9-11 сәуір күндері Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында күрес түрлерінен Азия құрлығы бойынша іріктеу турнирі өтеді. Осы жарыста табысты өнер көрсеткен балуандар биыл жаз айларының екінші жартысында Жапонияның астанасы – Токиода алауы тұтанатын ХХХІІ жазғы Олимпия ойындарында бақ сынау құрметіне ие болады. Сол себепті де сары құрлықтың апайтөстері Алатау бөктерінде орналасқан әсем шаһарды бетке алып отыр.
Токио Олимпиадасының алғашқы жолдамалары 2019 жылы Нұр-Сұлтанда жалауы желбіреген әлем чемпионатында сарапқа салынды. Айтулы жарыста Қазақстанның еркін күрес шеберлері төрт бірдей лицензияға иелік етті. Егер төртжылдықтың басты додасында бәсекелер небәрі алты салмақ дәрежесі бойынша ғана өтетінін ескерсек, жерлестеріміз үшін бұл өте жақсы көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар. Бұл жолдамалардың иегерлері – Нұрислам Санаев (57 кило), Дәулет Ниязбеков (65 кило), Данияр Қайсанов (74 кило) және Әлішер Ерғали (97 кило).
30 жастағы Нұрислам Санаев үшін бұл – әлем чемпионатындағы екінші жүлде. 2018 жылы Будапештегі жарыста ақтық сынға дейін алқынбай жеткен ол шешуші тұста ресейлік Заур Угуевқа есе жіберді. Нәтижесінде, күміс медальды мойнына ілді. Нұр-Сұлтандағы жарыстың жартылай финалында Нұрислам түркиялық Сулейман Атлыға жол берсе, қола жүлде үшін тартыста сербиялық Стеван Мичичтен басым түсті.
2011 жылы Ыстанбұлда өткен дүниежүзілік додада қола медальды иеленген Дәулет Ниязбеков араға сегіз жыл салып, жеңіс тұғырына қайта көтерілді. 65 кило салмақта күрескен ол бұл жолы күміспен күптелді. Финалға дейін қарсылас шыдатпаған сақа спортшыны алтыннан айырған Ресейдің мақтанышы – Хаджимұрат Рашидов. Жалпы, 32 жастағы Дәулеттің табандылығына таңданбау мүмкін емес. Осыған дейін ол үш рет Азия чемпионы атанып, сол жарыста тағы төрт рет жүлдегерлер қатарынан көрінді.
27 жастағы Данияр Қайсанов 2018 жылы Азия ойындарында күміс және құрлық біріншілігінде қола медальды иеленіп, көпшілік назарын өзіне аударған болатын. Әлем чемпионатында ол өте жақсы күресті. Ширек финалда қазақ балуаны италиялық Франко Чамизодан ұтылды. Чамизоның финалға шығуының арқасында Данияр қола медаль үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Шешуші тұста да Қайсановтың жолы болмады. Ол франциялық Зелимхан Хаджиевтен бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтылды. Бірақ арада алты ай өткеннен кейін Хаджиевтің допинг қолданғаны анықталды. Нәтижесінде, әлем чемпионатының күміс медалі мен Олимпиада жолдамасы біздің жігітке бұйырды. Одан бөлек Даниярдың Азияның екі дүркін чемпионы деген атағы тағы бар.
Әлішер Ерғалиді де қалай мақтасақ та жарасады. 2019 жылы 19 жастағы қандасымыз небір апайтөстермен аянбай айқасып, жартылай финалда Ресейдің даңқты балуаны, Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің – бес, Еуропаның төрт дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаевтан жеңілді. Үшінші орын үшін сайыста Әлішердің македониялық Магомедгаджи Нұровқа әлі жетпеді. Соған қарамастан, қазақ балуаны Токиоға баратындардың тізіміне қосылды.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Нұр-Сұлтандағы жарыста 70 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Нұрқожа Қайпанов та жүлдегерлер қатарына қосылды. Тек қана финалда ресейлік Давид Баевтан ұтылған ол күміс медальды еншіледі. Алайда бұл салмақ Олимпиада бағдарламасында жоқ. Сондықтан да Нұрқожа Токиоға бара алмайды.
Міне, Қазақстанның еркін күрес шеберлерінің жеңіп алған төрт жолдамасының тарихы осындай. Енді бізге керегі тағы екі лицензия. Ол үшін 86 және 125 кило салмақтағы балуандарымыз өздерінің мықтылығын мойындатуға тиіс. Алматыдағы турнирде Азамат Дәулетбеков (86 кило) пен Юсуп Батырмұрзаевқа (125 кило) зор сенім артылып отыр. Ұлттық құрама командамыздың бас бапкері Әсет Серікбаевтың айтуынша, есімдері аталған еркін күрес шеберлерінің екеуінің де ел сенімін ақтауға күш-жігерлері жетеді.
