Елордадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананы мүмкіндіктер мекені десек еш қателеспейтін тәріздіміз. Өйткені мұнда құрсақтағы шарананы есепке алудан бастап, оны тудыру, айы-күні толмай дүние есігін ашса бағып-қағып, жетілдіріп, отбасына оралтумен қатар, ересек адамдардың бойында болатын барлық ауруды емдейтін бөлімдер жасақталған. Көпбейінді деген атауына сай адамға қажетті медициналық қөмектің барлығы қамтылған. Келер күннің еншісінде аурухананың пациенттерге жасайтын жәрдемі жайында бірнеше мақала жазылады деген ойдамыз, ал әзірге ай-күні толмаған 500 грамдық шақалақты қолға ұстайтындай қалыпқа келтірумен қатар, жетілмей туғандықтан ішкі органдарда болатын көптеген шалалықтың өзін емдеп, шаранаға өмір, ата-ана, туған-туысқа қуаныш сыйлайтын тұстарын өздеріңізге жеткізуге асықтық.
Тіршілік үшін тайталас
Нұржан Желдібаев – ауруханада 2012 жылы ашылған 3 айға дейінгі нәрестелерде туа біткен түрлі кемшіліктерге операция жасайтын республикадағы әзірге жалғыз бөлімшенің меңгерушісі. Жекелеген төсек орын емес, мамандармен қамтылған тұтас бөлімшеге шарананың жатқызылуы ол өмірге келместен бұрын-ақ анықталатын көрінеді. Қалай дейсіз бе? Әйелдің жүкті болуының алғашқы кезеңінде түсірілген ультрадыбыстық зерттеуде құрсақтағы балада қалыпты жағдайдан ауытқушылық байқалады. Сол кезде зерттеуші дәрігер мен жүктіліктің барысын қадағалайтын дәрігер әйелді осы бөлімшеге консультацияға жібереді. Мамандар қарап, болашақта бала денсаулығында болатын туабітті ақау туралы отбасымен ақылдасады. Түпкілікті шешімді ата-ана қабылдап, тууға тәуекел етсе, әйелдің босануы тек осы ауруханада жүзеге асырылады. Өйткені онсыз да туғаннан ауру баланы көлікпен, тіпті әуемен алып келудің өзі оған кері әсерін тигізеді.
– Ал ана жатыры балаға еш залал тигізбей тасымалдаудың ең тиімді жолы. Әрі аса қымбат уақытты үнемдейміз. Акушер-гинекологтер 3-қабаттағы туу блогында босандырып жатқанда біз баланы күтіп тұрамыз, араға 40-50 минут салып, шаранаға 2-қабаттағы біздің бөлімде операция үстелінде тиісті манипуляция жасалып жатады. Алғаш ашылғанда екі сағат жұмсайтын операцияны қазір 40 минутта орындаймыз. Нәрестелердің ағзасындағы ауытқушылықтың түрлері де көп, бірақ біз оған мамандандық. Кей баланың бойында ісік болса, енді бірінің ішектері жетілмей, сыртқа шығатын жері жоқ, тұйықталып қалады. Немесе бүйрек, несеп жолдары, қан айналымы, жүйке жүйелері қалыпты емес. Осындай табиғатында жетілмей қалған тұсын хирургиялық жолмен жөндеуге тура келеді. Мәселен, ай-күні жетпей туған балаларда толып жатқан кемшіліктер болады. 500 грамдық шақалаққа операция арқылы сол кемісті толтырамыз. Жылына 300-ге тарта сондай балаларды осы ауруханада тудырып, операциясын жасап, аурухананың тағы бір бөлімшесінде 2 килоға жеткізіп жетілдіріп, үйге шығарып, одан соң да осындағы «Катамнез» орталығы арқылы әрі қарайғы дамуын қадағалаймыз, – дейді клиника дәрігерлері.
Дәрігер анестезиолог Жеңіс Сейітқалиев пен Нұржан Желдібаевпен әңгімеден біраз жайға қанықтық.
