• RUB:
    5.05
  • USD:
    494.95
  • EUR:
    525.49
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Сәуір, 2021

Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды?

262 рет
көрсетілді

12-17 сәуір аралығында Алматыда күрес түрлерінен Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл жарыста сары құрлықтың барлық мықты командалары бақ сынайды деп күтілуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айтулы дода Бақтияр Байсейітов жетекшілік ететін Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды. Біздің команда сапында Айдос Сұлтанғали (60 кило), Алмат Кебісбаев (67 кило) және Демеу Жадыраев (77 кило) сынды жұлдыздар бар. Осы жігіттердің арасында ең атақтысы Кебісбаев екені сөзсіз. Алмат әлем чемпионатында бір күміс пен қос қоланы олжалап, Азия ойындарында екі рет жүлдегерлер санатына қосылды. Екі рет Азия чемпионы атанып, тағы екі мәрте айтулы додада күміске қол созды. Сол секілді Сұлтанғали мен Жадыраев та әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. 2017 жылы Демеу күміс алса, 2018 жылы Айдос үздік үштікті қорытындылады.

Жоғарыда есімдері аталған саңлақтармен қатар Алматыда Жансерік Сәрсенбиев (55 кило), Сұлтан Әсетұлы (63 кило), Азат Садықов (72 кило), Евгений Поливадов (82 кило), Азамат Құстыбаев (87 кило), Ерұлан Ысқақов (97 кило) және Әлімхан Сыздықов (130 кило) сынды сайыпқырандар боз кілемге шығады.