• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Ғылым 02 Сәуір, 2021

Науқасты аяққа тұрғызатын ғалым

2064 рет
көрсетілді

Өз заманынан оза туған Абай қазаққа «ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғұлама туралы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді», деген еді.

Иә, ғылым – қуатты күш. Осыны тереңнен түсінген елдер әрдайым ғылымға көңіл бөліп отырады, салаға көлемді инвестициялар салып, тұрақты дамуын әрдайым назарда ұстайды. Бұл тұрғыда Қазақстанның да отандық ғылымға деген қолдауы мен саланы ілгерілетуге бағытталған шаралары өз жемісін беріп келеді. Көбіміз бағамдай бермейтін тәуелсіздіктің тағы бір табысы – тоқырау жылдарындағы және одан кейінгі қиын-қыстау кезеңге қарамастан отандық ғылымды сақтап қалуымыз. Бүгінде қазақстандық ғалымдар әлемдегі ірі мемлекеттердің мамандарымен иық тіресе алатын әлеуетке ие.

Бас басылым тұрақты түрде шығарылып отыратын «Ғылым» беті арқылы отандық ғылымның әрбір оң қадамын қалт жібермей, қазақстандық ғалымдардың жетістіктерін ұдайы насихаттап келеді. Осы жолы да «Egemen Qazaqstan» газетін сәуір айында отандық ғылымның тәуелсіздік жылдарында ашқан жаңалықтарымен, ғылымдағы жаңа есімдермен таныстырмақ.

Ғылымның күші – ғаламат. Төсекке таңылған науқасты аяққа тұрғызатындай қауқары бар. Ауруды емдейтін дәрігер екенін айтып, бұл сөзімізге уәж табарсыз. Кезекті кейіпкеріміздің ғылыми жұмысымен таныспай тұрғанда біз де солай ойлағанбыз. Сөйтсек, ғылым біз ойлағаннан әлдеқайда қуатты екен.

Жас ғалым Бейбіт ӘБДІКЕНОВ жа­қын­да ғылыми ізденісінің нә­тижесінде жасаған экзоскелетпен фотоға түсіп, жариялады. Сонда инсульттен құлап, қайта аяққа тұра алмай, ақыры анау дүниеге аттанған апамыз ойымызға оралды. Іштей «Әттеген-ай, осы экзо­с­ке­леттің септігі тиер ме еді? Біз ғы­лымға көбірек көңіл бөлсек, ға­л­ымдарымыз талайдың өмірін сақтап қалар дүниелер ойлап табады екен-ау...» дедік.

Иә, инсульттен болсын, жоқ туа бітті бола ма, мүмкін күйзелістен кейін, бәл­кім апаттан соң қол-аяғы жан­сыз­данған жақынымыз яки танысы­мыз қай-қайсымызда да бар. Бәріміз де солардың өз аяғына тұрып кеткенін қалаймыз. Бірақ сол үшін бірдеңе істей алдық па? Бұл сұраққа біразымыз тосылып қалар едік. Ал бакалавриатты ІТ саласы бойынша «Болашақ» бағдарламасымен Малайзиядағы Multimedia University-де, магис­тратураны «Ақпараттық жүйе­лер» мамандығымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде бітірген Бейбіт бәрі­міз­ден бөлектеу табандылық танытты.

Кейіпкеріміз көп адам ойға алып қана қоятын адамзатқа пайдалы дүние жасау идеясын Назарбаев Университеттің «Жасанды интеллект және деректер туралы ғы­лым» бағыты бойынша док­­торантурада оқып жүргенде іске асыруға бел буды. Ол атал­ған оқу орнындағы өзінің ғылыми жетекшісі, профессор Прашант Джамвалмен ақыл­даса келіп ReLive жобасының не­гізін қалады. Бүгінде Бейбіт – нев­ро­­патолог, физиолог, машинаны оқыту, роботтехника, электроника маманы, ме­ханик, жасанды интеллект жасаушылар, бағдарламашылардан құралған ReLive» («ReLive Research» ЖШС, «ReLive Intelligence» ЖШС) бірлескен компаниялар тобының негізін қалаушысы және директоры. Қазір компанияда 20-ға жуық адам жұмыс істейді, олардың ішін­де көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі, әлем­­­нің озық жоғары оқу орында­рында оқыған және бұрын ірі ха­лықаралық компанияларда жұ­мыс іс­теген зерттеушілер де, оқуын жаңа тәмамдаған жас мамандар да бар.