– Біз әр өмір үшін күресеміз. Ал Батыс Еуропада, Израильде туардан бұрын зерттеуге мән беріліп, ауыр патологиялары бар нәрестелердің тууы шектелген. Тек 1 килодан асқан балалар үшін ғана күреседі, қалған уақытта мүгедектіктің алдын алу мақсатында жүктілік қолдан тоқтатылады. Әрбір ата-ананың нәрестесін асыға күтетіні аян. Алайда біздің отбасыларда жүктілік басталысымен дәрігерге қаралу кейінге ысырылып қала беретіні белгілі. Негізінде ауыр патология болатындай жағдайда жүктілікті 22-ші аптадан асырмай тоқтатқан жөн, ал бізде әйелдер уақытты өткізіп алады немесе «дәрігердің айтқанындай болмас деп ойлаған едік» дейді. Егер бір маманға сенбесеңіз, екінші, үшінші дәрігерге қаралыңыз, ал 22 аптадан кейін жүктілікті тоқтатуға дәрігердің еш құқығы жоқ, – деген олар болашақта іште жатқан сәбиге операция жасау жоспарымен де бөлісті. Мәселен, іштегі жұлын жарығы (Spina bifida) бар нәрестеге осы фертальды хирургия арқылы операция жасалады. Сол тәрізді бірнеше патологияны іште жатқанда-ақ түзеуге болады екен. Бұл үшін анестезиологтер баланың сол уақытта қимылдамауын, ауырсынбауын қамтамасыз етсе, акушер-гинекологтер баланы жатырдан алып шығып, операция жасап болған соң орнына қайта салады, сосын баланың даму үдерісі әрі қарай жүре береді. Әзірге бұл ойдың жүзеге асуына пандемия қолбайлау болып тұр.
Ұлт сапасы – ұрпақ денсаулығында
Әсия Ағдамова – №2 көпбейінді қалалық аурухананың жетілмей туған және патологиясы бар шараналарды кювез астында асырап, емдеп барып ата-анасына беретін бөлімнің дәрігері. Ұзақ жылғы тәжірибесімен бөліскен ол бабаларымыздың табиғатпен етенелігі соншалық, барлығын бағамдап, табиғаттан тәлім алып үйрене отыра жетілгенін айта келе: – Бөлімшеміз 30 балаға лайықталған. Бірақ бос орын болмайды, кейде 40-тан асып кетеді. Ал егер бос орынның болуына қол жеткізсек, онда ұлтымыздың болашағын ойлап, бауыр еті баласының саулығына, өз жайына дұрыс қарай алатын жағдайға көтерілгеніміз дер едім. Өкінішке қарай, жетілмей туған немесе іштен туа ауырған нәрестелердің анасынан анамнез жинай отырып, оның өз денсаулығына дұрыс мән бермегенін көресің. Қатарынан бірнеше рет түсік тастағанда емделудің орнына қайтадан бала көтеріп, 500 грамм шақалақ туады. Қазір ұлт денсаулығы мен болашағына қатты алаңдаймын. Өйткені бізде жүктіліктің, өмірге ұрпақ әкелудің мәдениеті жеткіліксіз. Бөлімшеде кювездің астында шақалаққа тура жатырда жатқандай жағдай жасаймыз. Баланы тура сонда жатқандай қараңғылықта, белгілі бір ылғалдылық пен жылылықта ұстаймыз. Бірақ бәрібір ол ана құрсағы емес. Сондықтан аналарға балаға сүтті сауып, өзіңіз жиі қасында болыңыз дейміз. Себебі балаға ананың микрофлорасына үйренуі маңызды, әйтпегенде үйге шыққанда аурухананың стерильді ауасына үйренген нәресте тез ауырады. Сосын қандай ғажап деген жасанды қоспа ана сүтін алмастыра алмайды. Мен аналарға «Сиырдың сүтіне үйретпеңіздер, ол бұзауға арналған, ал ананың сүтінің ерекшелігі сонда – жетілмей бала туған әйелдің сүті де соған лайықталған, сол уақытқа қажетті микроэлементтер тек өз анасының сүтінде болады. Біздің халық ана сүтіне ең жақын бие сүті екенін білген. Бірақ ол тез бұзылады, сақтауы қиын және халықтың аңғарымпаздығы сондай, құлыншақтың енесін жиі ембесе жетілмейтінін біліп, сауынның да арасын жиі еткен. Ал бұзауға таңертең бір, кешке бір емгені жеткілікті. Адамның өз жаратылысынан артық ойластырылған ешнәрсе жоқ, өз табиғатыңды танып, соны жақсартуға ұмтыл» деймін.
