Қазақстан мен Ресейдің Экология министрлері қоршаған ортаны қорғау және тиімді пайдалану салаларындағы бірлескен шараларды талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ресейлік әріптестеріне Жайық өзені бойынша гидрологиялық жылдық анықтамалармен алмасуды ұсынды. Бұл туралы Орынбор қаласындағы Қазақстанның Экология министрі мен Ресей Федерациясы табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловтың екіжақты кездесуінде айтылды.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша Жайықтың тартылуы мен осының әсерінен өзен экожүйесінің бұзылуы – оның су шаруашылық жүйесін кешенді зерттеуді талап етеді. Министр 1981 жылға жейін Жайықтың бірыңғай гидрологиялық жылдығы жасалып, 1982 жылдан бастап ҚазКСР мен РФКСР үшін бөлек дайындала бастағанын атап өтті. Ал КСРО тараған соң әр ел өз алдына жасайтын болды.
«Дәл осындай жұмыс тәсілі біз қазір көріп отырған салдарға әкеп соқтырды деп есептеймін. Осыған байланысты Жайық бойынша гидрологиялық жылдықтармен тұрақты түрде алмасып отыру тәжірибесін енгізуді ұсынамын», деді М.Мырзағалиев.
Бұдан бөлек Қазақстанның Экология министрі Жайықтың төменгі жағындағы экожүйені сақтау үшін сәуір-мамыр айларында Ириклин су қоймасынан жіберілетін су көлемін арттыруды ұсынды.«Сонымен бірге өзен бассейніндегі кәсіпорындардың бірыңғай реестрін жасап, әр кәсіпорынның әсері бойынша сараптама жүргізу керек. Сөйтіп айналымды сумен қамтамасыз ету жүйесін, су тазалаудың тиімді жүйесін және ауылшаруашылығында су үнемдеу технологиясын енгізу қажет. Атқарылған жұмыс туралы ақпаратты Жайық трансшекаралық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша Қазақстан-Ресей комиссияның аясында қарауға енгізуді ұсынамыз», деді қазақстандық ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан тарапы Батыс Қазақстан облысы атмосфералық ауасының трансшекаралық ластануымәселесін де қозғады.
«Атмосфералық ауаның мониторингінен Ресей Федерациясының шекаралық ауылдарында күкірттотығы көрсеткішінің артып кету жағдайлары байқалды. Жергілікті тұрғындар мен атқарушы органдардан газдың иісі бойынша жиі шағым түседі. Әсіресе, ол жел солтүстікке қарай тұрғанда қатты байқалады. Бұл өзіндік иістің көзі – Орынбордағы газ жағатын кенорындары», деді Мағзұм Мырзағалиев.
Мәселенің шешімі ретінде Қазақстанның Экология министрі атмосфералық ауаның ластану деңгейі бойынша бірлескен мониторинг пен сараптама жүргізуді, Қазақстан мен Ресей тарапынан автоматтандырылған бақылау посттарын орнатуды, сонымен қатар мұнайгаз компанияларының қызметін бақылауды күшейтуді ұсынды.
Кездесуде сонымен бірге Қазақстан мен Ресейдің Аймақаралық әріптестігі форумын өткізу мәселесі талқыланды. Тараптар көрменің бірлескен таныстырылымдары бойынша келісімді, қол қойылуы тиіс екіжақты құжаттарды және Форумның панельдік сессиясы бағдарламасын аяқтау қажеттігі туралы өзара келісімге келді.
Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің табиғат қорғау ведомстволарының министрлері Ертіс трансшекаралық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру және сақтау мәселесін толыққанды зерттеу үшін келесі кездесуді Павлодар қаласында өткізу туралы шешім қабылдады.