Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті қарашада Ыстанбұлда өтетін жиынға даярлық сипатында өткен сыңайлы. Яғни Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылы Бакуде айтқан ұсынысы осы жиыннан кейін Ыстанбұл саммитінің негізгі күн тәртібіне айналатын болар деп ойлаймын.
Сонымен қатар, күзде Кеңеске Түрікменстан бақылаушы болса немесе бірден мүшелікке енсе, таңғалмас едім. Осы жолғы жиында сондай қадамның негізі қаланды. Екіншіден, осы жолғы саммит қарсаңында түркі интеграциясына қызмет ететін ұйымдардың мәртебесі бекігенін атап өту керек. Атап айтқанда, Халықаралық Түркі академиясын қаржыландыру тетігі ресми түрде бекіді. Мұның өзі интеграцияның жаңа сатыға көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Яғни саммит аралық кезеңдерде қыруар шаруа атқарылып жатыр. Бұл – үлкен жетістік.
Әрі ендігі байланыстарда экономикалық сипат басымдыққа ие бола бастаған сыңайлы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі әлемін жаһандағы маңызды экономикалық, мәдени-гуманитарлық кеңістікке айналдыру, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевтің түркі Даму банкін құру жөніндегі ойлары соны меңзейді.
Дегенмен, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер интеграциялық процестерді сабырлы, жан-жақты ойластыра отырып жүргізіп жатыр. Болашақта өзара байланыстарға кедергі келтіруі ықтимал факторларды туындатпау жағын ескеруде.
Ең бастысы, бейресми саммит АҚШ пен Ресей, сондай-ақ АҚШ, Еуропа одағы мен Қытай арасында күшейе бастаған текетірес кезеңінде түркі әлемінің әрекетін пысықтап алуға таптырмас мүмкіндік болды деп білемін. Өйткені жаһандық державалардың кез келгенімен түркі мемлекеттері тығыз қарым-қатынас орнатқан. Түркі елдері олардың арасындағы кикілжіңде бір тарапты жақтаудан аулақ болуға тырысады.
Амангелді ҚҰРМЕТ,
«Айқын» газеті бас редакторының орынбасары