Біздің еліміз ДДҰ ұсынымдары бойынша 500 грамм шақалақ үшін күресті жолға қойған. Әрине күрескен жөн, алайда енді 10-20 жылда мүгедектері көп ұлтқа айналып кетпейміз бе деп қорқамын. Мәселен, Саудия мемлекетінде елдің ең жоғарғы діни басшылығы құрсақтағы балада кінәрат болса «Ұлттың болашағы үшін, ұлт саулығы жолында баланы алдыруға рұқсат. Бұл күнәні ұлт болып көтеріп, сол үшін құдайдан кешірім сұрап дұға етеміз» деп пәтуа жазып береді. Қаншама бала осы кювездерде жатып, күні-түні қараудың арқасында 2 килоға жетіп, отбастарына оралды. Маған әке-шешелер: «Сіздің ұзақ жылғы тәжірибеңізде осындай жағдай кезікті ме?» деп сұрайды. Ал шынында әр ағза өзінше бөлек әлем, бір ауру екінші біреуде дәл солай қайталанбайды. Осы жылдар ішінде алақандай ғана қанша бала алдымыздан өтті. Олардың аты-жөндерін ұмытып қалуымыз мүмкін, ал бірақ неше жылдан кейін кезігіп ауру тарихын айтқанда ол баланың қалай жетілгенін айтып сайрап қоя бересің. Себебі әрбір жағдай көңіліңде жатталып, санаңда қатталып жатыр. Ешқайсысын ұмыта алмайсың. Бір жақсысы, елімізде қазір ай-күні жетпей туған балалардың өсуін қадағалайтын катамнез орталықтары ашылды, сол арқылы балаларды мүгедек етпей алып шығуға дәрігерлер мен ата-аналар бірігіп көп жұмыс атқаруда. Алайда жалпы ел бойынша жүктілікке дұрыстап мән беріп, бала көтерудің мәдениетін жетілдіру өте маңызды. Себебі оның артында ұлт болашағы мен сапасы жатыр, деп ой толғайды дәрігер.
Катамнезден қатарға қосылғандар
Ауруханада Катамнез және оңалту бөлімшесі 2019 жылдан жұмыс істейді екен. Жетілмей туғандарды оңалтуға қажет тұтас мамандар жүйесі бар бөлімшенің меңгерушісі Лаура Қандалақова бала ағзасының алғашқы жылғы жетілуге жұмсалатын қуатының ешбір кезеңмен салыстыруға келмейтінін алға тартты. Алғашқыда осы бай резервті мүмкіндігінше пайдаланып, оны дұрыс бағыттау сәбиді келешекте мүгедек болып қалудан сақтайды. Сондықтан әр шала туған баласы бар ата-ана осы мүмкіндікті әсте естен шығармауы тиіс. Ол үш жасқа дейін де әжептәуір деңгейде болады, бірақ туғаннан 1 жасқа дейінгі уақыт ең маңыздысы, әйтпегенде, сәби сал болып қалуы да мүмкін. 25-26 аптада туған балаға неғұрлым көбірек көңіл бөліп, түрлі аурудың алдын алуды ойластыру аса маңызды. Бұрын баланы оңалту бөлімшелеріне 1 жасқа толғанда барып жіберетін. Ал қазір бұл ұстаным түбегейлі өзгеруде. Өйткені 1 жасқа дейінгі әрбір күн қымбат. Сосын бұрын шала туған шақалаққа уқалап массаж жасауды 5 килодан асқанда жасайтын. Қазір олай емес, нәресте 3,5 кило болғанда бастайды. Соның нәтижесінде бұлшық еттерінің жиырылуы, жазылуы қалыпқа түседі. Биологиялық белсенді нүктелерді ояту, ағзаны жетілуге жұмылдыру өте маңызды екенін айтқан Лаура Жұмабекқызы түрлі мамандардың бірігіп қимылдауы арқылы балалардың қатарға қосылуын көрудің қаншалықты қуаныш екенін айтуға сөз таппайды. Мысалы, жетілмей туған балаларда жұту, ему қабілеті кемшін келеді. Бұл жағдайда логопед-дефектолог арнайы массажын жасап, функцияларды ретке келтіруге көп еңбек сіңіреді.
Жетілмей туған баланы қатарға қосуда әр маманның жұмысының мәні зор, қоректендіру мен жуындыру, ұйықтату мен қай жақ қырына жатуын да қадағалаудың мәнісі зор. Дәрумендер беру, аппараттық физиотерапия, өзге де қажетті дүниелерді кешенді қараудың нәтижесінде өз қатарластарын қуып жеткен балаларымыз көп. Бізге солардың әрқайсысын көру көп қуаныш сыйлайды, дейді №2 көпбейінді қалалық ауруханада әр өмір үшін күресіп жүрген дәрігерлер қауымы.