• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2021

Отпен арпалысу осалдың ісі емес

411 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласындағы №1мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мұқан Әмір – тәжірибелі құтқарушы, әрі өрт сөндіруші. Осы салада қызмет атқарған он үш жыл ішінде нелер төтенше оқиғалардың куәсі болды, талай мәрте басын қатерге тіге отырып адамдар өмірін құтқарды, өзекті өртер көріністердің де куәсі болды.

Өрт сөндіруші мен құт­қа­рушы қызметтерін қатар ұш­­тастыру оңай емес. Оттан қор­ғайтын ауыр киім мен қажетті құрыл­ғыларды арқалай жү­ріп, жалын шашқан «тілсіз жау­дың» өтінде, опырылып түскелі тұрған қабырғалардың арас­ында қалған адамды санаулы секунд ішінде алып шыға білу құтқарушының ерік-жігерін ғана емес, дене күшінің дайындығын да талап етеді. Жалынмен алысқан қас қағым сәт өрт ішінде қалған адам тағдырын шешеді.

Ол 2008 жылы еліміздің Қарулы Күштерінде әскери борышын өтеп келген бойда бірден Ақтөбе қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне қатардағы құтқарушы болып орналас­ты. Көп кешікпей Санкт-Петербургтегі өртке қарсы қыз­мет институтында оқып, диплом алып кел­геннен кейін таңдап келген ма­ман­дығының қыр-сырына те­рең­дей түсті. Адам мен техникаға әл бермей арпалысқан от-жалынның бетін қайтару кезінде көк түтін мен улы газдың арасында қалған адамды құтқару, әсіресе, жас балаларды аман алып шығу құтқарушының жыл­дамдығын, мықтылығын, шұғыл әрекет ете білу қабілетін сынға салады. Екінші жағынан от ортасына түскенде төтенше жағдай кезінде қолданылатын сақтық ережелерін мұқият сақтап, өз басын да аман алып шыға білу керек. Кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерлік осындайда көрінеді.

Он үш жыл ішінде облыс­та­ғы ең күрделі өрт сөндіру опе­рацияларына қатысқан тәжіри­бе­лі маманның есінде талай жүректі ауыртар көріністер қалды. Өрт сөндіруші де адам. Кейбір қып-қызыл өрт жадында өшпес сурет болып қалып қояды. Қанша уақыт өтсе де, кездейсоқ сол маңнан өтіп бара жатқанда еріксіз көз алдына елестейді.

Мұқан өткен жылдың қара күзінде қала орталығындағы «Алатау» сауда үйінен шық­қан өртті әлі ұмытқан емес. Дабыл түсе салысымен жедел­дете жеткен топ оператор бөл­месінен шыққан жалын ұясын тез анықтап, сөндіруге әрекеттенгенімен, от әп сәтте аумағы мыңдаған шаршы метр, биік ғимараттың шатырына қарай өрледі. Көрші ғимаратқа қарай өршіп кетуі әбден мүмкін еді. Оның үстіне, сауда орталығындағы сөрелерде тез тұтанғыш материалдар жеткілікті. Әйтеуір, ғимарат ішіндегі адамдар дер кезінде сыртқа шығарылды. Ара­лары бөлін­ген сауда нүктелерінің қа­быр­ғалары ағаштан қ­а­лан­­ғандықтан, өрттің кү­шею қаупі тым жоғары. №1 бөлімшенің бірнеше өрт өндіру техникасының күші жетпегендіктен, қала­да­ғы бар­лық өрт сөндіру қызметі тү­гел осы жерге жұ­мыл­ды­рыл­ды. Аз уа­қыттың ішінде көп­тің күшімен от сөн­діріліп, жа­лын­ның басқа ғи­ма­рат­тарға шарпуы­на жол берілмеді.

Өрт сөндіру қызметі – на­ғыз ерлер­дің жұмысы десек, бұл салаға білек пен жүректің күшін ұштастырған, қажет кезде басын қатерге тігіп тәуе­кел ете алатын азаматтар керек. Бұл маман­дық­тың ең маңыздылығы – адам өмірін сақтап қалуда. Абайсызда тұ­тан­ған сіріңкеден адамдардың жылдар бойы жинаған дүние-мүлкінің бір сәтте күлге ай­нал­ғанын көзбен көру де ауыр. Сондықтан да өрт сөн­дірушілер ересектерге үй-жайды ұзақ уақыт қараусыз, жас балаларды ба­қылаусыз қалдырудан абай болуды ескертуден жалықпайды. Өйт­кені көп жағдайда өрттің шы­ғуына адамдардың бейқам­ды­ғы мен салғырттығы себеп болып жатады.

Мұқан Әмір 2020 жылдың соң­ғы айында өзі қызмет ететін №1 ма­ман­дандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Осы қызметке келген жас қызметкерлерге он үш жыл адам өмірін құт­қарумен айналысып келе жатқан Мұқанның еңбек жолы үлгі. Ол қолы бос уақытында жаттығу залынан шықпайды. Өйткені өміріне қауіп төнген адамды құтқару, лапылдаған отпен арпалысу осалдың ісі емес. Өрт болып жатқан көп қабатты тұрғын үйлер мен ғимараттарға 20 метрлік су толы оқпанды иыққа іліп, автосатымен жоғары өрме­леу­ге қандай күш қажет­тігін бағам­дай беріңіз. Бұл тұр­ғы­да спорт­тың берер пайда­сы зор. Мұқан Әмір болса, бірнеше жылдан бері спорттың грепплинг, джиу-джитсу түрлерімен шұғыл­да­на­­ды. Отбасында 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған бақытты әке осылайша қай жағынан да қатарластарына үлгі. Өмірде айналасына шуақ шашып жүретін, жауапкершілігі мол, ісіне тиянақты, сөзіне берік Мұқан сияқты азаматтар қай кезде де керек-ақ.

 

Ақтөбе облысы