Сыбайлас жемқорлық бойынша тамыр-таныстық, араға «делдал», яғни таныс пен «көмекші» салушылардың әлі де көптігі белгілі. Мұндай әрекетті заңгерлер «бейресми жол» деп атайды. Оған ем алу немесе емделуге жолдама алу, жұмысқа орналасу, баланы балабақшаға орналастыру, жер мәселесін шешу, ХҚКО-дан анықтама алу, сессияны «жабу», салық есебін тапсыру кездерінде көп жол беріледі екен. Көп жағдайда мәселені «бейресми шешудің» бастамашылары – мемлекеттік мекемелердің қызметшілері, ал әрбір төртінші жағдайда – делдалдар екені де айтылып жүр.
Ал Түркістан облысында «делдал» ретінде көбінесе таныстар (42,0%) және «көмекшілер» (21,5%) келеді екен. Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры жүргізген сауалдаманың қорытындысына сәйкес, елімізде мемлекеттік органдарға жүгінген азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа тап болғандарының үлесі 11,3%-ды құраған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2,1%-ға төмендеген. Мәселені «бейресми жолмен» шешуде қызығушылық білдіргендер – 43,9%, делдалдарға жүгіну – 24,4%-ды құраған. Зерттеу жұмысы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүргізілген. Бұл деректер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында келтірілді. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен облыстық басқармалардың басшылары және бейнеконференция арқылы өңірге қарасты қала, аудандардың әкімдері қатысты.
Комиссия отырысында Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижелері жарияланып, «Ашық диалог» порталына келіп түскен шағымдар бойынша жүргізілген сауалдама қорытындысы бойынша ұсынымдар ортаға салынды.
Алқалы жиында Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізілген өзгерістердің маңыздылығын алға тартып, мемлекеттік қызметтерді ұсынатын мекемелерге барынша халыққа қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге басымдық беру қажеттігін жеткізді. «Жобалық кеңсе жұмыс істеуде, «Ашық әкімдік» бар, мұның бәрі – алдын алу жағынан өте дұрыс бастамалар. Сондықтан барлық ауданда «Ашық әкімдік» ашуымыз керек. Арада жүрген делдалдар бар, осы секілді жолдан тайдыратын «көмекшілермен» күресу қажет. Жемқорлықпен күресте осы «бейресми жолды» жою керек», деді облыс әкімі.
Негізінен, «бейресми жол» процесті жеделдету, мәселенің шешілуіне мұқтаж адамның мүддесі үшін және қандай да бір себептермен ресми, яғни заңды жолмен ұсынылмаған қызметті алу қажет болған жағдайда таңдалады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған зерттеу қорытындыларын жеткізді. Бұл ретте бір жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықта делдалдардың үлесі 6%-ға өскенін және бұл карантин уақытында түсіндіру жұмыстарының ақсағанымен байланысты екендігін, жергілікті тұрғындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесуге дайын емес өңірлердің барын атап өтті.
Түркістан облысы