Компания құрылған жылы жас ғалым Б.Әбдікенов бастаған топ Astana Digital Health халықаралық көрмесінде ReLive жобасын таныстырды. Сол көрме кезінде жобасының маңыздылығын түсіндірген кейіпкеріміз:

«ReLive жобасының аясында жа­салған экзоскелет – инсульт алған нау­қастарды оңал­ту­ға арнал­ған иннова­ция­лық ше­шім. Яғни инсульттен кейін сауықтыруға жәрдемдеседі. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 50 мыңға жуық адам жүрек талмасына ұшырайды. Оның 20 пайызы қайғылы жағдаймен аяқталады. Аман қалған күн­нің өзінде инсульттен кейін адамдар көбіне мүгедек болып қалады. Міне, біз осы мәселенің шешімін ұсынып отырмыз», деді.

Шыны керек, әлемде мұндай экзо­с­келеттердің бірнеше үлгі­сі жасал­ған. Бірақ бұл нұсқа – меди­циналық мақ­сатта қолда­ны­ла­тын әлемдегі біре­гей жоба. Идея авторының айтуынша, оңал­ту орталығының дәрігері осы экзо­­с­келетті қолданып әр ем­де­лу­­шіге жеке сауықтыру бағ­дар­­ламасын жасай алады. «Қазіргі уақытта инсульт алған­­­нан кейін науқастарды ней­ро­­­оңалтуды не­гізінен физио­тера­­пев­тер жүргізеді және физио­тера­пиямен айналысатын орта­лық­тар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент сияқты үлкен қалаларда орналасқан. Басқа өңірлердегі адамдарға емделу үшін осы қалаларға бару керек. Бірақ инсульттен кейін адам­ның көбіне қолдары немесе аяқтары сал болып қалады және оларды қалпына келтіру процесі 3 айдан 2 жылға дейін созылатынын ескеру қажет. Сондықтан аталған орталықтарға қатынаудың, технологиялар мен рә­сімдердің қым­батшылығы адам­дардың көп­шілігіне оңай тимейді. Қазір Қазақстан бойын­ша Нұр-Сұлтан қа­ласында роботтық оңалту ор­та­лығы бар, бірақ онда бір сеанс үшін 5-тен 10 мың теңгеге дейін тұратын батыс компанияларының құралдары қолданылады. Біз әзір­ле­ген құрал осы бағаны екі есе төмендетеді», дейді кейіп­ке­ріміз.

Ал аталған өнімнің әзірлену технологиясына келсек, сал болып қалған кезде адамның байланыс нейрондары үзіледі, нәтижесінде ол аяқ-қолын қимылдата алмайды. Бұл бірінші кезекте, бұлшықет қызметіне қарағанда, жүйке жүйе­сінің жұмысымен байланысты. Соның салдарынан адамның аяқ-қолдары ұзақ уақыт қимылсыз қалады. Бейбіт бастаған топ осы жағдайдың шешімі ретінде адамға жат­тығулар жасауға көмектесетін экзос­келетті жасап шығарды (әзір­ше тек аяқ-қолға ғана).

«Мұның негізгі екі бөлігі бар – мо­бильді энцефолограмма аппараттарын пайдалана отырып, ми сигналдарын оқимыз, осы сигналдарды танып, экзоскелет­ті басқаратын бақылаушыға жібереміз. Пациент өзінің ақыл-ойымен экзоскелетті өзі бас­қа­ратын болады. Мұндағы енгізген жаңалығымыз – біз ми сигналдарын танудағы өз алгорит­­мімізді құрдық және бұған қоса ме­ханика бөлігінде ақылды бақы­лау­шыны жасадық. Экзоскелет адам бұлшық еті­нің күшін таниды, соның есе­бінен адамға шынымен қажет бол­­ған­да ғана кө­мектеседі. Ауру­дың тарихы және пациентті ней­ро­оңалту үде­­­рісі жөніндегі бар­лық ақ­парат платфор­мада жазы­лады және сақталады. Бұл дәрігер-реа­билитолог, ассистент және па­циент­­тің өз жеке электронды ка­би­­нетін, сондай-ақ жат­ты­ғу­лардың бей­не­жаз­­басын, соның ішінде ойын тү­рін­дегі жат­тығуларды қамтиды», деп түсін­дір­ді жоба жетекшісі.

Қоса кетейік, ReLive жобасы 2019 жылы Дүниежүзілік банктен грант же­ңіп алды. Қазіргі уақытта кейіпкеріміз өзі­нің әріптестерімен және идеялас серік­тестерімен бірге жобаның 80%-ын аяқ­тап, биыл экзоскелетті тестілеу үшін бірнеше прототип ұсынуды жос­парлап отыр.