Қазақ – балажан халық. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп, қатты айтса да, текке айтпаған. Сәби сүю бақыты бұйырмаған ағайынын аяғандықтан, көп баласының біреуін оның бауырына салатын игі дәстүрі болған. Сол дәстүр көп бала туу «сәннен» шығыңқырап, өзімшілдік өктемдік құра бастаған қазіргі заманда ұмытылып та бара жатқанға ұқсайды. Әйткенмен, «Алпамыс батыр» жырындағы Байбөрі бай мен Аналық бәйбіше сынды бір перзентке зар болып, әулие-әнбилердің басына түнеп, бармаған жер, баспаған тауы қалмаған мұңлық отбасылар үшін жарық дүние есігін ашпай жатып, «көкек» аналары қатыгездікпен бас тартқандықтан, Сәбилер үйін паналауға мәжбүр болған бүлдіршіндерді асырап алу немесе экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы аңсаған арманға жету жолы табылды.
Алайда «тастанды» сәбилерді асырап алу үшін ұзақ жылдар бойы кезекте тұрып, сарыла күтуге тура келеді. Ал ЭКҰ-ға екінің бірінің қолы жете бермейтін. Әсіресе мұндай сынақ сәбилі болғысы келген табысы мардымсыз, жас отбасыларға ауыр тиді. Олар ЭКҰ-мен айналысатын жекеменшік клиникалардың ақысы қымбат көмегіне жүгіне алмай, мемлекеттік бюджет есебінен бөлінетін тегін квотаны кемінде төрт-бес жыл күтуге мәжбүр болды. Оған шыдамы жетпеген талай отбасының шаңырағы ортасына түскені де жасырын емес.
Осы әлеуметтік проблемаға назар аударған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалдама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды», деген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үстіміздегі жылы елімізде «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы басталып, республикалық бюджеттен бөлінген 6 миллиард теңгеден астам қаржыға 7 мың ЭКҰ циклын өткізу көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш Қазақстанда кейінгі он жыл ішінде жасалған ЭКҰ санымен бірдей екендігін атап айтқан абзал. Алла бұйыртса, биыл мемлекет есебінен тегін жасанды ұрықтандыру жолымен сәбилі болатын отбасылар саны былтырғымен салыстырғанда 7 есе көбейіп, шамамен 3-4 мыңдай шаңырақ шаттыққа бөленбекші. Осылайша, ЭКҰ кезегінде жылдар бойы жанарларына жас тұнып тұрған жандар саны күрт азайып, ертеңгі күнге үміті артып, іргесі нығая түсетін отбасылар қатары қалыңдауға тиіс.
Дегенмен, қоғамда ЭКҰ-ға қатысты алаң туғызып отырған шетін мәселе де барын ескермеске болмас. Ол – ұлтымыздың жеті атаға дейін қыз алыспайтын, қан тазалығын сақтау дәстүрін бұзбау жайы. Өйткені ЭКҰ саны артқан сайын бір донор әкеден тарайтын ұлдар мен қыздардың өскенде білместікпен бір-біріне ғашық болып, отбасы құру ықтималдылығы да арта түсетіндігін ешкім жоққа шығара алмайды. Осыған орай, енді елімізде елеулі қарқын ала бастайтын ЭКҰ ісін жүйелендіру қажеттігі туындап отыр. Себебі қазір Қазақстанның 8 өңірінде тұрғындарға ЭКҰ қызметін көрсететін 19 медициналық ұйым бар, оның 18-і – жекеменшік клиникалар. Ұрпақ жаңғырту денсаулығын сақтау мамандарының пікірінше, ең алдымен, ЭКҰ-ға донор ретінде қатысатын әрбір ер адамның ұрығын пайдалану саны шектелуі қажет. Ал сондай шектеудің қатаң сақталуын қамтамасыз ету және қадағалау үшін донорлардың республика бойынша бірыңғай дерек базасын құруды қолға алмай болмайды.
Тағы бір ойланарлық жайт – қазіргі кезде қазақ жігіттерінің арасында донор болуға ынта білдірушілер аз екен. Кейбіреулері осы мақсатқа денсаулығы жарамды-жарамсыздығын анықтау үшін әртүрлі анализ тапсыру қажеттігін естігенде соны қиынсынып, әуелгі ниетінен айнып қалатын көрінеді. Ал донор болып жүрген өзге этнос өкілдері арасында сонау Израильден әдейілеп келіп, жер бетінде еврей ұлтын қалайда көбейту мақсатын көздейтіндігін ашық айтатын азамат та бар болып шықты. Сондай-ақ Еуропа елдеріндегі ЭКҰ донорларының ішінде өз қанынан жаратылатын адамдардың нақты кім екенін өмір бойы білмей өтсе де, бәрібір олардың санын көбейтуді ойлап, аты-жөнін жасырмайтын атақты адамдар, соның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары да бар екен...