Президенттің Виртуалды қабылдауынан 17 өтініш келіп түскен. Өткен жылдың есепті көрсеткішімен салыстырғанда, бұл сан­дар біршама көп. «Бұл бір жағынан қарапайым халықтың агенттікке деген сенімінің, тұрғындардың азаматтық белсенділігінің артқанын байқатса, екін­­ші жағынан жергілікті жерлердегі мем­лекеттік органдар жұмысының сапа­сыздығын көрсетеді. Себебі өзі тұратын аймақта сұрағына нақты жауап таба алмай, мәселесінің түйінін шеше алмаған халық шарасыздықтан Мемлекет басшысынан көмек сұрауға мәжбүр болады», дейді агенттік қыз­мет­кері.

Талдау жұмыстары соңғы кезде ке­ліп түскен өтініш-арыздардың ішінде агент­тіктің құзырына кірмейтін мәсе­лелердің тым көбейіп кеткенін де көр­сетіп берген. Себебі 2019 жылы әрбір төр­тінші, 2020 жылы әрбір үшінші өті­ніш агенттікке қатысты болмаса, биыл әрбір екінші өтініштің бұл қыз­мет құзыретіне сай келмейтіні анық­талып отыр. Яғни келіп түскен өтініш­тер­дің жартысынан көбі тиісті орган­дарға нақты шаралар қабылдау үшін жолданған.

Өтініштер неліктен қайталанады? Өткен жылы агенттіктің аумақтық депар­таменттеріне келіп түсетін қайталанатын өтініш­тер саны екі есеге артып, 135-ке жеткен. Бұл бір өтініштің белгілі бір уақыт­тан кейін айналып келіп, агент­тікке қайта жолданылатынын көрсетеді. Мұның себебі неде? Жиында осы сұрақ­қа жауап берген басқарма басшысы өтініш­тердің қайталануына арыз-шағым берушілердің қабылданған шешіммен келіспеуі басты себеп екенін атап өтті. Сонымен қатар жазбаша жауаптарды уақтылы алмау, өтініштер бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпаратты толық ұсынбай, қысқаша ғана жауап беретін жұмыстың бюрократтық мәнері де теріс ықпал етуде.

Ал жалпы соңғы кезде азаматтарды жеке қабылдау – көп түйткілді дер кезінде шешетін тиімді тәсілдің бірі екені дәлелденді. Пандемия кезінде онлайн форматта өткізілген мұндай кездесулер бүгінде өтініштерге жазбаша берілетін жауаптармен қатар жүргізіліп келеді. Бұл бір жағынан шалғай аудандарда тұратын халықтың тікелей байланысқа шығып, өздерін толғандырып жүрген мәселе бойынша тиісті орган қызметкерлерінен нақты жауап алуында ұтымды тәсіл болып отыр. Нақты сандарға келер болсақ, 2021 жылдың 2 айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық департаменттерінде 258 қабылдау өткі­зіліп, 374 азамат 312 мәселе бойынша қабыл­данған. Өңірлер арасында жеке қабыл­даулардың ең көбі Алматы облысы (34 мәселе бойынша 52 азамат), Нұр-Сұлтан қаласы (32 мәселе бойынша 36 азамат) мен Шымкент қаласында (26 мәселе бойынша 31 азамат) өткен.

Өтініштердің дені кадр, өндірістегі істер, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, әкімдік, полиция, сот және басқа да мемлекеттік органдардың лауа­зымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне қатысты шағымдарға, сондай-ақ баспана мәселесіне қатысты болып отыр.

Агенттік басшылығы жыл басынан бері  19 жеке қабылдау өткізіп, 26 азаматты қабылдаған. Аймақтардың арасын­да елордадан өтініш берушілердің саны көп екенін байқауға болады. Тізімде одан кейін Алматы облысы, Алматы қаласы мен Қарағанды және Қызылорда облыстары тұр. Бір айта кетерлігі, өті­ніш берушілердің барлығы дерлік агент­тік төрағасының жеке қабылдауына жазыл­ғысы келеді екен. Осыған орай қазіргі таңда «Е-өтініш» жобасына ерекше мән беріліп отыр. Бұл жоба шеңберінде азаматтарды қабылдау және өтініштерімен жұмыс істеу жаңаша сипат алады. Жоба өтініш берушілердің проблемаларын үш деңгейде шешу қағидаты бойынша жұмыс істейтін барлық мемлекеттік органның бірыңғай ақпараттық ортасын қалыптастыруды көздейді.

«Аталған жүйе өтініштерді мән-маз­мұнына қарай саралауға және топ­тауға, барынша өткір проблемаларды анық­тауға, сондай-ақ мемлекеттік орган­дардың назарын құжаттар алмасуға емес, керісінше, проблемаларды шешуге бағыт­тауға мүмкіндік береді. Өтініште көтерілген мәселені жергілікті жерлерде шешу мүмкін болмаған кезде ғана арыз жоғары деңгейде қаралатын болады», дейді басқарма басшысы. Ескерте кететін бір жайт, мұндай тәсіл биыл жаңадан қабылданатын  Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте толықтай қамтылған. Бұл заңға сәйкес қоғаммен өзара іс-қимыл тетігі тұжырымдамалық тұрғыдан біраз өзгереді. Ең бастысы, өтініштерді тиісінше қарамағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қатайтылды.

Сөзінің соңында Құжат айналымы басқармасының басшысы агенттік қызметінде өтініштерді сапалы әрі уақ­­тылы қарау мәселесіне атүсті қара­мауды айтып, бұл бағыттағы жұмыстың тиім­ділігін арттыру мақсатында құры­лымдық және аумақтық бөлімше бас­шы­ларына нақты ұсыныстарын жет­кізді. Атап айтқанда, ол жеке құрамға жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс­ті зерделеуді ұсынып, «Е-өтініш» жоба­сының жұмысын ұйымдастыруды, өтініштерді қарау сапасын бақылауды күшейту арқылы қайталама өтініш­терді азайту бойынша жұмысты жандан­дыру­ды атап көрсетті. «Агенттік бас­шы­лығының жеке қабылдаулар барысында берген тапсырмаларының орын­далуы да назардан тыс қалмауы қажет. Сол себепті алдағы уақытта оң нәтижеге бағытталған өтініштер бойынша жұмысты күшейтуіміз керек», деді Нұрлан Мұхамедиұлы.