Ал еліміздің грек-рим күресі шеберлері 2019 жылғы әлемдік додада сәтті өнер көрсетті деп айтуға ауыз бармайды. Иә, Нұр-Сұлтанда үш өреніміз жеңіс тұғырына көтеріліп, жергілікті жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастағаны рас. Атап айтсақ, 55 кило салмақта күрескен Қорлан Жақанша финалға дейінгі қарсыластарын сыпыра ұтып, күміс медальды еншіледі. Шешуші тұста ол грузиялық Нугзари Цурцумиядан жеңілді. Бірақ бұл олимпиадалық салмақ дәрежесі болмағандықтан, Қорланның Күншығыс еліне бармайтыны белгілі.
63 кило салмақта күш сынасып, қола медальға қол созған Алмат Кебісбаевтың да жағдайы дәл сондай. Оған дейін әлем чемпионатында бір күміс пен қос қоланы олжалап, Азия ойындарында екі рет жүлдегерлер санатына қосылып, екі рет Азия чемпионы атанып, тағы екі мәрте айтулы додада күміспен күптелген сақа спортшымыздың Нұр-Сұлтанда Жапонияның жұлдызы Синобу Отаға ғана әлі жетпеді. Бірақ Олимпия ойындарында бұл салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өтпейді.
Елорда төрінде Бақтияр Байсейітовтің шәкірттері арасынан Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамедовтің ғана бақ жұлдызы жанды. 60 кило салмақта белдескен Мейрамбек Айнағұлов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жартылай финалда ол ресейлік Сергей Емелиннен айласын асыра алмады. Одан кейін украиналық Ленур Темировті тізе бүктірді.
«Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Дәл осы жарыста 77 кило салмақтағы Асхат Ділмұхамедов өзін керемет қырынан көрсетті. Ардагер спортшы елорда төріндегі жарыстың бастапқы бәсекелерінің бірінде Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы, Еуропа чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы, Ресейдің ұлттық батыры Роман Власовтан басым түсті. Іле-шала әлем чемпионы, сербиялық Виктор Немешті сан соқтырды. Бірақ одан әріге Ділмұхамедовтің шамасы жетпеді. Әуелі Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Тамаш Леринг, одан кейін өзбекстандық Жалғасбай Бердімұрадовтан жеңіліп, бесінші орында қалып қойды. Алайда осы нәтиженің өзі Асхаттың Олимпиада жолдамасын қоржынға салуына жеткілікті болды.
Токиоға толық құраммен аттану үшін бізге әлі төрт жолдама қажет. Күні кеше ұлттық командамыздың бас бапкері Бақтияр Байсейітов өз таңдауын жасады. 67 кило салмақта басты үміткерлер екеу еді. Олар – Алмат Кебісбаев пен Мейіржан Шермаханбет. Алматтың атағы алты Алашқа әйгілі. 33 жастағы сақа спортшының қол жеткізген табыстары туралы біз жоғарыда қысқаша мағлұмат бердік. Сонымен қатар Кебісбаев екі бірдей Олимпия ойындарында өнер көрсетті. 2012 жылы Лондонда ол жеңіс тұғырына сынықсүйем қалғанда сүрініп, бесінші орында қалып қойса, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жетінші сатыға табан тіреді. Мейіржан да осал балуан емес. 24 жастағы жерлесіміз 2018 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында қола медальды иеленді. Біраз ойлана-толғана келе бапкерлердің таңдауы жалындап тұрған жас жігітке түсті. Сөйтіп бұл салмақта ел намысын Мейіржан Шермаханбет қорғайды.
Аса ауыр салмақ дәрежесіндегі жағдай тым қызық. Кең-байтақ елімізде Азияның апайтөстерімен айқасуға жарайтын бірде-бір алымды әрі алғыр, қарымды әрі қарулы балуан табылмаған соң ұлттық құрама бапкерлері жасы 40-тан асқан әйгілі Георгий Цурцумияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. 2001 жылы Қазақстанға қоныс аударған Грузияның тумасы талай дүбірлі додада дараланғанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Цурцумия 2002 жылы Пусанда Азия ойындарының жеңімпазы атанса, 2003 жылы Кретейдегі әлем чемпионатында күміс жүлдені қанжығасына байлады. Қатарынан төрт мәрте қарт құрлықтың теңдессіз балуаны деп танылды. Оның спорттық мансабындағы ең зор табыс – 2004 жылы Афинада алауы тұтанған Олимпия ойындарының күміс медалі. 2008 жылы Георгий үлкен спорттан қол үзіп, бапкерліктің қамытын киді. Міне, енді араға 13 жыл салып, ол боз кілемге қайта оралды. Георгий Цурцумияның көздегені – Алматыдағы турнирде топ жарып, Токио Олимпиадасында күш сынасатын алыптардың қатарына қосылу.
Ал қалған екі салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) пен Олжас Сырлыбай (97 кило) бақ сынайды. Бұл балуандардың екеуі де былтырғы Қазақстан чемпионатында жасындай жарқылдаса, биыл Италияда өткен рейтингтік турнирде топ жарды.
Әйелдер күресінен өтетін жарыста Қазақстанның намысын төрт спортшы қорғайды. Олар – Татьяна Ахметова (53 кило), Эмма Тисина (57 кило), Аяулым Қасымова (62 кило) және Жәмила Бақбергенова (68 кило). Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Валентина Исламова (50 кило) мен Елмира Сыздықова (76 кило) Токиода өнер көрсету мүмкіндігіне ие болған еді.